Коронавирусқа қарсы 82 мың екпе жеткізіледі

Шығыс Қазақстан облысына коронавирусқа қарсы вакцинаның 82 мыңнан астам дозасы жеткізілетін болды. Қазір екпе егу үшін қосымша пункттер ашу мәселесі талқыланып жатыр.
– Сәуірдің аяғына дейін «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компонентінің 82 200 дозасын аламыз. Сол кезде тұрғындар қосымша пунктерге шақырылады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрланғазы Ибраев.
Дәрігерлер вакцинация тегін әрі ерікті түрде жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ вакцина алмас бұрын антиденені анықтау үшін анализ тапсырудың қажеті жоқ. Ал коронавирустан емделіп шыққандардың алты айдан кейін ғана вакцина алғаны абзал.
Нұрлан Ибраевтың айтуынша, вакцина алған адамдар да маска режимін қатаң сақтайды.
Вакцинаның бірінші дозасынан кейін 12-14 күн ішінде бастапқы иммунитет пайда болады. Ал кемінде 32-45 күннен кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Бұл аурудың жеңіл түрін айналып өтуге мүмкіндік береді.
Балауса Мэлсқызы