Көпбалалы 45 отбасы баспаналы болды

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдегі Қарағайлы шағын ауданында болып, көпбалалы 45анаға жаңа тұрғын үйдің кілтін табыс етті.
Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте 10 544 адам тұр екен. Оның 371-і – көпбалалы аналар. Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілуіне сәйкес, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға арнайы категория тағайындалып, мүгедектермен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірдей дәрежеде тұрғын үймен қамтылуына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл топқа «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері жатады. Әсіресе мүгедек балалары бар отбасыларға бірінші қабат ұсынылған.

Аналардың көбі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері болғандықтан, барлығы да пәтерге ие болып, ерекше қуанышқа бөленді. Бәрі де облыс басшысына дән риза. Бұл – өте аз төлемақысы бар, сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлер.
– Халықтың әл-ауқаты – әрқашан басты назарымызда, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – біз Елбасының және Президентіміздің тапсырмасына орай, маңызды шаруалар атқарып жатырмыз.Осы жұмыстар ең алдымен Семей қаласында атқарылып жатқанына қуаныштымын. Бұл шағын аудан мен үшін ерекше. Менің ойымша, Қарағайлы эталондық аудан болып, Семейдің болашақ дамуының стандарттарын қалыптастырады.

Қарағайлыдағы №34, 35, 36 үйлер аймақтық тұрғын үй бағдарламасы бойынша «Фирма «Азия» ЖШС мен «Ертіс» ӘКК арқылы тұрғызылып жатыр. Кілттерді табыстаған облыс әкімі тұрғын үйлердің сапасына риза болды. Даниал Ахметов көпбалалы аналарды жаңа қоныстарымен құттықтап, барлығына денсаулық пен бақыт тіледі. Өз кезегінде көпбалалы аналар әкімге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жалпы, аймақ басшысы Қарағайлы ауданында салынып жатқан тұрғын үйдің сапасын жоғары бағалады.
– Осындай ерекше сыйлық үшін Елбасыға рақмет, – деді көпбалалы ана Бибіжамал апа, – бізге құрметпен қарайтыны үшін қуаныштымын. Балаларымыз аман болып, ержетсін. Даниал Кенжетайұлына Қарағайлы шағын ауданын жаңадан салғаны үшін ерекше рақметімді айтамын.
Раушан Нұғманбекова