«AMANAT»ТОП

Қоршаған ортаны қалай қорғаймыз?

Былтыр облыс бойынша ауаға шығарылған зиянды қалдықтардың мөлшері 130 мың тонна шамасында болды. Бұл туралы Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының экология мәселесі қаралған отырысында айтылды.

Жиынға облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Байжанова, экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов, облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік экологиялық кеңестің төрайымы Татьяна Чернышова, сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Өскемен қаласы, Зайсан ауданы әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Отырыста атқарушы органдардың «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» партиялық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмысы және қатты қалдықтар полигондарын, қоқыс өңдеу зауыттарын салу, көліктерді газға ауыстыру сынды экологиялық жобалары қаралды.

– Былтыр алдыңғы бес жылдағыдай облыс бойынша ауаға нақты жалпы шығарылым (Абай облысын қоса алғанда) 130 мың тонна болды. Бұл ретте негізгі үлес (21,8%) «Казцинк» кәсіпорнына тиесілі. Сондай-ақ экологиялық рұқсат шарттарына сай әр кәсіпорын сүзу жүйелерін жөндеу, технологиялық процестерді жаңғырту сияқты қоршаған ортаны қорғау шараларын іске асыруға міндетті, – деді экология департаментінің басшысы.

Облыстық партия филиалының сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасында экологияны жақсартуға қатысты нақты тармақтар бар.

– Өңірлік экологиялық кеңестің әр отырысында өзекті сұрақтар қаралады. Негізгі мақсатымыз – сайлауалды бағдарламадағы экологияға қатысты міндеттердің орындалуын қадағалау, халықты толғандыратын өзекті экологиялық мәселелерді қарастыру, – деді Татьяна Чернышова.

Жиында комиссия мүшелері өткен жылға арналған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жоспарын орындамаған және сайлауалды бағдарламаны сапасыз іске асырған жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерін партиялық жауапкершілікке тарту мәселесін көтерді.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button