Қоғам

Күре жолдың бойындағы Канонерка

Күре жолдың бойындағы Канонерка

Канонерка – Семейден 50 шақырым жерде, Керекуге баратын тасжолдың бойында орналасқан үлкен ауыл. Осы елді мекенде бүгінгі таңда 1500 адам тұрады. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, бау-бақша өсіреді. Әсіресе, мұндағы картоп пен саңырауқұлаққа деген сұраныс жоғары.

Ауылдық округтің әкімі Наталья Беленкова өз қызметіне осы жылдың тамызында кіріскен. Бұған дейін ол осындағы мектептің директоры болыпты, білім беру жүйесіндегі еңбек өтілі отыз жылға тақайды. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі.

– Маған осы қызметті бірнеше рет ұсынған болатын, бірақ мен бас тартып жүрдім. Оның да өз себептері болды. Өміріңе өзгерістер енгізгісі келетін кезеңдер болады ғой адамда, мен де жұмыс бағытымды ауыстырып, жерлестеріме титімдей болса да пайдамды тигізсем деген ниетпен мемлекеттік қызметке аяқ бастым. Осы ауылда сонау 1972 жылдан бері тұрып келемін, – дейді Наталья Геннадьевна.

Былтырдан бастап Канонерка ауылы тірек елді мекендер тізіміне енген. Содан бері мұнда «Тірек ауылы» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет қаржысына өрт сөндіру стансасы салыныпты. Қарағайлы орманның ортасында отырған ауылдың бұрын өз өрт сөндіру техникасы болмаған екен. Орта мектепте екі арнайы кабинет жабдықталған, бірі – химия, екіншісі – еңбек пәнінің кабинеті, сондай-ақ, оқу орнының қазандығына пеш орнатылған, мәдениет үйіне музыкалық аппаратура сатылып алынған.

Биыл ірі қара малды көбейту мақсатында жеке кәсіпкер Талғат Мұсабаев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге алған. Жол шетіне дәмхана да ашылған. Оның иесі Александр Тулубаев тамақтану орнын ашу үшін өз қалтасынан 15 миллион теңге қаржы шығарыпты. Сонымен қатар, ауылда «iSunPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пластикалық құбырлар жасайтын зауыт салу үстінде. Өндіріс орнының жобалық құны – 68 миллион теңге. Қазіргі кезде олар 52 миллион теңгені игерген. Зауыттың бір желісі дайын, енді екіншісі салынып жатыр.

Ауыл үстінен өтетін қара жол жөнделуде қазір. Сол құрылысты жүргізіп жатқан мердігер ұйым ауылдағы су жинағыш мұнараны қайта салып беруді міндеттеріне алған екен. Келесі жылы ауылда 12 миллион теңгенің балаларға арналған спорттық алаңы ашылады. Онда футбол және волейбол ойын алаңдары, айнала жүгіру жолағы орын теппек.

Жалпы, «Тірек ауылы» бағдарламасы шеңберінде атқарылған шаруалар мұнда аз емес көрінеді. Айталық, ауыл шетіндегі заңсыз қоқыс тастау орны жойылған, оған республикалық бюджеттен 1,5 миллион теңге бөлініпті.
Биыл көктемде ауыл тұрғындары қаржы жинап, клуб маңынан осы жердің тумасы, атақты Гастеллоның ерлігін қайталаған жауынгер Александр Белосуовқа арнап стелла орнатқан. Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар рухына арналған ескерткіш те тұрғындар есебінен жаңартылыпты. Клуб ішінде қызметкерлер күшімен өлкетану бөлмесі ұйымдастырылған.

Ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсіпкер А.Тоқтыбаев малдың терісі мен жүнін қабылдау орнын ашқан, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, ірі қара мен шошқаларға арнап бордақылау алаңын салған. Нәтижесінде бес жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Жеке кәсіпкер А.Тулубаев шағын құс фабрикасын ашуды көздеуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлер Е.Ганженко дәмханасын жөндеп шыққан, В.Цыкунова саңырауқұлақ консервілейтін шағын цех құрған, В.Запара ағаштан қаша, терезе жақтауларын, еденкемер (плинтус), күрек жасаумен шұғылдануда, ал Н.Середа шаштараз ашуды жоспарлап отыр. Осылардың арқасында тағы қосымша 8 жұмыс орны құрылыпты.

Ауылда абаттандыру, көгалдандыру бағытында да біраз іс тындырылыпты. Елді мекеннің бас жоспары әзірленген, көше бойларына шамдар орнатылып, қоқыс төгетін орын ашылған, сондай-ақ, көшелер мен жүргінші жолдары, мәдениет үйі, ауылдық әкімдік ғимараты жөнделген. Осы іс-шаралардың барлығына облыстық және аудандық бюджеттен 43 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті.

P.S. Ауылдың ішімен өтетін күре жолдың бойында қаздай тізілген дүңгіршектер бірден байқалады. Эстетикалық талғаммен жасалған бұл сауда нүктелері жекеменшіктің иелігінде, жергілікті халық өздері өсірген жеміс-жидектері мен көкөністерін, консервіленген өнімдерін осы жерден ары-бері ағылып жатқан жолаушыларға сатады. Ал бал қосылған қарағай жаңғағын осы өңірдің бренді деуге болады. Шығыс Қазақстанның Алматыдағы күндері аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде осы бір шипалы өнім бір сағаттың ішінде саудаланып кетіпті.

Ержан Әбіш

Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button