Қоғам

Коронавирустан әлі де сақтану керек

Кәмал Естай

Бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының аумағында шілденің басынан  коронавирус инфекциясының 112 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Олардың 109 клиникалық белгілерімен болса, үш адамда ешқандай симптом жоқ. Соңғы тәулікте Абай облысында ковидтің тағы сегіз жаңа жағдайы анықталып,  олардың  барлығы да Семей қаласында тіркелді.

Егер өңірлерге бөліп қарасақ, Абай облысында 78 жағдай, Шығыс Қазақстанда 34 науқас анықталды.  Қалалардың ішінде Семей шаһары көш бастап тұр, 75  науқас, Өскеменде 29 жағдай белгілі болды. Жарма, Аягөз, Ұлан, Самар, Глубокое, Шемонайха аудандарында бірлі-жарым науқастар анықталған.

Соңғы тәулікте Шығыс Қазақстанда бірде-бір жағдай анықталған жоқ. Аурудың өсімі Абай облысында 11,4% құрады.  1-17 шілде аралығында тек Семей қаласында ғана  ковидті пневмонияның бір жаңа жағдайы тіркелді.

– Шығыс Қазақстан облысында 282 инфекциялық төсек дайын, бүгінгі таңда екі адам стационарға жатқызылып, барлық төсек қорының 0,7%  ғана пайдаланылуда. Қазір екі өңірде инфекцияның 99 ошағы, байланыста болған 60 адам  бақылауға алынған.  Шілде айының басынан төрт науқас үй карантинінен шықса, төрт  адам жазылып шықты, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде коронавирустық инфекцияға қатысты эпидемиологиялық жағдай қайта шиеленісіп тұр. Өткен тәулікте  Қазақстанда ковидтің 1477 жаңа жағдайы тіркелді.

Осы айдарда

Back to top button