Көпбалалы аналар қолдау тапты

Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары өңірдегі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудандар тұрғындарына мүмкіндігінше қаржылай және заттай көмек көрсетіп келеді.
Халық қалаулылары алғашқылардың бірі болып қарғын судың астында қалған аягөздіктерге азық-түлікті, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды және үш тонна ұнды «Нұр Отан» партиясының Өскемен қалалық филиалында жинақтап, қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасованың басшылығымен Аягөз ауданына жеткізген болатын. Сонымен қатар бір күндік жалақыларын да аударған.
– Қалалық мәслихаттың депутаттары арнайы құрылған комиссиялардың құрамында болып, тасқыннан баспаналары зардап шеккен тұрғындар үйлерін аралап, иелерімен жеке-жеке сөйлесіп, келген шығын мөлшерін анықтады. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде оларға мемлекеттік бюджеттен атаулы әлеуметтік көмектер беріле бастады. Мемлекет қаржысынан бөлек депутаттар өз қаржыларын да қосып, оған тұрмыстық техникалар сатып алынды, – деген қалалық мәслихат хатшысы Александр Светаш Өскемен қалалық мәслихатының кезектен тыс өткен 29-шы сессиясында көпбалалы үш өскемендік анаға депутаттар атынан тұрмыстық техникаларды тарту етті.
Қолдау көрген көпбалалы аналардың қатарында Менавное ауылы, Кузнечная көшесі, жеті үйде тұратын төрт балалы ана Ольга Сидорина, Согра кентінде тұратын, жалғыз бір өзі төрт баланы тәрбиелеп отырған Жаннұр Мұсанова және онымен бір кентте тұратын, екі баланы жалғыз өсіріп жатқан Кристина Гринько бар. Бұлардың алғашқысына тоңазытқыш берілсе, қалған екі анаға кір жуатын машиналар табысталды.
Қалалық мәслихат хатшысының айтуынша, бұдан бөлек әлеуметтік көмек бөлу жөніндегі комиссияның мәжілісі өткен соң, оларға алдағы уақытта қаржылай әлеуметтік төлемдер де төленетін болады. Қаржылай қолдау тасқыннан келген шығынды толықтай жабатын болады.
– Қиын сәтте бізге қолдау білдіріп, көмек көрсеткені үшін қалалық мәслихат депутаттарына ризашылығымызды білдіреміз. Балаларымның атынан үлкен рақмет айтамын, – дейді көпбалалы ана Жаннұр Бақтемірқызы.
Дәурен Аллабергенұлы