Көпірді көптен күтіп жүрміз
Есманбек Ақтекенов,
Күршім аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы:
– «Дидар» газетінің биылғы 15 маусымдағы санында жарияланған «көпірді тосып жүргендер көп» атты мақаланы оқып, ойымды білдіріп отырмын. Бұл көптен бері халықтың көңілін күпті етіп жүрген толғақты мәселе еді. Енді сол айтулы проблеманың оң шешімі табылып жатса, құба-құп.
2015 жылдың ақпан айында өткен облыс әкімі Даниал Ахметовтің есепті жиынында мен аудан тұрғындары атынан сауал қойып, осы мәселені қозғаған едім. Сонда Даниал Кенжетайұлы көп ұзамай нақты жауап болады деген мәндегі қысқаша жауап қайтарған болатын. Сол жылдың тамыз айында облыс әкімінен кесімді жауап келді, онда осы құрылыстың бақылауда тұрғандығы, көп ұзамай қолға алынатыны туралы жазылған екен. Сол уәденің орындалатын күні де алыс емес сияқты.
Бұл жоба жүзеге асар болса, ең алдымен, жұрттың ауданнан көшіп кетуіне тоқтау болар еді. Бұрын сол уайыммен қоныс аударғандардың талайы «көпір салынса, Күршімге қайта көшіп келеміз», – деп ашық мәлімдеп отыр. Солай болатынына ешқандай күмәніміз жоқ. Бұдан басқа да көптеген толғақты мәселелердің оң шешімін табатыны сөзсіз. Ендеше, Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпірдің халық үшін баға жетпес игілік, мемлекет үшін стратегиялық маңызды нысан болары, сондықтан да бұл құрылыстың кезек күттірмейтін мәселе екендігі айтпаса да түсінікті.
Бақытхан Өлмесеков, Күршім аудандық мәдениет,
тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт
бөлімінің басшысы:
– Бұл мәселе талқыға түскелі қашан. Айтылып та, жазылып та әбден жауыр болған жай ғой бұл.
Ал енді «барша сараптамасы жасалып, аяқталуға таяу» дегенді оқығанда шынымен қуандым. Аудан халқы үшін көпірдің маңызы қандай болатынын айтып жатудың қажеті бола да қоймас. Өйткені, күршімдіктердің, тіпті көршілес өңірлер халқының тіршілігі ертеңгі күні осы нысанмен тікелей байланыста өркендемек.
Күршім мен Марқакөл аудандары біріктіріліп, бір аудан болған кезде тұрғындар санының 53 700 адам болғаны есімізде. Ал қазір ауданда осы қабырғалы қалың жұрттың жартысы ғана қалып отыр. Үдере көшуге өткел мәселесінің басты себеп болып отырғаны да рас. Осыдан төрт-бес жыл бұрын қалаға барып қайтудың қандай проблема болғанын күршімдіктер әлі ұмытқан жоқ. Паром өткеліндегі кезекте күні бойы тұрып, тіпті, кейде қонып қалып, әсіресе, балалы-шағалы жандардың қаншама бейнетке душар болғаны қазір де көз алдымызда. Сол кезде «ертең мүлде өте алмай қалармыз» деген үреймен талай жұрттың жедел ірге көтергені шындық.
Көпір салынса, халық үшін игілік пен жақсылықтың молаяры, кешегі көшіп кеткен ағайынның көбінің қайта ортамызға оралары даусыз. Ендеше, сол күнді барлығымыз да асыға күтеміз.
Кәдірбек Мұқанов, кәсіпкер:
– «Малдың жайын баққан біледі», – дегендей, көпірдің өте-мөте қажет дүние екендігін біз сияқты өткелден жиі өтіп, оның алуан тауқыметін тартып жүрген адамдар жақсы біледі. Өзім алғашқылардың бірі болып наубайхана ашып, міне, 17 жыл бойы күршімдіктерді нанмен қамтамасыз етіп келемін. Айтуға оңай, әйтпесе, бұл кәсіптің де қиыншылығы шаш-етектен десем, ол артық айтылған сөз бола қоймайды.
Біз алдымен өткелдегі паромға тәуелдіміз. Ол дұрыс жүріп тұрса, облыс орталығына барып қайтудың қиындығы жоқ, ал сынып немесе әлдеқандай себеппен тоқтап қалса, біздің шегер мехнатымыз сонда басталады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жекеменшіктің қолында болған паромдардың аудан жұртына қандай азап шектіргенін ойласақ, әлі күнге дейін жон арқамыз шымырлайды. Кешке дейін сарылып ұзыннан-ұзақ кезекте тұратынымыз, дау-жанжал, тіпті, төбелеске дейін баратын кездеріміз әлі есте. Ал сөйтіп ұзақты күн сарылып тұрғанда жаңбыр құйып кетіп, ашық көлікпен әкеле жатқан соңғы ақшамызға сатып алған ұнымыздың су болып, түкке жарамай қалған кездері де ұмытылған жоқ. Ал дүкендерде бір күн нан болмай қалса, халықтың нендей күйге түсетіні белгілі. Өткел қиындығының азық-түліктің, басқа да барша қажеттіліктердің бағасына кері әсерін тигізетіні және түсінікті.
Аудан, облыс басшыларына алғысымыз шексіз. Тек армандаған құрылыс тез арада басталып, уәделі мерзімде аяқталсын деп тілейік!