ҚоғамТОП

Көйлектерімізді көрмеден ғана көретін болдық

Бүрмелі көйлек, қима бел камзол, үкілі бөрік қатарлы ұлттық киімдер қазақтығымыздың айғағы десек артық болмас. Бұлар күні кеше күнделікті тұрмыстың қажеттілігіндегі киім-кешек болатын-ды. Қазіргі таңда көрменің көркін, мерекенің мазмұнын ашу үшін ғана қолданатын күйге жеттік. Дәл осындай көрікті көрмелердің бірін музей төрінен тамашалап қайттық.

Көрмені тамашалау барысында көшпенді өмірдің елесі көз алдымыздан көлбеңдеп өткендей болды. Өйткені сахарада мал баққан жұрттың да, сахнада ән салған әртістің де, атағы таудай ақынның да киімі бұл көрмеге қойылыпты. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы ұйымдастырған «Қазақ ұлттық киімдерінің эстетикасы» атты көрмеден жаңа заман стиліндегі сәнді көйлектер де орын алыпты.

– Біздің бабаларымыз – сонау ықылым заманнан бері сәнді киініп, салтанатты өмір сүрген халық. Оған біз соңғы жылдары жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың нәтижесі арқылы көз жеткізіп келеміз. Ал кешегі қазақтың ұлттық киімінің көрінісіне бүгінгі көрмеде куә болмақпыз. Біз ұлттық киімімізді ұлықтап, оны жастарға дәріптеуіміз керек. Өйткені соңғы кезде қазақтың ұлттық киімдерін менсінбейтіндердің қатары көбейіп келеді. Еуропалық мәдениет пен кеңес одағының идеологиясы осы күйге жеткізіп отыр. Сондықтан біз ұлттық киімдерімізді музей төрінен ғана емес, күнделікті өмірдегі қолданыстан да көбірек көргеніміз жөн. Қазіргі таңда жаңа заман стилімен ұштастырып қазақы киімдер тігетін алтын қолды шеберлеріміз де бар. Тігіншілер мен дизайнерлердің шеберлігіне бүгінгі көрмеде куә боласыздар, – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Әшімханқызы.

Иә, ұлттық киім – қазақтың материалдық мәдениетінің қайталанбас құбылысы. Сондықтан да оны жаңа заман талабына сай сәнді де, әсем қылып тұтынушыға ұсына білуіміз керек. Сонда ғана күнделікті өмірдің қажетіне жарамақ. Көрмені тамашалау барысында сөзден іске көшкен шеберлердің ұлттық киімді қалай ұлықтап жүргеніне куә болдық.

– Сонау тоқсаныншы жылдары ел арасында абыр-сабыр заман туғанда біз осы ұлттық киім тігу фирмасын ашқан едік. Бастапқыда қиыншылық болса да біз ұлттық құндылығымызды сақтап қалуға, жалғасты дәріптеуге тырыстық. Өзім суретші болғандықтан ою-өрнек, стиль жағын үйлестіру онша қиын болмады. Бір қиыны қазақ тігіншілер болмағандықтан орыс қыздары тікті. Оларға барлығын үйреттік. Нәтижесінде қазір той-томалақта қазақтың тақиясы мен шапаны брендке айналды. Біз ұлттық киімдерді тігу барысында өңірлік ерекшеліктерін де ескердік. Өйткені әртүрлі республикалық көрмелерге барғанда әр өңірдің ою-өрнегінде, киім тігу мәнерінде өзіндік ерекшелігі бар екеніне көз жеткіздім, – дейді сәнді-қолданбалы өнер шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Күләш Ақашева.

Иә, әр өңірдің өнерінде өзіндік өрнегі бар екеніне музей аралаған адам куә болары анық. Біз сәнді көйлектер мен көне жәдігерге айналған киімдер көрмесін қызыға араладық. Теріден тігілген шалбар мен түлкі тымақты көргенде ақ қырауда ат үстінде кетіп бара жатқан қазақтың бейнесі көз алдымызға келді. Ал бүрмелі көйлек, үкілі бөрікті көріп кең жайлаудағы сұлудың күлкісін естігендей болдық. Келесі бір залдан әуелеген әннің әуені, күмбірлеген жырдың үні естілгендей болды. Өйткені бұл залға Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Роза Бағланованың сахнада киген сәнді костюмдері қойылыпты. Көрменің келесі бөлігінде режиссер, ақын-драматург Рүстем Есдәулетовтің шапаны, Ақын Тұрғазы Нұқаевтың қалпағы тұр. Сол қатардан қаламгер Ғалым Байбатыровтың да киімдерін көріп, аяулы ақынды еске алдық. Ал әрбір залдың төрінен орын алған сәнді көйлектер көздің жауын алатындай жарқ-жұрқ етеді.

Көрмеден түйген ойымыз қазақтың ұлттық киімінің қайсыбірін болсын келістіріп кие білсең заманның көркіне сын келтірмейтін сынды. Бір кемшілігі ұлттық киімді ұрпаққа насихаттау жетіспейтіндей.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button