COVID-19 

Коронавирусты емдейтін  препараттар тегін беріледі

Коронавирусқа шалдыққан науқастарды стационарға жатқызу тәртібінде қандай өзгерістер бар? Жеңіл түрімен ауырып, үйде емделіп жатқан пациенттерге қандай дәрі-дәрмек тегін берілуі тиіс? ПТР тест пен КТ зерттеулері кімге жасалады? Біз өзімізді толғандырған осы және басқа сұрақтарды  облыс орталығындағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Поповқа қойған едік.

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күннен-күнге өршіп келе жатыр. Алайда бас дәрігер алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.

Бас дәрігердің айтысына қарағанда, бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық бөлімшелер біріктірілген. COVID симптомы бар пациенттердің барлығы буферлі бөлім арқылы инфекциялық стационарға жатқызылады. Мұндай стационарлар Өскемен қаласында облыстық ана мен бала орталығында, №4 қалалық ауруханада және облыстық мамандандырылған медициналық орталықта (бұрынғы №1 қалалық аурухана) ашылған.

– Төсек-орын саны қажеттілікке байланысты үнемі өзгеріп отырады. Менде дәл қазір 120 орын дайын. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, төсек қорының қырық пайызы ғана толуы керек. Науқастар саны одан асып кетсе, басқа стационарларға жіберіледі. Біздің ауруханада 39 пациент жатыр. Науқастарды емдеу үшін қажетті тиімді дәрі-дәрмек қоры, оттегі концентраторлары, иммунды плазма қоры дайын. Мысалы, менің ауруханамда 35 орталықтандырылған оттегі нүктесі, оған қосымша 90 оттегі концентраторы бар. Ауа жетпей қиналған науқастарды оттегімен қамтамасыз етуде тапшылық болмайды, – деп сеніммен айтады басшы.

Соған қарамастан күнделікті хабарласқан оқырмандарымыз «ауруханаға жата алмаймыз, қанша ауырып тұрсақ та, стационарға алмайды» деп шағынады. Сергей Александровичтің түсіндіруінше, науқастардың барлығын стационарда емдеу міндетті емес, өйткені коронавирус инфекциясын әркім әртүрлі қабылдайды. Біреу жеңіл түрімен өтіп кетсе, екіншісінің кеудесі қысып, ауа жетпей, тынысы тарылуы мүмкін. Таңертең ауырып тұрған, өзін жайсыз сезінген адам өзін үйде бақылауы керек. Дене қызуы 38 градустан асқанда ғана ыстық түсіретін препарат ішуге болады. Тамағы ауырса, тұзды сумен шаяды. Кейбір науқастар екі-үш күннен кейін жазылып кетеді. Бұл ЖРВИ немесе жай тұмау болуы мүмкін. Егер жағдайының нашарлағанын сезсе, үйге мобильді топты шақыртқан дұрыс. Емханаға жақын жерде тұрса, өзі фильтрлі  бөлімге баруына болады. Дәрігер клиникалық хаттаманың, диагностикалық алгоритмнің көмегімен науқаста КВИ бар-жоғын анықтайды. Қандағы оттегінің мөлшерін – сатурацияны өлшейді. Егер науқастың дене қызуы бірнеше күн 38 градустан түспесе, сатурация 93-тен төмендеп кетсе, пациентке ауа жетпей, тұншықса, онда дереу стационарға жолданады. Науқастың жасы 65-тен асып кетсе, қант диабеті, жүрек ауруы, басқа да созылмалы дерттері болса, міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Ол жерде буферлі бөлімде ПТР алынып, қосымша зерттеулер жүргізіледі. Егер тест оң нәтиже көрсетсе, осы стационардағы инфекциялық палатаға, егер теріс нәтиже шықса, жалпы палатаға орналастырылады. Әсіресе қант диабетімен ауыратындар COVID жұқтырса, олардың қандағы қант мөлшерін қалпына келтіру үшін инсулинді литрлеп құюға тура келеді екен. Қандағы қант мөлшерін таблеткамен реттеп жүрген науқастар да егер КВИ жұқтырып алса, онда инсулинге ауыстырылады, онсыз болмайды. Сол себепті созылмалы аурулары бар тұрғындар аса сақ болғаны жөн.

– Бір нәрсені түсіну керек, егер коронавирус диагнозы қойылса, қорқыныш болмасын,  бұл – үкім емес! Алғашқы кездегідей емес, қазір біраз тәжірибе жинақтадық, көптеген тиімді жаңа препараттар шығып жатыр. Ең бастысы, дұрыс ем тағайындап, уақытында бастау. Коронавирус несімен қауіпті? Қан айналымы бұзылып, тромбтардың пайда болуы мүмкін. Бұл инсульт, инфаркт сияқты ауыр дерттерге әкелуі ықтимал. Сол себепті ауруханадан шыққаннан кейін де бір айдай күтініп, дәрігердің бақылауында болу керек. Адамның көңіл-күйінің күрт бұзылуы, күш-қуатының азаюы, әлсіздік сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Одан қорықпау керек, – деп толықтырды басшы.

Сергей Попов науқастардың барлығына ПТР тестін, КТ зерттеулерін жасау қажет емес деген пікірде. Өйткені  COVID өкпені зақымдағанда көрінетін «күңгірт әйнек»  симптомы өкпенің созылмалы дертімен ауыратындарда да кездесе береді. Сол себепті шетелде компьютерлік томография диагностикалық әдіс болып саналмайды екен. Оларда коронавирус диагнозын қою үшін КТ зерттеулерін жүргізу бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану болып есептеледі.

 

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Сергей Александрович облыста коронавирус індетіне шалдыққандарды емдеуде көптеген оңды шаралардың атқарылып жатқанын айтады. «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы ыстық түсіретін антипиретик препараттардың жеткілікті қоры жасалған, дәріханаларда толып тұр. Барлық медицина ұйымдарында  оттегі  нүктелері бар, оттегі станциялары орнатылып жатыр. Ауыр науқастар үшін құрамында коронавирусқа антиденелері бар иммундық плазманың мыңдаған дозасы әзірленген. Бұл – әсіресе өз иммунитеті төмен, созылмалы аурумен ауыратындар үшін  таптырмайтын ем. Қазір бүкіл әлемде қолданылатын өте тиімді, дәл осы COVID-19-ды емдеуге арналған спецификалық коронавир, фавипиравир препараттарының мыңдаған қорапшасы жуықта өңірге жеткізілуі тиіс. Әрине, бұл дәрілерді дәрігерлер де абайлап тағайындайды. Өйткені 14 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге қолдануға болмайды, бүйрек пен бауырға жағымсыз әсерлері де мол. Ондай жағдайда жоғарыда айтқан иммунды плазма қолданылады.

 

Өз бетімен емделу қайғылы аяқталуы мүмкін

Әңгіме барысында аурухана басшысы тұрғындардың өз бетімен емделуге құштарлығына алаңдаушылығын жасырмады. Қазірден бастап дәріханалардан антибиотиктердің, антикоагулянттардың, гормондардың жеткілікті қорын жинап алып, індетпен бетпе-бет келуге дайын отырғандар бар, өкінішке қарай. Сергей Александрович осы үш топтағы препараттарды өз бетімен қолданудың зияны туралы ескертті. Әсіресе антибиотиктерді оңды-солды ішудің кесірінен ертең әртүрлі асқынулар бола қалса, ешқандай антибиотик  ағзаны қорғай алмайды.

– Біз көктемде дәріханалардағы азитромицин, зикмак сияқты антибиотиктерді жеп, тауыстық. Антибиотиктер КВИ кезінде алғашқы бес күнде мүлде қажетсіз. Керісінше, кардиологиялық дерттерді өршітіп жібереді. Меронепем сияқты өте күшті антибиотикті дәрігерлер тек консилиумның шешімімен ғана тағайындайды. Оларды жөн-жосықсыз ішудің салдарынан ертең қарапайым ангинаны емдей алмай, науқастан айырылып қалуымыз мүмкін, – дейді бас дәрігер.

Екінші топтағы антикоагулянттар – қанды сұйылтатын препараттар. Олар да – абайлап, дәрігердің бақылауында ішуді талап ететін дәрілер. Мөлшерден тыс қабылданған медикамент ішкі органдардан қан кетуіне әкелуі мүмкін, бұл жағдайда да сұйық қан тоқтамай, арты қайғылы аяқталмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Үшінші топтағы гормондарды өз бетімен қабылдаудан бүйрек қызметі бұзылып, асқазан жарасының асқынуы, асқазан ішек-жолдарынан қан кетуі мүмкін.

– Егер осындай асқынулар орын алса, коронавирус оның қасында ойыншық болып қалатынын тағы да ескертемін. Екіншіден, бұл дәрілер өте қымбат тұрады. Мен тұрғындарға ешқандай қаржылық шығындарға бармаңыздар деп қайталаймын. Мемлекет осы індетпен күреске қыруар қаражат бөліп отыр. Амбулаторлы жағдайда үйде емделіп жатқан науқастарға коронавирусты емдейтін бес түрлі  препарат тегін беріледі. Оны учаскелік терапевт тағайындайды, жергілікті емханадан беріледі. Сондықтан өз қаражаттарыңызға ПТР тест тапсырып, КТ-дан өтіп әуре болмаңыздар. Денсаулығыңызға қарап, учаскелік дәрігер қажет зерттеулер мен ем-домды стационардан тыс та, тегін  тағайындай алады. Тұрғындар өз құқықтарын біліп, оны талап ете білгендері дұрыс, – деп пысықтады Сергей Попов. Сөзінің соңында Сергей Александрович коронавирус жұқпасын жұқтырғандарды оңалту шараларына да тоқталды. Бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі де баса көңіл бөліп отыр. Министрліктің сайтында әртүрлі тыныс жаттығулары көрсетілген. Бұл – оңалтудың ең алғашқы сатысы. Мұндай жаттығуларды қалай жасау керектігін жергілікті емхана қызметкерлері де үйрете алады. Бас дәрігер қазір оңалту бойынша емдеу хаттамасын тосып отырғандарын жасырмады. Қаржыландыру көзі анықталса, бұл жобаны қолға алатын күн де алыс емес.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button