Қоғам

Көптен күткен Көз микрохирургиясы

Көптен күткен Көз микрохирургиясы


Семейге жұмыс сапарымен келген облыс əкімі Даниал Ахметов әуежайда істеліп жатқан жұмыстарымен танысып, Көз микрохирургиясы емханасының ашылуына қатысты.

– Мұнда бұрын шағын ұшақтарды қабылдауға ғана жағдай жасалған еді. Жаңғырту жұмыстарынан кейін әуежай алып әуе кемелеріне де қызмет көрсете алатын болады. Ол үшін ұшу-қону жолағы жөнделіп, жаңа сатылар мен басқа да жабдықтар қажет. Қазіргі ұшу-қону жолағы мен жарықтандыру жұмысы көңілден шығады. Әуежайдың ішкі интерьерін әлі де өзгерту қажет, – деп атап өткен аймақ басшысы Даниал Ахметов болашақта әуежайға Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың есімін беру жөніндегі елдің ұсынысына қарсы емес екендігін, бұл мәселеде бәрінен бұрын қарапайым халықтың пікірі ескерілетінін жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске қосылған медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысты. Бұл орталықтың қызметі бүгінде жоғары сұранысқа ие екенін білеміз. Өйткені семейліктер бұған дейін көзін емдету үшін Астана мен Алматыға баратын. Ал диагноз қою үшін ғана Өскеменге жол тартатын. Енді оның да шешімі табылды. Бұл жерде катаракта, глаукома сияқты ауру түрлерін емдеуге, көздің көру қабілетін лазермен түзетуге болады. Жаңа технологиямен жабдықталған клиникада емделушілерге барлық жағдай жасалған.

– Халықтың бұрыннан айтып келе жатқан өтініші бойынша жəне мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Көз микрохирургиясы клиникасын ашып отырмыз. Бұл жерде лазерлік коррекция арқылы емделуге болады. Осы игіліктердің барлығы халықтың денсаулығы үшін жасалып жатқан шаралар. Дәрігерлерді де шетелге жіберіп, оқытып жатырмыз. Біздің ел дамыған мемлекеттер қатарына қосылуы үшін осындай игі бастамаларды көбірек іске асыруымыз керек, – деді аймақ басшысы.

«Абай әлемі» кітаптар топтамасын таныстырды

Облыс әкімі келесі сапарын Абайдың мемлекеттік қорық-музейіне қарасты «Мұхтар Əуезов жəне Алаш арыстары музей үйінде жалғастырды. Бұл үйді заманында Абай атамыз Семей қаласына келгенде түсетін үй ретінде Əнияр Молдабаевқа алып берген еді. Музейде кейінірек Əлихан Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері тұрған. Қазір музей толық жөнделуден өтті.

Абайдың мемлекеттік қорық музейінің директоры Болат Жүнісов ескіден жеткен тарихи үйдің қазіргі қал-жағдайымен таныстырып өтті. Көзі ашық, көкірегі сәулелі әрбір адам үшін хәкім Абай мұрасының орны ерекше. Бұл орайда ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи ескерткіштердің тікелей мемлекет қамқорлығында болуының маңызы зор екенін атап өтті музей басшысы.

– Абай шаңырағына қарасты ғимараттардың күтіп ұсталуын мейлінше жақсарту мақсатында қорық-музейдің әкімшілігі Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жазып, оларға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру туралы өтініш жасаған болатын. Олардың ішінде атап айтсақ, Семейдегі бас музей орналасқан үй, ақын өмір сүрген XIX ғасырдағы көпес үйлері, ақынның 150 жылдық мерейтойына арнап салынған күмбезді ғимарат, музей ауласындағы кезінде Абай оқыған Ахмет-Риза мешіт-медресесі және Абай сатып әперген Әнияр Молдабаевтың үйі сияқты ғимараттар бар. Облыс әкімдігінің қолдауы арқасында арнайы комиссия отырысында бұл ұсыныс қаралып, мақұлданған. Сізге ризашылығымыз зор, – деген Абай мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков ұлы ақынның төрт тілге аударылған жинағын облыс әкіміне сыйға тартты.

Бұл күні Семейдегі Абай театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып, жазушы Медеу Сəрсекенің жетекшілігімен жарық көрген «Абай əлемі» кітаптар сериясының тұсаукесері өтті. Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген қуанышты сәтті облыс әкімі Даниал Ахметов семейлік зиялы қауым өкілдерімен бірге бөлісті.

Көптен күткен Көз микрохирургиясы

Облыс әкімдігінің қолдауымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан басылып шығып жатқан «Абай әлемі» топтамасына өңірдегі ақын-жазушылардың туындылары еніп отыр. Ондағы мақсат – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал ету, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғалар мен танымал ақын-жазушылардың туындыларын қайта жаңғыртып, шығару. Бес жылға арналған жоба 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Жоба аясында жыл сайын жаңа кітаптар шығарылып, оқырман қауымға жол тартады.

Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске жазушы КСРО-ның Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Медеу Сәрсеке жетекшілік етуде. Жобамен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ЖОО ғалымдарынан құралған жұмыс тобы және бірқатар мәдени мекемелер айналысуда.

– Абай əлемі жобасы дəстүр мен жаңашылдықты біріктіретін жоба. Жоспар бойынша биылғы жыл соңына дейін «Абай әлемі» кітаптар топтамасы аясында 10 автордың 16 кітабы, барлығы: 13689 дана кітап жарық көрді. Осы таныстырып отырған серияға Абай шығармаларының 1-2 томы қазақ, орыс тілдерінде, Шәкәрім шығармаларының 1-2 томы қазақ тілінде, М.Әуезовтің «Путь Абая» роман-эпопеясы 1-4 томдары орыс тілінде, М.Сәрсекенің «Взрыв», «Клад» романдары, А.Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романы мен Б.Щербаковтың шығармалары орыс тілінде және басқа да бірқатар авторлардың кітаптары жарық көріп, жинаққа кіріп отыр. Біз арығарай бұл істі жалғастырамыз, – деп нақтылаған облыс әкімі Даниал Ахметов салтанатты шараға жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, жазушы Медеу Сəрсекенің кеудесіне «Парасат» орденін тақты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Әлібек Асқаров «Абай әлемі» сериясының кітаптарына ризашылығын білдірді.

Жиын барысында Абай театрының сахнасында «Абай әлемі» жинағына кірген ақын-жазушылардың шығармасы желісінде сахналық көрсетілімдер қойылды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button