Қоғам

Көпірді қайта жаңартып берді

Көпірді қайта жаңартып берді


Қасиетті Рамазан айында Қарақол ауылының тұрғындары ерекше бір ізгілік амалдарын жасауда. «Байтүгел» шаруа қожалығының мүшесі Архат Өтепов ауылға кіреберісте құны үш миллион теңгенің аркасын бастаса, 2007 жылы мектеп бітірген түлектер өздерінің онжылдық кездесуіне орайластырып, Қарақол өзенінің үстінен өтетін кішкене көпірді қайта жаңартты.

Салынғанына қырық жыл болған көпірдің негізгі діңі мықты болғанымен, еденінің тақтайлары ескіріп, қос қапталы қараусыз, сырланбай тұрған еді (суретте). Ал осы Қарақол ауылының алғаш қазығын қағушылардың бірі Еркінбековтер әулеті үлкен көпірдің үстінен аспалы доғалар жасап, жүз түп алма ағашын отырғызды, автобус аялдамасын тұрғызды.

Қасиетті Рамазан айы басталысымен мешіт пен ауыл әкімшілігі бірігіп, ораза тұтқан барша ауыл халқына ауызашар берді. Жақсы іске мұрындық болар адам табылысымен-ақ орталық қатымханаға ауызашар берушілер кезекке тұрды. Ғалиқайдар Бәкімбаев, Жеңісхан Нұрғалиева, Әсет Жұмашев сынды азаматтар аруақтарға бағыштап Құран қатым түсірді. Бір айта кетерлігі, Берікбол қажы Баязитов қатымхананы Рамазан айында тегін беруге шешім қабылдапты.

-Туған жерге деген құрмет, туған жерге деген ізгі ниет біздің Қарақол жастарының бойында атойлап тұр, -дейді Берікбол қажы Баязитов.- Енді ауыл әкімі Марат Мұсабаев бауырымыз Алматы- Өскемен күре жолынан ауылға дейінгі екі аралыққа жыл он екі айдың символдарын қоймақ. Ол үшін қазір мұғалім Ержан Шотбасұлы арқар мен иттің бейнесін жасап қойды. Ал Меруерт Халитова жылқының мүсінін сомдауда.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button