ҚоғамТОП

Креативті индустрия орталығы ашылады

Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізінде мәдени құндылықты дәріптеу негізгі мақсаттардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда цифрлық технолгия тетігін пайдалана отырып, рухани мұраларымызды жастарға насихаттаудың маңызы артып келеді. Өңірдің шығармашылық өкілдерімен кездескен облыс әкімі Ермек Көшербаев зиялы қауымның креативті идеялары мен ұсыныстарын тыңдады.

Еркін форматта өткен кездесуге шығармашылық адамдарымен қатар өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген жастар да қатысты.

Мәдениет саласының өкілдерін аймақ басшысы креативті бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Біздің жастар қазір цифрлық жүйенің тетігіне байланып, рухани құндылықтан қол үзіп бара жатқандай. Біз цифрлық технология тетігін тиімді пайдаланып, заман талабына сай өз қажетімізге жарата білуіміз керек. Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардағы мәдениеттің рөлін арттыруымыз қажет. Сонда ғана цифрлық жүйені кәдеге жарата аламыз. Алдағы уақытта шығармашылық өкілдері, өнер адамдары осы бағыттағы жұмысқа көбірек көңіл бөлсе. Бүгінгі кездесуден қорытынды шығарып, айтылған креативті идеялар мен ұсыныстарға қолдау көрсететін боламыз, – деді Ермек Көшербеав.

Кездесу барысында қатысушылар өздерінің креативті идеялары мен жоспарларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Айтыскер ақын Серік Қуанған ақындардың арнайы орталығы болса деген тілегін жеткізсе, қоғам белсендісі Аян Қалымбек Өскемендегі кинотеатрларда қазақ тілді мультфильмдер мен фильмдер жұртқа ыңғайлы уақытта көрсетілсе деген ұсынысын айтты.

Өзге де шығармашылық өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Бүгінгідей еркін форматтағы кездесулердің көп болғаны дұрыс. Облыс әкімінің өзі келіп шығармашылық өкілдерінің ұсыныстарын тыңдағанына мың алғыс! Енді мәдениет басқармасы шығармашылық өкілдерімен бірлесе жұмыс атқарып, бүгінгі айтылған ұсыныстар негізінде жұмыс істесе дұрыс болар еді, – дейді жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.

Бүгінгі таңда креативті индустрияны дамытудың маңызы артып келеді. Цифрлық технология тетігі арқылы рухани құндылықтың бағасын арттырып, жаңашыл шығармашылық идеяларды жүзеге асыру мақсатында Өскеменде креативті индустрия орталығы ашылатын болды. Бұл орталықта шығармашылық идеялар шоғыры цифрлық технология тетігі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

– Шығыс Қазақстан облысының орталығында алдағы екі-үш ай щамасында креативті индустриялық орталық ашылатын болады. Басты мақсат – руханият, өнер, білім, жалпы мәдениет саласындағы инвестициялық ерекшелікті, ерекше атмосфераны қалыптастыру, яғни өнерді нарыққа шығаруға жол ашу. Жалпы дамыған мемлекеттерде креативті индустрия ел экономикасына өзіндік үлесін қосады. Біз қазір бұл тұрғыда алғашқы қадамды жасадық деп ойлаймын. Бұл орталыққа барлық шығармашылық өкілдері шоғырланып, креативті идеяларын жүзеге асыратын болады, – дейді облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов.

Осы айдарда

Back to top button