Қоғам

Кореялықтар көпір салып, аурухана тұрғызуға әзір

Кореялықтар көпір салып, аурухана тұрғызуға әзір

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскеменге келген кореялық «POSCOe&c» қаржылық-өнеркәсіптік тобы өкілдерімен кездесті.
Екіжақты кездесу барысында облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ РОSСОe&c тобының ТМД бойынша өкілі Хон Дон Кван және ТЕСSimecheon инвестициялық компаниясының өкілі Хер Нам Чермен облыста кореялықтардың қаржы салуымен мемлекеттік – жеке серіктестік негізде жүзеге асырылғалы отырған нысандар құрылысы мәселесін талқылады.
Әлемдегі ең үздік 40 құрылыс – өндірістік компаниялар тізіміне еніп отырған РОSСОe&c компаниясы Өскеменде 300 орындық көпсалалы аурухана, Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға инвестиция құюды жоспарлап отыр.
– РОSСОe&c компаниясы біздің өңірімізбен ынтымақтастық байланыс орнатып, жақсы жұмыс істеп келеді, ең алдымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында. Мен өздеріңізге де бірнеше рет айттым, Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпір салу бізге аса қажет екендігін. Бұл – қыста да, жазда да қиындық тудырып келе жатқан өңірлік өткір мәселе. Екі жылдан бері осы мәселені қарастырып, елеп, екшеп, қазір мәресіне жеткіздік. Тиісті құжаттар салалық министрліктерде, соның ішінде еліміздің Ұлттық экономика, көлік министрлігінде мақұлданып, бекітілді, – деп облыс әкімі кореялық кәсіпкерлерге Ертіс үстінен салынатын көпір құрылысын жүргізуге қажетті барлық құжаттардың даярланып қалғандығын жеткізді.
Қазіргі күні жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, конкурстық ресімдеу құжаттары «Республикалық мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы» АҚ-да қаралып, зерделену үстінде.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа республикалық мемлекеттік-жеке серіктестік орталығымен, кореялық компаниямен бірлесе жұмыс істеп, инвестициялық жобаны дайындаудың соңғы сатысын тыңғылықты аяқтауды тапсырды. Құжаттарды даярлауда туындап, анықтауды қажет етіп отырған кейбір мәселелерді нақтылап, өзге де ескертулер мен маңызды жәйттерді кореялықтармен бірге талдап, кеңесе атқаруды жүктеді.
Ал облыс орталығында кореялық компанияның қаржысымен салынғалы отырған 300 орындық көпсалалы аурухана жобасының жөн-жосығы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде қарастырылып жатыр. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туғызу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковке депутаттармен бірлесе отырып денсаулық сақтау заңдылықтарына қандай өзгерістер енгізу қажеттігі жайында өз ұсыныстарын жолдауды міндеттеді.
Кездесуде облыс әкімі Өскемендегі ТМК-да кореялық компания салып жатқан «Посук титаниум» бірлескен кәсіпорнының титан құймалары өндірісі жыл аяғына дейін іске қосылатынын айтып, осылайша екіжақты өзара ынтымақтастық байланыстардың өңірімізде өз нәтижесін көрсетіп жатқанын атап өтті.
– Қазіргі күні Өскеменде салынып жатқан «Оңалту орталығының» дәрігерлерін сіздердің клиникаларыңызда тәжірибе жинақтатып, оқытып, қайта даярлықтан өткізсек деген де үлкен жоспарымыз бар. Менеджменттік басқару жағынан қолдау, көмек алсақ дейміз. Өйткені, бұл оңалту орталығын мамандары, құрал-жабдықтары, қай жағынан болмасын ең озық медициналық мекеме етіп құруды ойластырып отырмыз. Семейде құрылып жатқан медициналық радиологиялық холдингті де жаңа тәсілдермен ем-дом жасайтын халықаралық деңгейге сай етіп салуды көздеп отырмыз, – деген облыс әкімі аталған холдингке де кореялық дәрігерлердің көмек, қолдауы қажеттігін айтты. Биыл жазда құрылысы басталған Өскемендегі 80 орындық оңалту орталығы келер жылы салынып бітпек.
Кездесуде РОSСОe&c қаржылық-өнеркәсіптік тобының өкілі Хон Дон Кван облыс әкіміне алғысын білдіріп, өздерінің Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпір құрылысын бастауға әзір отырғандықтарын, компания мамандарының көпір салынатын жерді көруге, нысан жобасымен танысуға деген тілегін, құлшыныстарын жеткізіп, сенім артылып, тапсырылғалы отырған маңызды жобаларды сәтті жүргізуге, қай саладағы болмасын екіжақты байланыстарды тиімді түрде дамытуға тырысатындықтарын баяндады.
ТЕСSimecheon инвестициялық компаниясының өкілі Хер Нам Чер де облыс әкіміне жергілікті жерден қолдау көрсетіліп жатса, өздерінің сенімді инвестор бола алатындығын жеткізді. «Инвестициялар туралы» Заңға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша қазір елге қаржы салатын шетелдік инвесторларға айтарлықтай жеңілдіктер жасалып жатыр. Инвестициялық жобасын жүзеге асырған инвесторларға салық түрлерінен босату, салынған нысанға кеткен шығынды ішінара қайтарып беру сияқты түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Елде шетел инвесторларын қолдауға орай жасалып жатқан осындай шараларды атап көрсеткен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА кореялық компания өкілдері облысқа, соның ішінде Өскеменге инвестиция салуға аса ынталы екендіктерін білдірді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button