Көпбалалы аналарға айрықша көңіл бөлінеді

Облыста биыл көпбалалы аналардың отбасына тиісті барлық жағдай жасалады. Мұнымен бірге ең төменгі күнкөріс шегінің деңгейі де жоғарылап, жалақысы төмен мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік саладағы азаматтық қызметкерлердің еңбекақысы да көбейеді.
Бұл жөнінде кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен, «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі бағдарламасында мәлімдеген негізгі міндеттерді түсіндіруге, соған орай аймақта алда тұрған шаруаларды пысықтап, саралауға арналған облыс активінің мәжілісінде айтылды.
Актив жұмысына Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников және селекторлық режимде облыстың қалалары мен аудандарынан барлығы бес жүзден астам адам қатысты.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс бюджеті әрқашан әлеуметтік басымдыққа ие болып келе жатқанын, жыл сайын өңір қазынасының елу пайыздан астамы немесе 230 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталатынын атады.
– Елбасы бірінші кезекте кірістерді арттыру мен тұрғындардың аз қамтылған топтарын қолдауға ерекше мән беріп отыр. Бұған жататын бюджеттік сала қызметкерлері (денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы) облыста алдын ала болжам бойынша 84,5 мың, ал мемлекеттік қызметшілер 3,6 мың адамды құрайды. Президент олардың жалақысын 2019 жылдың 1 шілдесінен 30 пайызға дейін, аудан, облыс деңгейінде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін, аз жалақы алатын атқарушы органдар қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға дейін арттыруды тапсырып отыр. Олардың жалақысын көтеру үшін республикалық бюджеттен қажетті қосымша қаржы мөлшерін есептеп, дайындауды орынбасарларым Алмасхан Сматлаев пен Әсем Нүсіповаға және экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырамын, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы аз қамтылған азаматтар санаты мен табысы аз көпбалалы отбасыларға айрықша көңіл бөлуді тапсырғанын жеткізді.
Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатындар (АӘК) саны 38,2 мың адам болса, оларға 1,4 млрд. теңгенің көмегі көрсетілмек. Президент тапсырмасына сәйкес, АӘК тағайындау тетігі де өзгереді. Біріншіден, биылғы 1 шілдеден күнкөріс минимумындағы кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға немесе 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артады. Екіншіден АӘК алатындар ішіндегі әр балаға 20 789 теңге көлемінде бекітілген кепілді сома төленбек. Бұл күнкөріс минимумының 70 пайызы. Сондай-ақ АӘК тағайындау рәсімдері де жеңілдетіліп, тек жеке төлқұжат қана сұралатын болады. АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасылардың, көпбалалы марапатталған аналардың, мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы, оқушылардың шәкіртақысы есепке алынбайды. Аймақ басшысы атап өткен тағы бір жағымды жаңалық ағымдағы 1 шілдеден бастап мүгедек баланы бағу бойынша және 18 жастан жоғары бала кезінен бірінші топтағы мүгедектікке берілетін жәрдемақы мөлшері де 30 пайызға артатын болмақ.
– Сондықтан жоғарыда аталған санаттарға жататын отбасыларды анықтауды ағымдағы 1 сәуірге дейін аяқтауды тапсырамын. Елбасы тапсырғандай, біздің мақсатымыз – әр отбасыны назардан тыс қалдырмай, жәрдемақы тиесілі барлық азаматтарды қамтамасыз ету, – деді активте облыс басшысы.
Бұдан бөлек «Бақытты отбасы» партиялық жобасының міндеттерін ескере отырып, облыс әкімінің тапсырмасына орай аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді бағдарламасы әзірленген. Ол бойынша көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасылар балабақша төлемінен босатылады, олардың саны бізде 3518 бала. Бұған облыс қазынасынан 266,4 млн. теңге бөлінеді.
Мұнымен бірге жаппай оқыту қорынан қосымша 500 млн. теңге аз қамтылған отбасылардан шыққан 28 700 балаға мектеп формасын алу үшін беріледі. Осының ішіндегі 8638 бала көпбалалы отбасылардан шыққан балалар.
– Тағы үш млрд. теңгеден кем емес қаржы өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шығып, колледждерде оқып жатқан студенттердің шәкіртақысына, ыстық тамақпен қамтылуына және оқуына бағытталатын болады. Біздің бағалауымызша, бұл 4200 баланы қамтиды. «Тиімді жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуда басымдық көпбалалы отбасыларға беріледі. «Асыл ана» өңірлік бағдарламасы бойынша ауылдағы көпбалалы аналар 4 пайызбен кепілдіксіз несие де ала алады, – деген облыс әкімі активке жиналғандарға партияның съезінде айтылған ауылды, ондағы кәсіпкерлікті дамыту, білім мен денсаулық саласын жаңа деңгейге көтеру, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу, ЖОО сапасын арттыру, өңірлерді газдандыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне де тоқталып, олар бойынша қолға алынған шаруаларды жан-жақты баяндап берді. Осы шаруалардың бәрінің сапалы іске асырылуында партияның алатын орнына тоқталып, «Нұр Отанның» барлық қалалық, аудандық филиалдары қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейтуі, тұрғындармен кері байланысты барынша дамытуы, айтылған міндеттерді іске асыруда бақылауды арттыруы, жастарды іске көптеп тартуы керектігін атап айтты.
Актив мәжілісінде жарыссөзге шыққандар облыс әкімінің айтқандары бүгінгі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді дөп басқанын, оларды шешудің жолдарын анық та нақты көрсеткенін атады.
Солардың бірі – Зайсан ауданының Қаратал ауылында «Ақбай» шаруа қожалығының шаруасын шалқытып отырған көпбалалы ана Сәулеш Абылғожина. Жолдасынан ерте айырылған ол жеті баланы бір өзі өсіріп, жеткізіп, бүгінде ата кәсіп мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Аудандағы қайырымдылық істеріне үнемі қатысатын Сәулеш 25 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Партия съезінде айтылған міндеттер, облыс әкімінің бүгінгі айтқандары көңілімізді толтырды. Әсіресе көпбалалы аналарға деген қамқорлыққа разы болдық. Ауылда еңбек етем деген жанға мүмкіндік, қолдау бар. Сондықтан ауылға келуге шақырамын. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы 30 балаға арналған балабақша ашуды жоспарлаудамын, – леді кәсіпкер келіншек.
Дәурен Аллабергенұлы