ТОП

Қоян жылы несімен есте қалды?

Күні кеше ғана табалдырығымыздан аттаған Қоян жылымен де қош айтысып, Ұлу жылын үлкен үмітпен қарсы алайық деп отырмыз. Тарихтың қойнауына еніп бара жатқан осы жыл бүкіл еліміз және өз өңіріміз үшін сан алуан өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды. Осы ретте біз өтіп бара жатқан жылдың ең елеулі деген оқиғаларын бір шолып өтуді ұйғардық.

 

Саяси жүйе толық жаңарды

 

2023 жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Сонымен қоса 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан бір күнде – 19 наурызда өтті. Мажоритарлық-пропорционалды аралас жүйе бойынша Мәжіліс депутаттары сайланды. Бұдан бөлек барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өтті.

Нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай мемлекеттің саяси жүйесі толық жаңартудан өтті.

 

Көрші өңірге қол ұшын создық

 

Көршілес Абай облысындағы «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. Өкінішке қарай тілсіз жаудың кесірінен орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусым қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.

Шығысқазақстандықтар алапат өртпен арпалысып жатқан Абай облысына алғашқы болып көмек қолын созды. Арнайы шот ашылып, көрші өңірдегі жағдайға бейжай қарамайтын кез келген аймақ тұрғыны қал-қадірінше қаражат аударды, қолдау көрсетті. Еріктілер түрлі өнімдер мен дәрі-дәрмектерді сәт сайын жөнелтіп жатты.

Шығыс өңірінен Абай жеріне арнайы техникалар аттанып, су төгетін қондырғылармен жабдықталған тікұшақтар да көтерілді. Облысымыздан жылдам жеткен құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер жұмыла әрекет етті.

 

Аймақтың жаңа басшысы

 

16 маусымда Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Облыс аумағындағы мәслихаттар депутаттарының жиналысының күн тәртібіне өңір әкімін тағайындауға келісім беру енгізілді. Кандидаттарды мәслихаттардың 153 депутатына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов таныстырды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ермек Көшербаевқа 117 депутат дауыс берді.

 

«Қонақжай отбасы» сәтті басталды

 

«Қонақжай отбасы» – қазақшаны тілдік ортада оқытуға бағытталған еліміздегі бірегей жоба. Бұл жобаға биыл Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен 68 бала қатысты. 12 жас пен 14 жас аралығындағы оқушылар Катонқарағай ауданының үш ауылы – Өрел, Берел және Катонқарағайдағы отбасыларда жиырма күн тұрып, тілді меңгерді.

Балалар қазақ тілін жаңа форматта – тілдік ортаға толығымен бойлай отырып үйренді. Педагогтар жобаның нәтижесін жоғары бағалап отыр. Сондай-ақ балалар үшін өлкенің тарихымен, қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, көрікті жерлер мен тарихи ескерткіштерге барды.

Ауыл өмірінің ішкі атмосферасына еніп кеткен балалар ерекше әсер алып, бұл жобаны бұдан әрі жалғастыруды сұрады. Келесі жылы жобаға бөлінетін қаржы ұлғайып, оның географиясы да кеңейеді.

 

Өскемендегі өзгеріс

 

Биыл облыс орталығы – Өскеменде 100 ғимараттың қасбетін қалыпқа келтіру бойынша ауқымды жұмыс басталды. Осы жылы 32 үйдің сырты сыланып, боялды. Келесі жылдың көктемінде бұл іс қайта жалғаспақ. Сонымен қатар Достық үйі ауданында түрлі-түсті жарықтандыру іске қосылды.

Бұдан бөлек тағы 5 үйдің қасбетіне муралдар салынды. Енді Есенберлин даңғылындағы үйлердің бірінен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның портреті мен «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзін көруге болады. Қалған муралдарда еліміздің көк байрағын биікке көтеріп тұрған балақай, әткеншек тепкен тақиялы қыз бала, кемпірқосақ салып жатқан бүлдіршін, жас хоккейші бейнеленген.

 

Екі ауданның әкімі сайланды

 

Қараша айында облысымызда алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Саяси науқан Глубокое мен Алтайда ұйымдастырылды.

Бақылаушылар аудан тұрғындарының белсенділігін ерекше атап өтті. Сайлау учаскелерінде ұйымдастыру деңгейі де жоғары болғаны айтылды. Сонымен қатар ешқандай заңбұзушылық тіркелмеді. Қорытынды бойынша Алтай ауданының әкімі болып Ренат Құрмамбаев, ал Глубокое ауданының әкімі болып Эльдар Тұмашинов сайланды.

 

Халық саны 20 миллионға жетті

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының ресми саны 2023 жылғы 14 қарашада 20 миллионнан асты. Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары бір мезетте бес бірдей өңірде – Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Соңғы 30 жылда елімізде халық 22,3%-ға өскен. Мәселен, 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Жалпы өлім-жітім 1991 жыл мен 2022 жылды салыстырғанда 6,8 есе төмендеді. Ал сәбилер шетінеуінің коэффициенті 3,5 есе азайған.

Сондай-ақ былтыр халықтың өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады.

 

Мәдени күндер жаңғырды

 

Ауыл мен қала халқының арасындағы дәнекерге айналған «Туған жер – алтын бесігім» жобасы араға бірнеше жыл салып биыл қыркүйектен бастап қайта жанданды. Бұл жоба келер жылы да тұрақты түрде жалғасын таппақ.

Аталған жоба аясында сенбі сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп, ауыл өнерпаздары гала-концерттерін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ қолөнер шеберлері көрме өткізіп, ұлттық ойындар да дәріптелді. Ал қала тұрғындары ауылдың орташа нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен, таза әрі табиғи өнімдерін алу үшін сенбі сайын жәрмеңкеге баруды әдетке айналдырды.

Мәдени күндердің биылғы қорытынды гала-концертінде «Туған жер – алтын бесігім» жобасында үздік шыққан аудандар марапатталды. Осынау дүбірлі өнер бәсекесінде Тарбағатай ауданы бас жүлдені қанжығасына байлады. Өнерпаздарға бас бәйгенің арнайы дипломы мен 7 миллион теңгенің ақшалай сыйлығы берілді.

 

Бозанбайдағы салбурын

 

Қыран бүркіт, ұшқыр тазы ерткен аңшылар Шығыстың даласында қиқу салды. Өйткені 24 қарашада облысымызда «Шығыс салбурыны – 2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі басталды. Оған Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер қатысты. 70-тен астам бүркіт, 30-дан астам сұңқар мен қаршыға, 30-дан астам тазы сайысқа түсті. Түз тағысының тілін тапқан құсбегілер мен итбегілер Ұлан ауданы Бозанбай ауылының іргесіндегі Бүркіттөбеде бақ сынады. Осы жерде құсбегілер мен көрермендер үшін 16 киіз үй тігілді.

Жалпы, Ұлан ауданында бүркітшілер фестивалі осымен үшінші рет ұйымдастырылды. Әуелгіде облыстық деңгейде өткен. Енді облыс әкімінің қолдауымен халықаралық деңгейге көтерілді.

 

Риддердің жылу орталығы толық жөнделді

 

Биыл жаздан бері Риддер қаласының жылу-энергия орталығында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде барлық қалпына келтіру шаралары толық аяқталған, қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр, үйлерге тиісті жылу берілуде.

Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың қарашасында Риддер ЖЭО-да апат болып, жылу беруде қиындықтар туындаған болатын. Жөндеуге Үкіметтен және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, орталықтағы барлық алты қазандық және өзге де құрылғылар жаңғыртылды.

Сонымен қатар қазан айында ЖЭО Риддер қаласының коммуналдық меншігіне қабылданды. Станция отынның қажетті қорымен қамтамасыз етілген.

 

Құрылыс қарқын алды

 

Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 353,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсім 111,2%-ды құрап отыр. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен кезекте тұрған 655 адам баспанамен қамтылды. «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша осы жылы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына 325 үй салынды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында биыл облыста 18 алғашқы медициналық пункт салынды.

Сонымен қатар осы жылы облыста 29379 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 20349-ы – тұрақты жұмыс орны. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді.

Осы айдарда

Back to top button