Қоғам

Көпбалалы аналарды қолдау 1 сәуірден басталады

Көпбалалы аналарды қолдау 1 сәуірден басталады


Бұл жөнінде облыс орталығына жиналған төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналарды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметов айтты.

–Бүкіл әлем аналармен бақытты. Менің де анам қырық алты жыл мектепте ұстаз болған ардақты жан. Сіздер қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрсіздер. Сіздерге бүгінгі мерекеде айтар басты жаңалығым, Елбасы көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті алдында жоспарланғандай биылғы 1 шілдеден емес, алдымыздағы 1 сәуірден бастап кетуге шешім қабылдап, қажетті құжатқа қол қойды. Сіздер үшін мемлекет әрқашан барлық қамқорлықты жасайтын болады, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов сонымен бірге, өңірдің өзінің де көпбалалы аналарды қолдауға арналған кешенді бағдарламасы әзірленгендігін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, аталған бағдарламада оқушылар формасын сатып алып беру, тегін ыстық тамақпен қамту, колледждерде тегін білім алуға жағдай жасау, жертелімдерін бөлу және көпбалалы отбасыларға жеке ісін ашуда қолдау көрсету, оның ішінде қайтарымсыз гранттар ұсыну қарастырылған.

– Бұл қадамдар көпбалалы аналар үшін тамаша сый болмақ. Енді олардың балалары балабақшаға тегін барады. Бұл айтылғандар аз қамтылған көпбалалы аналарды қолдауға арналған өңірлік бағдарламаның бір бөлігі ғана. Өздеріңіз білесіздер, біздің халқымыз ананы ерекше құрметтейді. Ер адам үйдің тірегі деп жатамыз. Ол үй салуы, жақсы табыс әкелуі мүмкін. Алайда үйге бақыт әкелетін жан – ол тек әйел ғана, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов.
Кездесуде «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы, төрт баланың анасы Жұлдыз Ақтанжанова облыс әкіміне ізгі тілегі және қамқорлығы үшін өңірдегі барлық аналардың атынан алғыс айтып, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелері шешілетіндігіне сенім білдірді.

– Біздің бірлестік 2019 жылдың 6 ақпанында құрылды. Бұл әлеуметтік немесе волонтерлік жұмыс емес, біз ана мен баланы қорғау жөніндегі үлкен заң жобасының әзірленуіне қатыстық. Ол заңгерлердің, журналистердің, аналардың қатысуымен әзірленді, енді Парламентте және әлеуметтік қорғау министрлігінде қаралатын болады. Онда тек жәрдемақы төлеу, жол жүруге төлем, балаларды оқытуға қолдау ғана емес, сонымен қатар жалғызбасты аналардың, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған әйелдердің және мүмкіндігі шектеулі аналардың мәселелерін шешу қарастырылған. Бұдан былай ана мен балаға қоғамның көзқарасы мүлдем өзгеретін болады, – деді өз сөзінде Жұлдыз Ақтанжанова.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button