Қоғам

Көптеген қызмет электронды әдіспен көрсетіледі

Көптеген қызмет электронды әдіспен көрсетіледі
Қазіргі таңда облыста бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 800 мың салымшысы бар. Жалпы жинақ сомасы 22 млрд. теңгені құрайды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Мамыралы Мәмбетов ағымдағы жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша негізгі көрсеткіштерге шолу жасап, саланы цифрландыру мақсатында атқарылып жатқан қыруар жұмыстарымен таныстырды.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 663,6 млрд. теңгеге немесе 9 пайызға өскен. Брифинг барысында мәлім болғандай, биылғы жылдың алғашқы жартысында салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 млрд. теңге болды. Жыл басынан бері табыстылық 4,5 пайызға жеткен. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды. Ал жылдық көрсеткішті алып қарайтын болсақ, қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы былтырғы шілде мен биылғы шілде аралығында 9,5 пайызды құрап отыр. Ал бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,9 пайыз болған.
Ағымдағы жылдың алғашқы алты айы ішінде зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 407,5 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Түсімдердің негізгі үлесі міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша елімізде 5,6 миллионнан астам адам Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударды.
Облыстық филиал басшысы Мамыралы Жұмабекұлы айтып өткендей, қор экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және зейнетақы жарналары бірнеше жыл бойы түспеген шоттарды белсенді ету мақсатында оларды өңдеу жұмыстарын қолға ала бастады. Салымшылардың дерекқорында 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ содан бері бір рет те жарна түспеген немесе тұрақты түсіп тұрмаған шоттар анықталған. Салымшылармен байланыс орнатылып, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.
«БЖЗҚ» облыстық филиалы операциялық бөлімінің басшысы Елена Душкинаның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 100,9 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 8,8 млрд. теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде БЖЗҚ-дан 121,2 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына 14,7 млрд. теңге төленді.
Жалпы төлемдер көлемінің азаюы төлемдерді ай сайын жүзеге асыру тәртібін енгізуге байланысты орын алып отыр. Бұл өз кезегінде төлемдерді алу уақытын ұзартуға және алушылардың жиынтық зейнетақысының көлемін арттыруға септігін тигізеді. Ал сақтандыру ұйымдарына жасалатын аударымдар көлемінің азаюына сақтандыру аннуитеті шартын жасау сомасының өсуі, зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдіктен айырылу, сақтандыру компанияларының ұсынатын шарттарының өзгеруі сияқты бірнеше себептері бар.
– Бүгінде елімізде «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Былтыр «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Осы келісім қазір өз жемісін беріп отыр, – дейді облыстық филиал басшысы. – Бүгінде аймақ тұрғындары көптеген қызметті электронды әдіспен ала алады. Барлық операциялардың 72 пайызы қазіргі таңда электронды-цифрлық әдіспен көрсетіледі. Біз негізі келісім шарт бойынша салымшыға жылына бір рет мәлімет беруге міндеттіміз. Ал қазір қызметтерді цифрландырудың арқасында салымшыларымыз кез келген уақытта өзіне қажетті мәліметті ала алады. Ол үшін салымшы келіп, қосымша келісім шартқа отыруы керек. Одан кейін компьютеріндегі жеке кабинеті немесе ұялы телефондағы қосымша арқылы шотындағы жинағы жайлы біліп отырады.
Көптеген қызмет электронды әдіспен көрсетіледі
Қазір салымшыға шот ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін алуға дейін электрондық форматта барлық негізгі қызметтерді көрсете алады. Зейнетақы жинақтарын сақтандыру компанияларына аудару және ерікті жарналар бойынша төлемдер алу секілді онлайн-қызметтер әзірленіп жатыр. Шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер, жерлеуге және мұрагерлерге берілетін төлемдер құжаттар ұсынудың ерекшелігіне байланысты электрондық сервистер қатарына енгізілмеді.
Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беруге, шоттан үзінді-көшірме алуға, жеке деректемелерге өзгеріс енгізуге, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш жолдап, оның орындалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар, салымшылармен, алушылармен өзара байланысты нығайту мақсатында «WhatsApp» қызметін енгізу жұмыстары жүргізілген. Бұл жаңа қызмет салымшыларға, оның ішінде шетелде жүргендерге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты қажетті ақпаратты автоматты түрде тез алуға мүмкіндік береді. Жаңа қызмет шілде айында іске қосылды.
Сала мамандары биылғы сәуір айынан бастап жеке және корпоративтік зейнетақы калькуляторын қолдана отырып, салымшыларға болашақ зейнетақыны жоспарлау бойынша кеңес беріп келеді.
Биылғы шілдеден бастап enpf.kz сайтының жеке кабинеті және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жаңа қызмет – ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қызметі іске қосылды. Оны пайдалану үшін салымшыларда электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button