Қоғам

Қос дода да тартысты өтті

Жарма ауданында жергілікті жанкүйер қауымның көңілінен шыққан бірнеше спорттық іс-шара өтті. Бұл күні Әуезов кентінде Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы құрметіне қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы аймақтық ашық біріншілік өтті.

Дәлірек айтсақ, аталмыш жарысқа ауданның барлық ауылдық округінен келген спортшылар қатысқан-ды. Спорттық іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл турнир жастардың бірталайы үшін өміріндегі алғашқы ірі жарыс болса да, қатысушылардың түгелдей дерлігі додаға тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетіп, бозкілемде аянып қалмай, бар шеберлігін паш етті.

Игі іс-шара Қабанбай батырды еске алу рәсімінен басталып, артынша құрметті қонақтардың құттықтау сөздеріне ұласты.

Сонымен қатар дәл осы күндері аудандағы Божығұр ауылдық округіне қарасты Салқынтөбе ауылының жұртшылығы да тамаша бір бастаманың куәсі болды. Нақтырақ айтсақ, аталмыш елді мекенде Дарабоз батырдың рухына арналған шағын футбол жарысы өтті.

– Бұл іс-шараларды бірінші кезекте жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Өскелең ұрпақ осындай даңқты батыр бабаларымыздың тарихымызда алатын орны қаншалықты зор екенін түсінуі қажет, ерліктерін ұмытпауы тиіс. Жалпы алғанда, турнирлер қызықты да тартысты өтті деген ойдамыз. Ең бастысы, жергілікті жанкүйер қауымның көңілінен шыққан тәрізді, – дейді жарыс ұйымдастырушылары.

Айта кетейік, турнирлер соңынан барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер алғыс хаттармен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button