COVID-19 

Коронавирусты амбулаторлық жағдайда қалай емдейді?

Ғалымдардың өздері  тұрғындардың 80-90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырады, тек онымен өмір сүріп үйрену керек деп кеңес береді. Қазіргі таңда кез келгеніміздің жақын туыстарымыз, таныстарымыз, тіпті өз басымыз да осы ковидпен ауырып тұрғандар қатарындамыз. Жаз кезінде көп адамдардың өз беттерімен, үй жағдайында емделіп, аман қалғаны да жасырын емес. Жарты жылдың ішінде КВИ-ді емдеудің он бір хаттамасы өзгерді. Тағы да мамандардың кеңесіне құлақ түрсек, коронавирус дертін жұқтырғандардың міндетті түрде ауруханаға жатуға ұмтылмағаны дұрыс. Өйткені қанша залалсыздандырылған болса да, стационарда басқа да жұқпалардың болуы, оны жұқтырып алу қаупі жоғары. Дерттің орташа және жеңіл түрімен ауырғандарға, не болмаса, симптомы жоқ науқастарға қазір амбулаторлық жағдайда ем-дом жасалады.

Тұрғындар нені білу керек?  Өскемен қаласындағы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Екатерина Татикованың кеңесіне құлақ түрсек, егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, ыстығыңыз көтерілсе, бойыңызда аурудың басқа да белгілері білінсе, алдымен жергілікті емханадан мобильді топты шақырту керек. Келген медициналық қызметкерлер сіздің дене температураңызды, сатурацияны (қандағы оттегінің мөлшері) өлшеп, диагностикалық алгоритм бойынша диагноз қояды. Симптомы жоқ науқастар, жеңіл және орташа түрімен ауырғандар, ауруханадан шыққан науқастар үйде оқшауланып, амбулаториялық жағдайда дәрігерлердің бақылауында болады.

Мамандар стационардан шыққан науқастардан  эпидемияға қарсы режимді сақтауды жалғастыруды талап етеді. Оқшаулау кезінде індеттің жеңіл және орташа түрімен ауырғандар белсенді болуға тырысу керек және көп мөлшерде жылыдай сұйық сусындар ішкен абзал. Егер дене қызуы көтерілсе, парацетамол, ибупрофен сияқты, стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қолдануға болады.

Науқас өз бетімен  температураны, пульстің жиілігін, тыныс алуын, қан қысымын, оттегінің қанықтылығын бақылап отыруы керек (егер импульстік оксиметр болса).  Егер  пациенттің жағдайы ауырласа, оны  учаскелік дәрігер өз бақылауына алады.

Мамандардың айтуынша, ПТР -дің оң нәтижесі анықталған, бірақ басында дерттің  клиникалық белгілері байқалмаған адамдар  14 күнге (инкубациялық кезеңнің ұзақтығына байланысты) оқшауланған кезде, оларда дерттің белгілері пайда болуы мүмкін. Сондықтан оларға  Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, үйдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, қатаң бақылауға алынады. Егер  аурудың жөтел, ентігу, қалшылдау сияқты клиникалық белгілері пайда болса, онда дәрігер науқастарды қараудың келесі тактикасын анықтайды. Үйде 14 күн оқшауда болған науқастар клиникалық симптомдары болмаған жағдайда бақылаудан шығарылады.

Жеңіл түрімен ауырғандарды үйде бақылау олардың денсаулығындағы қауіп факторларына байланысты жүргізіледі. Созылмалы ауыруы жоқ науқастарға тәулігіне 75/150 мг ацетилсалицил қышқылы (ел аузында аспирин)  тағайындалады.  Егер ацетилсалицил қышқылын тағайындауға қарсы көрсеткіштер болса,  күніне 75 мг клопидогрел беріледі.  65 жастан асқан, артық салмағы  немесе қант диабеті бар, қан қысымы жоғары,  және т.б. қауіп факторлары бар  пациенттер мұқият бақылауды қажет етеді, әсіресе аурудың екінші аптасынан бастап. Жүректің тұрақты  фибрилляциясы, терең тамыр тромбозы және т.б.  көрсеткіштері  бойынша   пероральді антикоагулянттарды (қан сұйылтатын препараттар) қабылдайтын пациенттерге оларды қабылдауды үй жағдайында да ары қарай жалғастыру ұсынылады.  Егер жеңіл түрімен ауырған науқастардың үш күн қатарынан дене қызуы көтерілмесе, суық тию симптомдары білінбесе, олар дәрігердің бақылауынан шығарылады. Мұндай жағдайда ПТР тестен өткізу немесе КТ /рентгенге түсіру қажет емес.

Орташа дәрежедегі науқастар егер жағдайы нашарласа, ауруханаға жіберіледі.  Оған дейін егер пациенттерде тромбоэмболиялық аурулардың  жоғары қаупі болса, оларға амбулаторлы түрде ішілетін антикоагулянттардың профилактикалық дозалары тағайындалады. Осы топтағы науқастардың үш күн қатарынан дене қызуының жоғарылауы және тыныс алуының қиындауы болмаса, олар да медициналық бақылаудан алынады. ПТР зерттеуді жүргізу қажет емес, тек  көрсеткіштері  бойынша КТ/ рентген-диагностика жасалады.

Екатерина Татикованың айтуынша, ривароксабан 10 мг немесе дабигатран этексилаты 40 мг сияқты пероральді антикоагулянттар, ыстық түсіретін новиган ( ибупрофен 400 мг) сияқты препараттар емханадан тегін беріледі.

Бұған дейін облыс орталығындағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Попов амбулаторлы жағдайда үйде емделіп жатқан науқастарға коронавирусты емдейтін  бес түрлі  препарат тегін берілетінін, оны учаскелік терапевт тағайындап, жергілікті емханадан босатылатынын айтқан болатын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button