Қоғам

Кошелевтер зергерліктің қыр-сырын меңгерген

Кошелевтер зергерліктің қыр-сырын меңгерген


Қазір ағаштан түйін түйген ұсталар мен темірден әсем бұйымдар соғатын зергерлердің ізін жалғап жүрген жандар аз. Солардың бірі – көкпектілік Кошелевтер отбасы.

Светлана Кошелева шеберлер әулетінде дүниеге келген. Бала кезінен ұсталық өнерге қызығушылық танытқан ол бүгінде кәсібінің несібін көріп отырған жандардың бірі. Қазақтың байырғы зергерлік, ұсталық өнерін атасы Иваннан, кейін әкесі Владимирден бойына сіңіріп өскен қыз қазір шағын ұстахананың иесі.

– Біздің бала күнімізде қазіргідей зауыт-фабрикалар барлық қалаларда болған жоқ. Сондықтан атам мен әкем күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өздері жасайтын. Ойын баласы болғандықтан үйдегілердің шаруасына мән бермейтінмін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде атам: «Ерекше дарыны мен қабілеті бар, темірдің бабын білетін жандардың ғана қолынан келетін ұсталық өнер қанмен беріледі. Сондықтан сен бұл кәсіпке бейжай қарама. Өйткені, біздің отбасымыздың ұлы да, қызы да сен» деген болатын, – деп балалық шағын еске алды Светлана.

Кошелевтер отбасының ауласындағы шағын ұстаханада таңның атысынан, кештің батысына дейін небәрі екі-ақ адам жұмыс істейді. Соның бірі – Светлана болса, екіншісі ұста келіншектің өмірлік жары Александр. Зергерлік өнердің қыр-сырын меңгерген Светлананың жолдасы жеті жылдан бері осы кәсіпті күн көріс көзіне айналдырғанын мақтанышпен айтады.

– Тапсырыстар жаз мезгілінде көп түседі. Қазақтың ұлтық әшекей-бұйымдарын жасағанда салт-дәстүрін міндетті түрде ескеремін. Себебі, қазақ халқының тарихи, мәдени құндылығы бір төбе. Менің өмірлік серігім Светаның ерекше қабілетіне таңғаламын. Себебі, ол металл таңдаудан ешқашан қателескен емес. Әрбір металды алақанымен ұстап, оның қандай қасиеттері бар екенін бірден айтып береді, – деді ұсталар әулетінің күйеубаласы.

Қазір Кошелевтер отбасының қолыннан шыққан бұйымдарға аудан тұрғындарының сұранысы жоғары. Осы күнге дейін олар аула қақпалары, қоршаулар, есіктер, терезе торлары сынды талай дүниелерді жасап шығарған. Светлана өз сөзінде: Мен ұсталық кәсіпті Аллатағаланың маған берген бұйрығы деп білемін. Себебі, ұсталық өнер – ептілікті, шыдамдылықты қажет ететін, көздің майын тауысатын еңбек», – деген еді. Светлананың бұл сөзі оның кішіпейіл, қарапайым екенінің көрінісі болса керек. Кошелевтер отбасының туған-туысқандары, әріптестері, достары оның дәл осы қасиеттерін ерекше бағалайды.
Өскеменнен Көкпектіге қоныс аударған шеберлер отбасының ең алғашқы тапсырысы аудан орталығындағы мешіттің сыртын қоршауға арналған темір қақпа болған екен. Аудандағы орталық мешіттің бас имамы Нұрнәсір Дүйсеннің айтуынша, Светлана мұсылман қауымы үшін қасиетті орын болып саналатын мешітке жасап берген кейбір бұйымдары үшін ақы алмайды екен.

Көкпектіге келісімен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алып, жұмыстарын бастаған оларға аудан басшысы көмек көрсетіпті.

– Бұрын Өскеменде тұрдық. Кейін жарымжан баламның денсаулығына байланысты Самарға көшуге тура келді. Бірде аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылғанын естіп, Көкпектіге қоныс аудардық. Маған мұндағы дәрігерлердің әрбір балаға қамқорлықпен, ерекше ілтипатпен қарайтыны ұнайды, – деді ол.

Бүгінгі күні бес баланың анасы атанып отырған Светлана Кошелева бар өнерді бойына жиған жан десек артық айтқандық емес. Бала кезінен сурет салуға қызығып, қыл қаламның майын тамызатын қасиеті қазір кәсібінің алға басуына септігін тигізіп отыр. Жасаған заттарының ою-өрнектерін өз қолымен сызып, көздің жауын алатын бұйымдарды жасаудан ләззат алатын Кошелевтер отбасы балаларына қазақы тәрбие беріп отыр екен.

– Кішкентай ұлымды Ж.Шайжүнісов атындағы қазақ орта мектебіне бердім. Баламның мемлекеттік тілде білім алғанын қалаймын. Ол қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін біліп өсуі тиіс. Оларға үнемі «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақ мақалының түпкілікті мағынасын түсіндіріп отырамын, – деп өз елінің патриоты екендігін де танытты ұста келіншек.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button