Қоғам

Көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау күшейтіледі

Көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау күшейтіледі


Биылдан бастап өңіріміздегі көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы аналармен өткен кездесу барысында мәлім етті.

Көпбалалы аналардың аймақ басшысына қойған сауалдары негізінен баспана, медициналық көмек, жұмыспен қамту, бала күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақыны өсіру, қосымша білім гранттарын бөлу жайында болды.

Облыс әкімі кездесуге қатысқан барлық көпбалалы ананың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайтындығын айтты.

Бұдан былай көпбалалы отбасылардың мүшелеріне сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Ана мен бала денсаулығы» акциясы басталып та кетті. Аталмыш шараның аясында көпбалалы отбасылар тегін медициналық көмекке жүгіне алады. Соңғы үш жылда 22 миллиард теңгеге ең озық медициналық қондырғылар орнатылды. Сондықтан ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Өскемен мен Семей қалаларындағы Ана мен бала орталықтары және Алтай, Аягөз қалаларындағы перзентханалар әлемдік стандарттарға сай.

Тағы бір қуанышты жаңалық – аталған санаттағы аналар балабақшаның ай сайынғы төлемінен босатылатын болады. Ол үшін қаражат бюджеттен бөлінеді. Бұл Елбасының тапсырмасы. Көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 22 мың теңгеден мектеп формасын алу үшін облыс бюджетінен 500 миллион теңге қаржы қосымша бөлінеді.

Ал өзінің жеке кәсібін ашуға ниет білдіретін көпбалалы отбасылардың шағын несие алуға мүмкіндігі мол. Ол үшін облыс бюджетінен 337 миллион теңге бөлінді. Оның бір ерекшелігі – несиенің 85 пайызы мемлекеттің кепілдігімен беріледі. Мәселен, көпбалалы отбасының отағасы немесе ересек баласы жеке кәсіппен айналысамын десе, осы мүмкіндікті пайдалана алады. Егер келесі жылы осы қаражат жақсы игерілетін болса, онда тағы көбейтіледі. Сонымен қатар қайтарымсыз негізде гранттар да беріледі. Бұл мақсатқа 68 миллион теңге қарастырылған.

-Көпбалалы аналарды қолдау уақытша қайырымдылық шарасы ретінде болмауы керек. Мұндай шағын несие арқылы сіздерге бір реттік материалдық көмек қана емес, отбасылық кәсібіңізді ашуға мүмкіндік береміз,-деп атап өтті Даниал Ахметов.

Білім саласына тоқталатын болсақ, жоғары оқу орындарының гранттарын бөлген кезде көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық берілетін болады. Кездесу барысында комммуналдық қызмет төлемдеріне жеңілдік жасау, балаларына қосымша білім беруді тегін ұйымдастыру, жәрдемақы мөлшерін көтеру, оқушылардың қоғамдық көлікте жол жүру ақысы сияқты түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмады.

-Облыс әкімі Даниал Ахметовтің көпбалалы аналармен арнайы кездесіп, түйткілді мәселелерін шешу үшін қомақты қаражат бөліп отырғанына өте қуанышымын. Айтылған басқа да ұсыныстар іске асады деп сенемін. Оқу гранттары бөлінетін болды. Бес балам Зәки Ахметов атындағы мектепте оқиды. Тамақтары тегін. Екі кіші балам үйде. Менің баспанам бар, бірақ баспанасы жоқ көпбалалы аналар өте көп. Сондықтан баспана мәселесі қарастырылса. Жаңа айтылғандай көпбалалы отбасылардың кәсіппен айналысуына да мүмкіндік беріп отыр. Балаларды аяғынан тұрғызу үшін бұл мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?- дейді жеті баланың анасы Мәдина Санбаева.

Кепілдік берілген әлеуметтік қамсыздандыру тізіміне көпбалалы отбасылардың колледжге түскен баласы тегін білім алып қоймай, сонымен қатар стипендия алып, тегін тамақпен қамтылатын тармақ енгізілуі мүмкін.

Облыс әкімі атап өткендей, кездесуде айтылған маңызды пікірлер мен жобалар негізінде бір айдың ішінде ұсыныстар әзірленіп, жүйелі шешім қабылдауы үшін Үкімет қарауына жіберіледі.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button