
Өткен тәулік ішінде өңірде КВИ-ді жұқтырған 109 адам, вирусты пневмонияның сегіз жағдайы тіркелді, оның ішінде 89 симптомды, 20 симптомсыз жағдай. Облыс стационарларында аталған инфекцияға шалдыққан 426 науқас ем алуда. Өткен тәулікте 14 пациент толықтай сауығып шықты. Қазіргі уақытта облыста стационар жағдайында төсек қорының жүктемесі 21,4%-ды құрап тұр.
Облыста коронавирусты жұқтырғандар саны күннен-күнге азайып келе жатқанын байқаймыз. Алайда стационарларда жатқандардың саны, керісінше, артуда. Төсек қорының жүктемесі де өсіп келеді. Мысалы, 285 науқас анықталған күні стационарларда 397 науқас жатты, төсек қорының пайдалануы 19,3% болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, науқастар саны азырақ, бірақ аурухана деңгейінде емделетіндердің саны артты.
– Тәулік ішіндегі төсек орынның жүктемесі 0,2%-ға артты. Облыста стационарларда барлығы 1587 төсек дайындалса, оның 26,8%-на науқастар жатқызылды. 490 карантиндік төсектердің жиырмасы бос емес. Науқастардың ауруханаларға көп жатқызылуының басты себебі – коронавирус созылмалы дерті бар пациенттердің жағдайын ауырлатып жібереді. Бұл инфекцияға жеңіл қарауға болмайды. Инфекциядан сақтанудың, аурудың жеңіл өтуінің жалғыз шарты – дер кезінде вакцина салдыру, ревакцинация жасату, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, 905 465 шығысқазақстандық COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаның екі компонентін де салдырған, 915 мыңнан астам тұрғын бірінші компонентін алды. Әсіресе осал топтарға жататын жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың, жасөспірімдердің инфекцияға қарсы екпе салдыруы маңызды. Соңғы деректерге сүйенсек, 1925 жүкті әйел «Pfizer» вакцинасының толық курсынан өтті, яғни екі компонентін де салдырды, 3216 әйел әзірге бірінші компонентін алды. Бала емізетін алты мыңнан астам ана екпенің екі компонентімен де қорғалды. Тоқсан мыңнан астам жасөспірім бірінші компонентті, 76 282 бала екі компонентін де салдырды.
Өңірде барлығы 253 848 адам ковидке қарсы ревакцинация жасатты. Оның ішінде 43 мыңнан астам алпыс жастан асқандар бар. Аудандарда алпысты еңсерген 26 мың адам вакцинаның үшінші бустерлік дозасын салдырған. Егде адамдардың ішінде тоғыз мыңы “Pfizer”вакцинасын салдырды.
– Өзім мектепте жұмыс істегендіктен алдыңғылардың бірі болып қытай екпесін салдырғам. Жасым алпыстан асып кеткендіктен ревакцинацияны «Pfizer» препаратымен жасаттым. Шынымды айтсам, қытайдың екпесіне қарағанда ауырлау өтті. Алғашқы екі компонентті алғанда да ешқандай жағымсыз әсерлерін сезбегем. Ал «Pfizer» препаратынан кейін қолым көтертпей, тіпті тұмау сияқты ауырып жатып қалдым. Вакцинаның септігінен болар, ковидпен ауырғам жоқ. Үйдегілер де аман, – дейді Жазира Қапанқызы.