COVID-19 

 Коронавируспен күрес бәсеңдемейді

      Күршім ауданында коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары одан әрі жалғасын тауып, тиянақты түрде қадағаланып отыр. Барлық қажетті заттар жеткілікті, тұрғындар денсаулығы жіті назарда. Бұл жайында бізге аудандық орталық аурухананың бас дәрігері М.Білейменов төмендегідей ақпарат берді.

– Күршім аудандық ауруханасында  60 төсек-орын даяр, – дейді Марат Бақтиярұлы. – Оның ішінде жеті реанимациялық төсек бар. Науқастар саны артқан жағдайда мұндағы стационар 125 төсек-орынға дейін кеңейтіледі. Ал Марқакөл ауылдық ауруханасы стационарын 30 төсекке дейін кеңейте алады.

Жұқпалы ауруларға арналған стационар бөлімі медицина қызметкерлерімен толық қамтылған, мұнда кадр тапшылығы жоқ. Бұл бөлімге қазіргі уақытта 18 дәрігер, 28 орта буын, 30 кіші медицина қызметкері тартылып отыр. Аудан бойынша барлығы 69 дәрігер, 233 орта буын медицина қызметкері, 62 кіші персонал бар.

Бас дәрігердің мәліметіне жүгінер болсақ, 2020 жылдың 30 қарашасындағы жағдай бойынша КВИ-1 бөлімінде жеті адам стационарлық ем қабылдауда. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Вирусқа қарсы дәрінің 5000 таблеткасы «Парыз» қоры арқылы алынып отыр. 918 таблетка фавипиравир препараты «СК Фармация» арқылы сатып алынып, науқастарға  стационарлық жағдайда қолданылуда. Осы препараттарды қолданғаннан кейін науқастардың жағдайлары жақсарып, стационардағы емделу мерзімдері қысқарды. 16 қарашадан  бері  бес адам осы препаратпен емделіп, жазылып шықты. Ал тағы алты  адам емін жалғастырып жатыр.

Күршім ауданы бойынша 15 мобильді (12 дәрігерлік, 3 фельдшерлік) бригада жұмыс істейді, оның төртеуі – резервтік бригадалар. Емдеу мекемелері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген, бұл құралдардың бір айлық қоры бар.

Аудан ауруханаларында мынадай медициналық жабдықтар бар:  алты монитор,  инфузомат (оның  қолда бары  – бір дана, алынғаны – 8, барлығы  тоғыз  дана).

Сегіз өкпені жасанды желдету аппараты, төрт ИВЛ аппараты қайырымдылық қоры арқылы берілді. Барлығы – 12 дана. Аудандық ауруханада бір, ауылдық ауруханада бір рентген аппараты жұмыс істейді. 15 оттегі концентраторы бар, жыл соңына дейін тағы 12-сі алынады деп күтілуде.

Аудан бойынша барлығы бес функционалды медициналық төсек, 21 дана пульсоксиметр жұмыс істеуде. Оттегі станциясына арналған магистраль, 50 оттегі көзі орнатылды. Оттегі станциясы стационарларда қолданылуда. 1 СРАР – өкпені жасанды желдету аппараты (жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балалар үшін) бар. Жыл соңына дейін тағы біреуін алу көзделуде.

Аудандық аурухана жанынан ПТР (полимералды тізбекті реакция) зертханасы ашылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып, жабдықтар жеткізілді. Бір дәрігер, бес лаборант оқытылып, дайындалған соң, осы зертхана өз жұмысын бастап кетті.

Компьютерлік томографияға түсу үшін науқастар күнделікті сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі кесте бойынша Алтай қаласына жіберіледі. Сөйтіп, 49 адамға компьютерлік томография зерттеуі жүргізілді. Аудан бойынша жалпы тіркелген науқастар саны – 180 адам. Олардың 115-і  симптомды, 65-і симптомсыз сырқаттар екендігі анықталды.

60 доза даярлауға иммундық плазма жоспары берілген болса, осының 51 данасы әзірленді. Коронавируспен ауырып,  жазылған адамдардың қаны бұл  сырқатқа шалдыққан  өзге науқастардың өмірін сақтап қалуға себепкер болуы мүмкін. Сондықтан да иммундық плазманы құю ауыр науқастардың иммунитеттерін көтеру мақсатында қолданылады. Оны жасанды жолмен алу мүмкін емес. Тек COVID-19 антиденелері бар сауыққан адам ғана плазма доноры бола алады. Иммундық плазмамен емдеу тәсілі өзге де тиімді емдеу әдістерімен бірге қолданылып отыр. Иммундық плазмаға донор анықтау  туралы шешімді науқастың денсаулық жағдайын тексеру арқылы дәрігерлер қабылдайды.

Ауданда бүгінге дейін 206 адам коронавирус ауруымен тіркелген болатын. Олардың 110-ы стационарда ем қабылдады. Иммундық плазмаға донор болуға жарамды адамдарды іріктеп алып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, әзірше донор болуға ешкім ынта білдірмей жатыр. Осыдан кейін облыстық қан орталығынан 1, 2, 3, 4 қан тобы бойынша 16 доза иммундық плазма берілген болатын. Науқастарға құйылған алты дозаның да нәтижелері жақсы.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button