Қоғам

Көпқабатты үйлердің сапасына көңіл толмайды

Көпқабатты үйлердің сапасына көңіл толмайды


Облыста соңғы жылдары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты үйлердің сапасына көңіл толмайды.

Сондықтан әлеуметтің бұл өзекті мәселесі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті мәжілісінде арнайы қаралды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалуын баяндауға тиіс облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияров отырысқа өзі келмей, орнына орынбасарын жіберген екен. Бұл әдеттегідей комиссия мүшелерінің наразылығын тудырды. Өз кезегінде комиссия мүшелері басқарманың бірінші басшысы облыс әкімінің тапсырмасына байланысты іссапарда жүргендігін анықтады.

Оның орынбасары Сырым Дүсіповтің берген ақпаратына сүйенсек, облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018 жылы бюджет қаржысы есебінен баспана және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 22,7 млрд. теңге бөлініп, толық игерілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 410,5 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 108,0%-ға артық. Оның ішінде 39 көппәтерлі үйдегі 3386 пәтер бар. Ал ағымдағы жылы жалпы ауданы 508,6 мың шаршы метр болатын 87 көппәтерлі үйдің құрылысы және қанатқақты жоба аясында 54 бір қабатты үйдің құрылысы жоспарланған. Биыл бюджеттік қаржылар есебінен баспана және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 29,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы былтырғы деңгейден 8 пайыз өсіммен 443,3 мың шаршы метр баспананы тапсыру жоспарлануда. Атап өтерлігі, «Нұрлы жер» бойынша тұрғын үйлер өңірдің барлық қалалары мен аудандарында тұрғызылуда.
Бақылау комиссиясының мүшелері «ал осы салынып жатқан баспаналар қаншалықты сапалы?» деп сауалды төтесінен қойды. Олардың мәліметінше, Өскемен, Аягөз және Шемонайха қалаларында салынған баспаналардың сапасына көп сын айтылып жатыр. Ал Көкпекті ауданында 2018 жылы бағдарлама аясындағы жоба іске аспай қалған. Қазір мердігер «Еңбек-Семей» мекемесімен іс сотта қаралып жатқандықтан, бұрынғы тұрмыстық комбинаттың ғимаратын қайта құру тоқтатылған. Дегенмен, Сырым Дүсіпов бұл жобаға қайта қолға алынғанын, құрылыс іске асып жатқан жобалар қатарында екенін мәлім етті.
Бұдан бөлек 19-шы тұрғын аудандағы Көкжал Барақ көшесі және Есенберлин даңғылы бойындағы үйлердің сапасыз құрылысы туралы бұған дейін де газетімізде айтқанбыз. Аталған даңғылдың тұрғындары партияның филиалына құрылысшылар жіберген кемшіліктерді бейнетаспаға түсіріп әкеліп те тапсырыпты.

Сонымен қатар аудандық комиссия және арнайы мамандар анықтағандай, Шемонайха қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» қоныс аудару мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылы құрылысы басталып, 2018 жылдың соңында қолданысқа берілген 60 пәтерлік бес қабатты үйден де көп кемшіліктер шыққан. Ондағы 7 пәтердің есігі мен терезесінен жел соғып тұрса, төрт пәтерде есік пен терезе тұтқалары істемейді, тағы төрт пәтердің есік пен терезе шыныларына сызат түскен. Кей пәтерлерде электр құралдары жұмыс істемесе, 4 және 5-қабаттарға суық судың қысымы жетпейді. Сондай-ақ төртінші подъезде 10 дана есептеу құралдары орнатылмаған. Бұдан бөлек, мүгедектердің кіріп шығуына да жағдай жоқ. Үйді «Элхон – Строй» ЖШС салған.

Комиссия мүшелері жалпы жаңадан салынған және салынып жатқан үйлердің көпшілігінде мүгедектерге арналған пандустар жоқтығын атап өтті. Оған жауап ретінде жоғарыдағы облыстық басқарманың және қалалық құрылыс бөлімінің басшылары «мердігер үй құрылысын қолындағы жоба бойынша ғана жүргізеді, оған өзі өзгеріс енгізе алмайды. Өзгеріс енгізу үшін шығын үлкейеді, қосымша қаржы қажет. Сондықтан пандустар қарастыру үшін тиісті заңнамаға өзгерістер де қажет» дегенді алға тартты. Ал баспаналарды салуға тапсырыс беруші бағдарлама әкімшісі ретінде бақылауды әлсіреткендері үшін ешқандай жауап бере алмады.

– Сонда біткен үйді қабылдап алған мемлекеттік комиссия қайда қараған? Өзге де қадағалаушы органдар не бітірген? Авторлық қадағалау, техникалық қадағалау не істеген? Тапсырыс беруші де дер уақытында тиісті бақылау жасамаған. Айтылған сынның бәрі орынды. Бүгінгі айтылған кемшіліктердің орындалу нәтижелері 1 маусымға дейін партияның облыстық филиалына хабарланатын болады, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button