Көпбалалы аналардың мәселесіне көңіл бөлетін кез келді

Астанада өртенген лашықта ажал құшқан бір үйдің бүлдіршіндей бес қызының қазасы елді есеңгіретіп тастады. Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан кейін іле-шала Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе сияқты қалаларда көпбалалы аналар жергілікті атқарушы билікке арыз-шағымдарын айтып, жылдар бойы қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етіп, жиындар өткізді.
Жасыратыны жоқ, елімізде көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау керемет деп айта алмаймыз. Оның бір дәлелі, Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылында «времянканы» паналап отырған Әйгерім Әлімжанованың жағдайы. 33 жастағы Әйгерім төрт баланың анасы. Бертінге дейін онымен бірге күйеуі қайтыс болған апайы үш баласымен тұрып келді. Яғни екі жас ана шиеттей жеті баламен бір бөлмелі «времянкада» тұрып келді. Жуықта ғана апайы сол маңнан басқа жер үйді жалға алып, 25 мың теңге төлеп тұрып жатыр. Әйгерімді жолдасы төрт баламен қалдырып кеткен. «Алимент төлейтін жағдайы жоқ, жұмыс істемейді, өзі науқас» дейді. Балалардың кішісі екі жарым жаста. Алдағы уақытта балабақшаға қабылдайтын болса, жұмысқа кіруді ойлап жүр екен. Екі банкте төленбеген несиесі бар. Әйгерімге азық-түлік, киім-кешек әкеліп жатқан жандар да жоқ емес.
– Екі жылдан бері үйінің алдындағы уақытша баспанада тұруыма рұқсат берген кәсіпкер азамат Әлібек Мамытовқа алғысым шексіз. Кешеден бері медициналық колледждің студенттері, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қыздары келіп көмектесіп жатыр, – дейді Әйгерім. Қол ұшын бергісі келетін жандар болса мына телефон нөміріне хабарласуға болады: 87779553506.
Қасымбекова Лаура есімді алты балалы ананың отбасылық бюджетін есептеп көрсек. Ауданы 30 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерде сегіз адам тұрып жатыр. Пәтерақысы 40 мың теңге, электр қуатына үш мың төлейді. Үш студент баланың екеуі стипендия алады, біреуінің оқуына ай сайын 45 мың теңге төлейді. Оған қоса жолы мен тамағына екі мың берсе, оқушы қызының жол ақысы тағы бар. Ал үйдегі бір жарым айлық нәрестеге апта сайын 2600 теңгеге қосымша тамақ сатып алады. Бұл отбасының алатын жәрдемақысы – биылғы өскенімен 10 500 теңге.
Осы мақаланы жазу барысында көпбалалы аналарды іздестірген едік, телефонға тыным болмады. Хабарласқан аналардың бәрінің айтатыны біреу – жәрдемақы бір жасқа дейін ғана емес, бала үш жасқа толғанша төленсе. Ең бастысы – жәрдемақыны өсіру. Көпбалалы аналар баспанамен қамтылса. Бүгінгі күні «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне 16 мың теңге төленсе, төрт-бес баласы бар аналар айына 10 мың теңге алады. Қазіргідей қымбатшылық заманда он мың теңгемен қай жыртығын жамасын?!
Күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек, отын-көмір, тұрмыстық тауарлар, дәрі-дәрмек сатып алумен қатар, әр отбасының мойнында пәтер ақысы, жол ақысы, жарық, су, жылу, байланыс төлемдері, студент баласы болса оның оқу ақысы, ол аз десеңіз банктен алған несиесі тағы бар. Бұл әрине, әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысу, кино, театр, музей сияқты мәдени орындарға бару, салауатты демалыс өткізу шығындарын қоспағанда. Ал енді 10 мың теңге жәрдемақы алатын көпбалалы ана осындай игіліктерді қалай пайдаланбақ? Жауап беру қиындау. Жәрдемақы жетпегендіктен, аналар қазір ерлерден қалыспай еңбек етуге мәжбүр. Сонда баланың тәрбиесі, бос уақытын тиімді өткізуі қайда қалады? Онымен кім шұғылданады? Ана сүтінен ерте ажырап, не ішер тамаққа, не киер киімге жарымаған, сабаққа баруға аяқ киімі жоқ, суық еденде ұйықтап жүрген балалар күні ертең бәсекеге қабілетті жастар қатарына қосыла ала ма?!
Жәрдемақы тым аз
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкованың айтуынша, қазір облыста 26 мыңнан астам көпбалалы отбасында 150 мың адам тұрады. Бұл өңір халқының шамамен 10%-ы. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алатын аналар – 14 381. Олар алатын жәрдемақы – 16160 теңге. Бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (23 жасқа дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде білім алатын балалары бар 9 541 көпбалалы ана 10504 теңге арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Сонымен қатар отбасы бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы алады. Оның мөлшері бір баладан үш балаға дейін перзенті бар болса 95 950 теңге, төрт және одан көп баласы болса 159 075 теңге төленеді. Соңғы үш жылда жәрдемақы 38 пайызға өскен. Осы мақсатта былтыр бюджеттен 41 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жұмыс істемейтін аналар үшін бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы: бірінші балаға – 14 544 теңге; екінші балаға – 17 196 теңге; үшінші балаға – 19 822 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 22 473 теңге. Ал босануға дейін жұмыс істеген аналарға бала күтіміне берілетін жәрдемақы – соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайыз мөлшері. Ол былтыр орташа есеппен 32 361 теңге болды. Ал жүктілік пен бала босануға берілетін жәрдемақы мөлшері анасының соңғы бір жылдағы орташа табысына байланысты.
Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында былтырдан бастап жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек бұрын қолданыста болған төмендегі жәрдемақылардың орнына беріледі:
– төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
– аз қамтылған отбасылар үшін 18 жасқа дейінгі балаға төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
– аз қамтылған үй шаруашылықтарына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.
Кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшерінің (29 698 теңге) 50 пайызынан төмен отбасыларға берілетін жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек екі түрге жіктеледі: шартты және шартсыз ақшалай көмек.
Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ барлық отбасыларға (мүгедектер немесе егде зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке жарамды мүшелері белгілі себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылар жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуы талап етілмейді. Тоқсан сайын тағайындалады.
Ал шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға, әлеуметтік келісімшарт жасасуға және барлық жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуына байланысты беріледі. Ол үшін өз атынан немесе отбасының атынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін округ әкіміне немесе халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш беру керек.
– Былтыр атаулы әлеуметтік көмекті 6 854 отбасы алды, оның ішінде 2020 отбасында төрт және одан да көп баласы бар. 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сомасы 1507,1 млн. теңгені құрады, төлемнің орташа мөлшері 3984 теңге. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алуға 484 отбасы өтініш білдіріп, оларға 18,6 млн. теңгенің көмегі тағайындалды. Бұл мақсаттағы қаржыландырудың жылдық жоспары 1,4 млрд. теңге, – деді басқарма басшысы Елена Старенкова. – Одан бөлек аз қамтылған отбасылар бір реттік әлеуметтік көмек алуына болады. Қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімімен бұл мақсатқа жыл сайын қаражат бөлінеді. Мұндай көмек емделуге, отын-көмір, киім-кешек сатып алуға, баспанасын жөндеуге беріледі.
Сонымен қатар жыл сайын 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай облыстық бюджеттен барлық көпбалалы анаға 12 625 000 теңге көлемінде біржолғы төлем көрсетіледі. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен көпбалалы аналарға 309,9 млн теңге бөлінген.

Басқарма басшысының айтуынша, көпбалалы отбасылар үшін кәсіп ашуға да жағдай жасалған екен. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы еңбекке қабілетті отбасы мүшесінің «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік береді. Оқу кезінде стипендия төленіп, бизнес-жоспар жасауға, мемлекеттік кепілдік арқылы шағын несие алуға көмек көрсетеді. Былтыр осындай мақсаттағы шағын несиеге 4 884,5 млн теңге бөлінсе, қайтарымсыз негізде 64,5 млн. теңгенің гранты берілген.
Зейнетақы шотындағы ақшасын ала алмайды
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санаты бойынша 906 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Басқарма басшысы Елена Старенкованың пікірінше, «Мемлекеттiк наградалар туралы» Заңға сәйкес «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар ғана белгіленген нормалар бойынша тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» облыстық филиалы басшысының орынбасары Қарлығаш Науанқызының айтуынша, көпбалалы аналар 53 жастан зейнеткерлікке шыға алады. Бірақ толық зейнеткерлік жасқа жеткенше жинақтаушы зейнетақы шотындағы ақшасын ала алмайды, тек ынтымақты зейнетақыны алады. Бүгінде республика бойынша 322 мың әйел осы құқыққа ие болды. Дегенмен, олар жұмысын жалғастыра беретін көрінеді.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жағдайымен танысып, жан-жақты қолдау жұмыстары жалғасын табады. Бұл санатқа толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да кіреді. Барлық аудан әкімдіктері мен жұмыспен қамту орталықтарына тұрғындарды мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар ету айлығын өткізуге тапсырма берілді. Материалдық қолдауды қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылар жеке кеңес алу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 75-13-16, 75-17-99 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады. Ал ауыл тұрғындары әлеуметтік қолдау түрлері бойынша қажетті ақпаратты жұмыспен қамту орталығынан немесе ауылдық округ әкімінен алуына болады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев айтып өткендей, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау жалпыға міндетті оқу қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осы мақсатқа биыл 1 млрд, 371 млн, теңге бөлінген. Бұл қаражат білім беру мекемесінде оқитын әр балаға мектеп керек-жарақтарын, мектеп киімдерінің жиынтығын, спорттық киімдер мен аяқ киімдер сатып алуға жұмсалады. Осы санаттағы барлық балалар мектеп асханаларында тегін тамақтанады және үйірмелер мен секцияларға қатысады, жазғы сауықтыру лагеріне жіберіледі.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында меценаттардан көмек алады. Аталмыш акция аясында биылғы оқу жылында 30 мың балаға 185 млн. 586 мың теңге көмек көрсетілген. Тоғызыншы ақпанда «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы басталды. Акция аясында облыс бойынша 1859 кәмелетке толмаған баласы бар 406 көпбалалы отбасыға көмек көрсетілді.
Қалалық және аудандық білім бөлімдерімен көпбалалы отбасылардың балаларын балабақшамен қамтуда жеңілдік жасау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Семей қаласындағы 18 жекеменшік балабақша 49 баланы төлемақыдан босатты.
«Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық беріліп, колледждерде бюджет қаражатының есебінен орындармен қамтамасыз етіледі.
Аналарды қолдауда акциямен шектелмесек игі еді
Өңірімізде өрт оқиғалары азаймай тұр. Биылғы бір айда ғана облыста 99 өрт болып, екі адам тілсіз жаудан көз жұмды. Астанадағы қайғылы оқиғадан соң алдын алу шаралары да белсенді жүргізіліп жатыр. Инспекторлар жер үйлер мен «времянкаларды» аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттық парақтар таратып, қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда пешті, мұржаны жөндеуді ескертіп жүр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Амангелді Шәріпжанұлының айтуынша, аз қамтылған және жалғызбасты қариялар, мүгедек жандар тұратын 1034 отбасын есепке алып, алдын алу, тексеру жұмыстарын жүргізген. Биыл «Өрт сөндіруші» АҚ-ның облыстық филиалымен бірлесіп газдан болатын иіс тиюден сақтандыратын 20 аспап орнатуды жоспарлапты. Былтыр пеш түтіні мен газдан сақтандыратын осындай 58 аспап Өскемен, Семей қалалары мен Үржар ауданындағы жер үйлерде тұратын аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының баспанасына орнатылған. Пештен шығатын газ түссіз, иіссіз болғандықтан оны тұрғындар байқамай қалады. Ұйқыда жатып уланып қалатыны сондықтан. Бұл құрылғының ерекшелігі сол – бөлмеге улы газ тарала бастағанда-ақ дабыл қағып, ескертеді.
Премьер-Министрдің өкімімен азаматтардың табыстылығын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін арнайы республикалық топ құрылғаны белгілі. Оның төрағасы – Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев. Қазір облыстың құзырлы органдары республикалық топтың қарауына көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша ұсыныстарын әзірлеуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» десе, Ата Заңымызда «Мемлекеттің басты байлығы – адам» делінген. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан тиісті сала басшылары әлеуметтік мәселеге айрықша мән беріп, ана мен баланы барынша қолдауы тиіс. Ана мен баланың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін уақытша өткізілетін акциялар аздық етеді. Қолдау шаралары құзырлы министрлік тарапынан заң жүзінде жүйелі жүргізілуі тиіс.
Айжанат Бақытқызы