Көпке ұнаған Зоя келін

Күршімнің байырғы тұрғыны Зоя Исабаеваның туып-өскен жері – Ресейдің Астрахань қаласы. Исабаев – күйеуінің тегі, өзінің тегі Лукоянова болған.
– Марқұм жолдасым екеуіміз 1971 жылы Семей техникумында оқып жүргенде таныстық. Мен шұжық өндірісі мастері, Бекен тоңазытқыш мастері мамандығын игердік. Ақыры, шаңырақ көтеруге келісіп, бірге Күршімге келдік. Сол уақытта Күршімде май зауыты ашылып жатқан, Бекен мамандығы бойынша орналасып, зауыт жабылғанша ұзақ жыл еңбек етті. Зейнетке шыққанша біраз жыл банк күзетшісі болған ол 2017 жылдың қазанында дүние салды, –дейді Зоя Исабаева.
Ол Күршімге келгеніне еш өкінген емес. Ашық-жарқын, қарапайым, көпшіл келіншек келген бойда жұртқа ұнап, көп дос тапты. Бастапқыда үдірейе қараған Ақсуат тұрғындары (Бекен сол ауылдың тумасы) әрі-беріден соң «өзіміздің Зоя» деп жақын тартты. Келген жанды күліп қарсы алып, жатырқамай шайын беріп жататын орыс келін тез-ақ бедел жинап үлгерді. Сол абыройын Зоя төмендеткен емес. Қазір Күршімде оны білмейтін адам жоқ.
Қай мекемеде істесе де Зоя Исабаева ұқыптылығымен, еңбексүйгіштігі, ынталылығымен және тез тіл табысатын биязы мінезімен көпке ұнап, төрден орын алып жүрді.
– Алғаш келгенде бес жыл аудандық поштада еңбек еттім, – дейді Зоя Ивановна. – Одан соң аудандық жол пайдалану учаскесінде тоғыз жыл кассир болыпжұмыс істедім. Сонда жүріп Қарағанды есеп техникумын сырттай бітіріп, бухгалтерлік жұмысқа орналастым.
Мемлекеттік банк филиалында 16 жыл бухгалтер болып қызмет істегенде Зояның бірде-бір рет қателік жіберіп, есептен жаңылып көрмегенін әріптестері жыр қып айтады. Бұдан соң жаңадан ашылған «Сарытау» несие серіктестігінде бес жыл тер төккен есепші сол мекемеден зейнетке шықты. Білікті маманға сұраныс болмай тұра ма, зейнетке шыққан З.Исабаеваны «Өскемен-құрылыс» ЖШС басшысы Е.Сқақов жұмысқа шақырып, осы серіктестікте сегіз жыл қызмет атқарды.
Екі қызы Гүлнәр мен Альбина жақсы оқып, жоғары білім алды. Бүгінде олар үлгілі отбасы атанып, екі-екіден ұл өсіріп отыр. Гүлнәр – әскери дәрігер, елордада тұрып жатыр. Жолдасы Талғаттың шені – полковник. Ал Альбина Қарағандыда, оның екінші ұлы Дамир әжесінің қолында, Күршімдегі әуе қорғанысы бөлімінде әскери қызметші. Жақында кішкентайлы болған ол әжесін қуанышқа бөлеп отыр.
– Әріптестеріммен араласып тұрамын, – дейді Зоя Ивановна. – Бәрі құрметтейді, бас қосқан кезде шақырып жатады. Өзіммен араласып келген адамдардың баршасына айтар алғысым шексіз. Алғаш келгенде қобалжу, сәл бөтенсу сияқты сезімнің болғаны рас, бірақ көп ұзамай араласып кеттім. Мен отбасындағы жалғыз баламын, қазаққа тұрмысқа шығып, алыс өңірге аттанып бара жатқанымда ата-анам қатты уайымдап қалған болатын. Кейін Күршімге кеп, құдаларымен, мұндағы қауыммен етене танысқан соң, олар менің қадамыма қуанды. Осында тірлік кешкен 48 жылда ешкім «өзге ұлтсың» деп кеудемнен итерген емес. Бұл – қазақтың бауырмалдығының, ұлтаралық татулыққа ден қойып отырған саясаттың жемісі. Берекелі де тату елде тұрып жатқаныма тәубе! Ендеше, бірлігімізден айнымайық, келешек ұрпақ жамандық көрмесін!
Зоя әжейдің бұл тілегін барша аналардың тілеуі деп қабылдадық. Лайым, сол тілектер қапысыз орындала бергей!
Хасен Зәкәрия