Қоғам

Көптен күткен «Балдәурен» балабақшасы ашылды

Көптен күткен «Балдәурен» балабақшасы ашылды

Кеше Өскемендегі №21 қосалқы мектептің жанынан 4-7 жастағы ерекше мұқтаждығы бар бүлдіршіндер үшін «Балдәурен» атты шағын балабақша ашылды.
Иә, мұндай орталықты өскемендік ата-аналардың армандап жүргені қашан. Әйтеуір сәрсенбінің сәтті күні көптен күткен арнайы балабақшаның да тұсауы кесілді. «Балдәурен» деп аталатын ерекше мұқтаждығы бар балаларға арналған шағын балабақшаның ашылу салтанатына ата-аналар, тәрбиешілер мен ұстаздар қауымы көптеп жиналды. Сонымен қатар, өңірімізде өтіп жатқан «Әртүрлі балалар – армандары бір» аймақаралық форумына қатысушылар да осынау қуаныштың куәсі болды.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайран Искакова №21 қосалқы мектептің базасындағы босаған артық алаңның бүгін, міне, балалардың игілігіне айналып отырғанын айтты. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ шешімімен 15 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. С.Искакованың айтуынша, мұндай орталық Астанадан кейін біздің облысымызда тұңғыш рет ашылып отырған көрінеді.
– Біз Мемлекет басшысының балаларға, оның ішінде ерекше мұқтаждығы бар бүлдіршіндерге ұдайы ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырғанын білеміз. Әлемдік тәжірибе ерекше мұқтаждығы бар балаларға неғұрлым ертерек көңіл бөлсе, олардың соғұрлым сауығу мүмкіндігі көп екенін көрсетіп отыр. Балалардың 90 пайызға жуығы өз қатарластарын қуып жетіп, сауығып кетеді, – деген С.Искакова барлық ата-аналар мен тәрбиешілерді қуанышпен құттықтап, облыс әкімі мен облыстық білім басқармасы атынан арнайы сыйлықты табыс етті.
Ғимаратқа өскемендік «Қызыл Барс» құрылыс компаниясы жөндеу жүргізген. Салтанатты шарада №21 қосалқы мектептің директоры Ерлан Қорабаев аталған құрылыс компаниясының жетекшісі Дәулет Әскербекұлын алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, ата-аналар атынан сөз алған Елена Булучевская да мүмкіндігі шектеулі балалар үшін осындай жағдай жасаған облыс басшылығына ерекше алғысын жеткізді.
Ал шағын балабақшаның тұсауын кесу рәсімі осы мекеменің тәрбиеленушілері – бес жасар Талшын мен алты жасар Бекарысқа бұйырды.
Жалпы, аталған орталық 28 балаға арналыпты. Балабақшада «Ботақан», «Балапан» атты екі қазақ, «Ласточка», «Родничок» атты екі орыс тобы бар.
– Бекарыс – менің үшінші перзентім. Аутизммен сырқаттанатынын көпке дейін білмедік. Сөйтсек, бұл кәдімгідей ми қызметі мен жүйке жүйесінің бұзылуынан туатын дерт екен ғой. Осы ұлымды қатты уайымдайтын едім. Қазір қуанып тұрмын. Мұндай балабақша бізге өте қажет, – дейді Бекарыстың анасы Ғалия.
Ал бес жасар Талшын аутизммен де, даунамен де ауырмайды. Ол тек зердесінің дамуы жағынан өз қатарластарынан сәл-сәл қалып келеді. Десе де Талшынның анасы Гүлжан Назарбекова қызының әлі-ақ өз қатарластарын қуып жетіп алатынына сенімді.
Бұл балалардың барлығы балабақшадан кейін өзіміздің мектепке қабылданып, білім алатын болады, – дейді №21 мектептің директоры Е.Қорабаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні аталған мектепте барлығы 160 мүмкіндігі шектеулі бала білім алып жатқан көрінеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button