Көшпелі алтын көрген Рахымбай ата

Берікхан Тайжігіт
Көшпелі алтын рухани таза, ниеті дұрыс адамға көрінеді екен. Рахымбай Мәменов ақсақалдың жасы 90-ды алқымдап қалған. Қарақол ауылында кіндік қаны тамып, өмір бойы осы жерден табан аудармай еңбек еткен. Қазір де ақсақалдың жүріс-тұрысы ширақ, артық қырым еті жоқ, жеңіл қозғалады.
Осыншама ғұмырында Рахаң – жан баласының ала жібін аттамаған, бала секілді пәк, жалған сөз айтпайтын, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын мейірімді адам. Ақсақалдың осындай қасиеттерге ие екендігін бүкіл ауылдастары жақсы біледі. Ол кісі ауылдан қозыкөш жердегі «2-ферма» деп аталатын елді мекенде дүниеге келіп, осыдан 30 жылдай бұрын сол жерден зейнетке шыққан. Жұрт арасында Рахымбай ақсақал кезінде көшпелі алтынды көріпті деген сөз бар. Әсілі, көшпелі алтын да рухани таза, ниеті дұрыс адамға көрінеді дейді ғой. Осы жайлы білгіміз келіп сұрағанымызда, аға:
–Е-е-е, балам-ай, сол өзі расымен көшпелі алтын болса, бір емес, екі рет көрдім, – деп бастады ақсақал әңгімесін, – 1957 жылы ауылдан Аягөздің ет комбинатына Ғылымхан, Сарыарқа деген үш жігіт қой айдадық. 22-разъездің тұсына келгенде күн жаңбырлы болғасын, кешке қойды жусатып, иіріп тастағанбыз. Іңірде отарды айналып шығайын деп қотанның шетіне барсам, бірдеңе жылт-жылт етіп, бір жағы қойдың бақайына жабысып, ағып жатыр екен. Қорқып қалдым да аналарға айғай салдым. Олар жүгіріп келгенше, әлгі нәрсем ізім-ғайым жоқ болып кетті. Екінші рет ауылдың оңтүстігіндегі «Қабанқұдықта», «Коровник» деп аталатын қашардың арғы жағында өлкенің табанынан көрдім. Бұл жолы тіпті көп енді. Тағы да күн жаңбырлы болатын. Қойды кешке үйдің маңайына жусатып, күзетеміз ғой. Жусап жатқан қойымыз әлденеден үріккендей екіге бөлініп кетіпті. Ит үрген соң шыққам ғой. Әлдене отарды қақ жарып, жылтылдап ағып барады. Сасқанымнан: «Апа! Апа!» деп айғайлап, шешемді шақырдым. Ол кісі де: «Немене, не болды?» деп жүгіріп шыққанша батысқа қарай кетіп қалды. Болды. Бұл 1960 жыл, 23-24 жасар кезім болатын. Қайдан білейін, балам… Біреулер: «Жылтылдайтын сондай жұлдызқұрт болады» дейді. Енді біреулер: «Көшпелі алтын адамның қаны тисе, тоқтап қалады» дейді. Жаспыз, ондайды білмейміз ғой! Осы, балам, менің көргендерім…
Артық сөзі жоқ ақсақал бірден менің түрегеп диктофон ұстап тұрғанымды әбес көрді ме, жылдам қимылдап, астыма орындық әкеліп берді. Үлкен адамның өзіңе жік-жапар болып жүргенінен ыңғайсызданып қалады екенсің…
Қылдай қиянат жасап көрмеген
- Менің әкем бала сияқты керемет қызық адам ғой, – дейді Рахымбай атаның үлкен қызы Бақыт Мәменова. – Бұл кісінің бір адамға қылдай қиянат жасамайтын жан екенін ауыл халқы жақсы біледі. Әкем туралы айтып берші деп отырсың ғой. Қызықтары көп, ағам бала сияқты пәк адам. Ауылдың тарихымен бірге жасасып келе жатқан жан ғой, оқуды да өте жақсы оқыпты. Тіпті, кейіннен біз мектеп қабырғасында жүргенімізде математика, неміс тілі секілді сабақтардан үйге берілген тапсырмаларды түсінбей жатқан балаларына әкем олардың жауаптарын шемішкеше шағып беретін. Синус, косинус, бөлшек сандар ма, оларды түбір астынан шығару секілді есептерге көмектескенде таңғалатынбыз. Кейін «Неге ары қарай оқымадыңыз?» деген біздерге жалғыз шешесіне қарайлап, орта мектептен соң оқуын жалғастыра алмағандығын айтатын. Менен екі жас үлкен ағайым Құдайберген 4-сыныпты бітірісімен ағам (әкемді солай атайтынбыз) бірден орталыққа көшті. «Сендердің әр үйдің есігінде мен сияқты жүргендеріңді құптамаймын, қарақтарым!» деді де орталықтан Шеффер деген немістің үйін сатып алды. Қазір ойлап отырсам, барлық өмірін өз ұрпағына арнаған екен. Бірақ біреудің ала жібін аттамайтын адал болды! Орталықтағы құрылыс бөлімінен жап-жаңа штакетниктер тиеп, 2-фермаға әкетіп бара жатады. Қарап отырсақ, біздің де үйдің маңайы қоршалмаған, аңғал-саңғал. «Аға, біреуін тастасаңызшы. Үйдің айналасын қоршап алайық» дейміз ғой. Ондайда айтар уәжі біреу: «Жоқ, балам, бұл өкіметтікі! Болмайды, ұят болады!» Осындай жақсы амалдарынан ба екен, әлі де сергек. Ерте тұрады, ерте жатады. Күні бойы тыным таппайды, үнемі қимыл-қозғалыста. Әкем қазір де мерзімді баспасөзді қадағалап, көзәйнексіз оқып отырады. Құдайдың берген қуаты да!
Шынында да, Рахымбай Мәменов ағамыз – соғыс уақытын да, соғыстан кейінгі қиын кезеңдерді де бастан кешірген адам. Анасы шопандарға көмекші болып кетеді де, бала Рахымбай әркімнің есігінде жүрді. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейді ғой. Ержеткен соң механизатор бола жүріп, қой бақты. Қой баға жүріп, трактор руліне отырды. Ол тұста 100 мыңға тарта асыл тұқымды меринос қойы қыстамаға кіретін «Қарақол» совхозының жұмысшыларына қысы-жазы тыным жоқ қой. Жаз жайлауы, күзегі, қыстамасы – бәрі осы кісілердің мойнында. Тіпті, болмай жатса, тракторын қаңтарып, атқа мінетін де қой айдап кететін… Рахаң совхоздың қат-қабат шаруасының бел ортасында жүретін.
Жалғызбасты аналарға көп көмектесті
- Нұртілеу деген нағашы ағам айтатын: «Бір күні таң алакеуімде фермадан орталыққа келе жатсам, орта жолда алдымнан жаяу Рахымбай жездем шықты. «Ой, Раха, трактор қайда? Неге жаяу жүрсіз?» десем, «Күн аяз екен, тракторға обал болды, кішкене демалсын!» дейді. Шынында да, әкем өте қайырымды адам дедім ғой. Үйінің маңайында тұратын жалғызбасты аналардың бәрінің қысқы шөбі мен отыны осы кісінің мойнында болушы еді. Сонда олардан бір тиын да алмайды. Тіпті, үйлеріне кіріп, шай да ішпейді. Менің жолдасым Анарбек атасының бұл ісіне риза болып күлетін: «Менің атамның гаремі!» деп. Жалпы, бұл кісі біреудің үйіне беталды бармайтын адам. Сол нағашыларымыз: «Құдай-ау, бір адаммен жанжалдаспайтын, бір адамға дауыс көтермейтін жан. Алты ұлды қалай жақсы тәрбиелеген!? Бәрі де әке алдында иіліп, қас-қабағына қарап тұрады!» деп таңғалатын.
Рахымбай аға жайлы бірге қой бағысқан қойшылардың да ризалықпен күліп айтып жүретін оқиғалары тіпті көп. Суық түсіп, шөпке қырау қонғанда ол кісі бытырай жайылған отар қойдың алдына шығып алып, қолындағы құрығымен шөп басындағы қырауды қағып жүреді екен. «Ой, Раха, мұныңыз не?» дегендерге: «Қойға обал! Қырау да қар сияқты, суық қой!» дейтін көрінеді. Бұл кісі дүние мен малға қызықпаған адам. «Е-е-е, заман тыныш болса, болғаны. Ешкімнің ала жібін аттамаңдар! Соғыс уақытында бір тілім нанға зар болған заман да өтті. Осы күнге тәубе деңдер, балалар!» деп отырады.
– Жарықтық бұл кісімен менің әкем қатар өсіп, бірге еңбек етті, – дейді Биғұмар Нұрғалиев деген азамат. – Әкем марқұм Рахымбай ағаның басынан кешкен көп оқиғаларын айтып отырушы еді. 1960 жылдардың соңында мына Сасықкөл маңынан ондатра деп аталатын аң ауады. Ауғанда қарақұрым болып, батысқа қарай, қыратқа, «Ақбай» жаққа көшеді. Қалың аң «Өскемен-Алматы» тасжолын кесіп өтеді ғой. Ол тұста автокөлік аз. Дегенмен, бірен-саран автокөліктің өзі сигналдарын бебілдетіп көшкен аңды таптап кете жаздайды. Сол кезде Рахымбай аға жолға кесе-көлденең астындағы тракторын бір жағына, бір жағына прицебін қойып, өзі шыр-пыры шығып автокөліктерді тоқтатып жүр дейді. Жүрегі нәзік, аяныш сезімі тым жоғары жан ғой… Оны айтасыз, бір қызық оқиға. Рахаңның бір баласының туған күні болып, жастар жиылып отырса, біреу «Бүйі!» деп шыр ете қалған ғой. Шынында да, баланың жұдырығындай бүйі үстел астында тұрыпты. Ағамыз бірден: «Тимеңдер! Тимеңдер! Мұның үстінде балалары бар, обал болады» деп таяқпен жасқап, бақшаға қарай айдап салыпты. Ал енді өзіміз көрген, өзім бастан кешірген оқиғаны айтып берейін. 60-70 жылдары қыстыгүнгі каникулға шыққанымызда бәрімізді қыстақтарға осы кісі тракторымен таратады. Сонда деймін-ау, прицептің үстінен «Тоңасыңдар!» деп оншақты баланы трактордың кабинасына сығылыстырып тиеп алушы еді.
- Жан баласына қарсы дауыс көтеріп сөйлеп көрмеген бұл кісінің тәтеміз екеуі тәрбиелеп өсірген 9 баласының алған тағылымына таңғалмасқа шара жоқ, – дейді көршілері. – Бәрі де қыздай сызылып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұрады.
Жалпы, Рахымбай аға мен Төкен (Төлеуғайша) тәтеміз 9 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де тәрбиелі, ибалы, ұсынақты болып өсті. Төкен тәте де туған-туыс пен көрші-қолаңға жайлы, келісті келген ажарлы адам еді. Осыдан бір жыл бұрын дүние салды марқұм. Қазір ақсақал Құдайберген, Бақыт, Құдыш, Әділ, Бибігүл, Еділ, Жайық, Асан, Айман атты ұл-қыздарынан әлденеше немере сүйіп отыр. Өкінішке қарай, бірер жыл бұрын Құдышын жер қойнына тапсырды…
Бір сәт есіме пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Алла тағала не өте нашар адамның, не өте жақсы адамның ғұмырын ұзақ етеді» деген хадисі түсті…
Үржар ауданы.