Руханият

Корпоративтен қайтқан соң…

Жаңажылдық корпоратив жақындаған сайын, жұмысындағы бірге  істейтін қыз-келіншектерден маза кетті. Барлығын «Жаңажылдық кешке не киеміз?» деген бір-ақ сауал толғандыратын сияқты. Тіпті, түскі үзілісті пайдаланып базар мен сауда үйлерін аралап, жаңажылдық корпоративке киетін көйлек іздеп, шарқ ұрып жүргендері де бар.  Барлығы да осынау ұжым болып өткізетін жаңа жылдық кеште әдемі, сұлу болғысы келеді.   Ал шынын айтса, Айсәуленің осынау корпоративке тіпті барғысы да келіп тұрған жоқ. Жаны біртүрлі тыныштықты қалайтындай. Жалпы о бастан-ақ өзінің улы да шулы ортаны ұната бермейтіні рас. Бірақ  ұжымнан қалып, оңашалануға тағы да болмайды. Барлық қуанышты, жақсылықты ұжыммен бірге көріп, куә болғанға не жетсін. Десе де «корпоративке барамын» деп шешті. Қашанғы төрт қабырғаға қамалып отырмақ? Жасы отызға келген кәрі қыздың да көңіл көтеруге құқығы бар шығар.

Күйеудің болмағаны осындайда жақсы-ақ. Жұмысындағы өзге келіншектер корпоративке бару үшін күйеуімен қызылкеңірдек болып қырқысып жатқанда, бұл ондай сауалға ешқандай да бас қатырған жоқ. Шкафтағы ілулі тұрған қызыл көйлегін киіп, әтірін сеуіп үйден оп-оңай шығып кетті.

Мейрамхана  алдына тоқтаған таксиден түскені сол, алдынан  мекеме басшысы Алдияр Сағитұлының өзі қарсы ұшырасты.

-Ой, Айсәуле Санатқызы, бүгін  ерекше құлпырып кетіпсіз ғой…

Мұны иығынан демеп жатып, көңілін көтеріп, жылы сөзін де арнап үлгерді.

-Рақмет, – деп жымиған.  Өзге емес, дәл   Алдияр Сағитұлының өзі алдынан шығып қалады деп мүлдем ойлаған емес.  Жұмыста  бастық деп барлығы ығып жүргенімен, жақсы адам.

Мейрамхана іші тым салтанатты көрінді. Ортада әсем безендірілген жаңажылдық шырша  жымың-жымың етеді. Жиналған әріптестерінің барлығының да көңіл-күйі көтеріңкі.  Дегенмен  жақсы орта кез келген адамның көңілін елітіп әкетеді ғой. Айсәуленің де біртүрлі көңілі көтеріліп жүре берді. Бірге қызмет істейтін әріптестерімен бірге ішті, жеді, шыр көбелек айналып биледі. Бұрын ғой осындай отырыстардың ортасында ақырын сытылып  шығып үйіне кетіп  қалуға асығушы еді. Бұл жолы ешқайда да асыққан жоқ. Осынау кештің ұзаққа созылуын тіледі біртүрлі.

Қайтарда шарапқа масайып қалған үш келіншекті мекеме басшысы Алдияр Сағитұлының өзі көлігіне мінгізіп алды.

-Қыздар, бүгін сіздерді өзім үйлеріңізге апарып, қызмет көрсетпесем  болмас, – дейді жымиып.

Алдымен Айдананы, содан кейін Жадыраны үйінің есігінің алдына дейін жеткізіп тастаған Алдияр Сағитұлы Айсәулеге бұрылған.

-Сіздің үйіңіздің адресі қандай? Айта қойыңыз…

-Жеңіс даңғылы, 5…

Шарапты көп ішіп қойған ба, біртүрлі жүрегі айнып, құсқысы келгендей болды…

-Көлікті тоқтатыңызшы…

Жолдың шетіне тоқтаған көліктен Айсәулені Алдияр Сағитұлының өзі демеп, сыртқа шығарды. Қолына су құйып, бет орамалын ұсынды.

-Кешіріңіз, мен мас болып қалдым, – деген Айсәуле ыңғайсызданып. – Көптен былай көңіл көтермеп едім…

-Оқасы жоқ…

-Сіз жұмыста сондай қатал көрінесіз.

-Солай ма?

-Солай… Айтыңызшы, неге жұмыста сонша тұнжырап жүресіз?

Қыздың бұл сауалына Алдияр Сағитұлының өзі сасып қалғандай. Тіпті, өзінің тұнжырап жүретінін сезбейді де екен ғой. «Сырт көз сыншы» деген осы.

-Иә, қазір кім жетісіп жүр ғой дейсіз, – деген бір уақытта Айсәуленің өзі. – Мен де тура сіз секілдімін. Жанымның жабырқайтын сәттері көп. Кейде иығымнан әлдебір жүк басып тұрғандай сезімде боламын. Қанша серпілейін десем де, серпіле алмаймын. Уақыт болса өтіп бара жатыр… Ал мен болса әлі жалғызбын. Кейде көшеде  таныстарыммен кездесіп қалсам,  «Тұрмысқа қашан шығасың?» деп сұрамаса екен деп ойлап тұрамын… Тұрмысқа шыққымыз келмей жүргеннен кейін шықпай жүр дей ме екен? Жөні дұрыс жігіт жоқ.  Жалғыздықтан өзім де шаршадым. Қазір сіз мені үйге апарып тастайсыз. Сосын жалғыздық мені құшағына алады… Жалғыздық екеуіміз би билейміз… Жалғыздық екеуіміз…

Айсәуленің дауысы дірілдеп кетті. Алдияр Сағитұлы оның жанарына жас іркілгенін сезді.

-Айсәуле Санатқызы, бәрі жақсы болады. Бәлкім, осы Тышқан жылы өзіңіздің бақытыңызды табарсыз. Күтіңіз…

-Алдияр ағай, сол бақытты енді қанша күтуге болады? Жыл сайын Жаңа жылды әлдебір үмітпен қарсы аламын. Тура жаңажылдық шыршаға ілінген қызылды-жасылды ойыншықтар секілді менің де кеудемде әлдебір үміттің, әлдебір арманның  оты жанады жарқырап. Бірақ бәрі де алдамшы. Мереке өткен соң, жаңажылдық шыршаны жинап, әлдебір бұрышқа тығып тастайтынымыз секілді, уақыт өте мен де сол тәтті армандарымнан адасып қаламын. Бәрі, бәрі күнделікті күйбең тіршіліктің шаңына көміліп қалады…  Жыл біткенде есімді жиямын. «Биыл тағы да тұрмысқа шықпадым» деген ой өзегімді тырнайды…

-Арманың – тұрмысқа шығу ғана ма? Тұрмысқа шығу оңай ғой… Қаншама қыздарды білемін, тұрмысқа шыққанымен бақытсыз. Өйткені олардың о бастағы мақсаты –  күйеуге шығу ғана болды.  Ең бастысы, меніңше  бақытты болуды ойлаған жөн. Бақытты алыстан іздеме, өзіңнен, өзіңнің жан дүниеңнен ізде. Ең бастысы, өзіңді жақсы көр. Өзіңді жақсы көрмесең, өзге адамды жақсы көре алмайсың. Өзің бақытты болмасаң, өзге адамды бақытты ете алмайсың… Өзіңді жақсы көргенде, жан дүниеңде үйлесім орнаған кезде ғана, жаныңның қиналғаны  басылады.

Алдияр Сағитұлының сөздері Айсәуленің жанына жағып барады. Қандай ақылды адам? Шынында да бұл өзінің жан дүниесіне үңіліп көрді ме? Өзін-өзі мүлдем білмейді екен ғой… Осы уақытқа дейін махаббатты, бақытты сырттан іздеп келіпті. Әдемі жігітті көрсе, «мені бақытты ете ме?» деп үміттеніпті.  Мынау өмірден жоғын іздеп аласұрған жаны ешқашан тыныштық тапқан емес. Айсәуле бақытты қайдан іздеу керегін енді ғана түсінгендей…

Көпқабатты үйдің жанына тоқтаған көліктен түсіп бара жатып Айсәуле Алдияр Сағитұлына ерекше ризашылықпен қарады. Әншейінде қабағы қатулы бастығының қос жанары мейірімге тұнып тұрғанын байқады…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button