Президент

Қос елдің арасындағы алыс-беріс артады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды.

– Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымын 35 млрд долларға жеткізе аламыз. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын, – деді Қ. Тоқаев.

ҚХР төрағасы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап көрсетіп, Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басқанын, елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытуы қажет екенін атады.

Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен де кездесті, еліміздің Сиань қаласындағы бас консулдығының ашылуына, аталған қаладағы құрғақ портта Қазақстан логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөз сөйледі.

Атап өтерлігі, еліміздің ресми делегациясы құрамында аймақ басшысы Даниал Ахметов те болып, облыс әкімдігі мен Тяньцзинь қаласының халық үкіметі өңірімізде «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім жасасты.

Мемлекет басшысының сапары аясында екі ел арасында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

DIDAR ақпарат

 

Back to top button