Қоғам

Кореядан құрал әкеп, елде жоқ кәсіпорын ашты

Кореядан құрал әкеп, елде жоқ кәсіпорын ашты


Оңтүстік Корея соңғы жылдарда қазақстандықтар үшін табыс табатын таптырмас жерге айналды. Бүгінде бұл елде 39 мың отандасымыз жүр екен, соның басым бөлігі осы елде тұрып, жұмыс істеп жатыр. Күніне кем дегенде 20-30 мың теңге, айына 500 мыңнан миллион теңгеге дейін табыс тауып жатқандары айтылып жүрген олар шетелде көбінесе көп күшті, жүріп-тұруды қажет ететін қара жұмыстарды атқаруда. Тіл білетіндері қызмет көрсету саласында еңбек етіп біздің елде алатын айлық еңбекақысынан он есе артық табыс табуда.

«АҚ МАҢДАЙДЫКІН» ҒАНА АЛАДЫ

Жұмыс күші жетіспейтін Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жүргендердің көпшілігі Қазақстан мен Корея арасындағы 30 күнге дейін рұқсатсыз жүріп-тұру мүмкіндігін пайдаланып барып, кейін сол елде жұмысқа қалып қойғандар. Олардың ішінде 12 мыңнан астам қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүрген көрінеді. Гастарбайтерлер қаптап кеткен Корея елінің билігі қазаннан бастап заңсыз жүрген шетелдіктердің өз еркімен елден кетуіне алты ай уақыт беріп отыр. Кетпегендер 6,5 млн. теңге көлемінде айыппұл төлей отырып, заңға тартылмақ.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауа ма?» Емделуге немесе демалуға емес, нәпақа табуға Кореяға кетіп жатқандардың бұл қадамға елімізде жұмыстың (жалақысы жан сақтауға жетпесе де) жоқтығынан барып отырғандықтары белгілі.

Корея туралы неге сөз қозғап отырмыз? Жолын біліп, шамасы жеткен ел Кореяға жұмысқа кетіп жатса, Глубокое кентінде тұратын Тоқтаған Біржанұлы керісінше сол зауыт, фабрикасы көп Кореяның құрал-жабдығын, технологиясын Қазақстанға әкеліп, жаңа өндіріс ашып, жұмыссыз жүрген жерлестерін жұмысқа алып, елде жоқ өнім шығарып жатыр.

Біз Глубокое кентіне барып Тоқтаған ашқан шағын кәсіпорынға алғашқылардың бірі болып бас сұқтық. Күзден бері Өскеменнің қос базары мен бірнеше дүкендерінде сатыла бастаған түйе жүнінен жасалған жұп-жұқа шұлықтар осы жерде өндіріліп жатыр. «Шұлық қой» деп мұрынын шүйіре қарайтындарға кәсіпкердің айтары көп.

-Қарапайым зат болғанымен шұлық сатып алмайтын адам жоқ. Ал біздің өнімнің өтімділігі-оның сапасы мен бағасында. Түйе жүнінен иірілген жіптерді Моңғолиядан алып отырмыз. Түйе жүнінің қасиетін білмейтін қазақ жоқ шығар, жұқалығына қарамастан жылуы мол, берік, емдік қасиеті көп. Шұлық шикізатының 70 пайызы таза түйе жүні. Қазір біздің шұлықтар өз аймағымызбен қоса Алматы, Астана, Қарағанды сияқты басқа да бірнеше қалада толайым саудамен сатылып жатыр. Ол жақтарда да сауда орнын ашып, сатушы ұстап отырмыз. Сұраныс көп, бірақ өндіріс енді ашылып отырғандықтан өзге өңірлерге шығаруға күшіміз жетпей жатыр. Бір алған адам екінші рет қайтадан келіп міндетті түрде біздің өнімді таңдайды. Өйткені арзанқол басқа жүн шұлықтарға спандекс, синтетика сияқты жасанды қоспалар көп қосылса, бұл шұлықтардың 60-70 пайызы таза табиғи жүн. Өндірілген өнімді жолдасым қоймадан барлық қалаларға мезгіл-мезгілімен жөнелтіп отыр, -дейді Тоқтаған.

Автоматтандырылған кореялық шағын станоктар шұбатылған жіптерді іліп әкетіп, бірер минөттің ішінде-ақ жұп-жұмсақ, жып-жылы шұлыққа айналдырып жатыр. Зырылдаған үш станоктың әрқайсысы күніне 200-300 жұп шұлық шығара алады. Әзірге мұнда күн сайын барлығы 400 жұп шығарылуда.
«Ақ маңдай» деген әдемі атау берілген шағын шұлық кәсіпорны Глубокоеде биылғы сәуір айында ашылған. Кенттегі ескі ғимаратты сатып алып, жөндеп, ішіне өндірістік жабдықтарды қоюға кәсіпкердің анау- мынау емес 50-60 млн. теңге қаражаты кетіпті. Ай өткен сайын өндіріс күш алып, өнімі ұлғайып келеді.

Тың кәсіпті бастаған Тоқтаған өндірістік жабдықтарының аздық етіп тұрғанын айтты. Өндірістік жобадағыдай жылына 1 млн.500 мың жұп шұлық шығару үшін тағы да бірнеше кореялық құрал-жабдық желісі қажет. Оған әжептәуір қаржы кетеді. Жеңілдікпен берілетін несие алуға кәсіпкердің банкке қояр кепілдігі болмай тұр. Құны 25 млн. теңге болатын өндірістік ғимаратты банктер жарты құнына ғана бағалаудан әрі аса алмауда. Ондай кепілдікпен көздеген құралдарды сатып алуға, әкелуге жететіндей несие алу мүмкін емес.

Кореядан құрал әкеп, елде жоқ кәсіпорын ашты

МОҢҒОЛИЯЛЫҚ МАМАННАН ҮЙРЕНІП ЖАТЫР

Жаңа өндірісті аяғынан тік тұрғызуға қажетті маманды да кәсіпкер Оңтүстік Кореядан тауыпты. Кореяның шұлық тоқу фабрикасында бес жыл еңбек еткен тәжірибелі маман, моңғолиялық жігіт Бахтооржы қазір өндіріс желісінің ақаусыз жұмыс істеп, сапалы шұлық шығаруына бар күш-жігерін салуда. Шұлық өндіру технологиясының қыр -сырын жетік білетін ол осындағы жұмысшыларды жаңа өндірісте жұмыс істеуге үйретіп жатыр. Тоқтаған бір кездері атажұртқа Моңғолия елінен көшіп келген. Сондықтан Моңғол тілін жетік меңгерген оның Бахтооржымен сөйлесуіне тіл кедергісі жоқ, аудармашы қажет емес. Бар кедергі сол баяғы несиеде болып тұр.

«Халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетті ғана емес, ішкі нарықты да отандық өніммен қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын осы күздегі Жолдауында ел Президенті. Қазақстанға келген соң білек сыбана бизнеске кіріскен Тоқтаған Біржанұлының өнімі халық тұтынатын, елге қажетті, ішкі нарыққа керекті заттың нақ өзі.

Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында несие алып, станоктар санын 20-25-ке жеткізіп, өндіріс қуатын арттырса жаңа кәсіпорынға 20 адамды тұрақты жұмысқа алуға болады. Қазіргі күні мұнда бес адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын жұмысшыларының ең төменгі еңбекақысы 90 мың теңге.

Глубокоедегі шағын кәсіпорында өндіріліп жатқан шұлықтар «ZERА» деген атаумен шығарылуда. «Ақ маңдайдың» иесінің арманы келешекте «ZERА» маркісімен шұлық қана емес, мақтадан тігілетін жұқа шұлықтар, қолғап, қалпақ, кашемир пальто шығарып, осы атаумен отандық бренд жасау. Олардың да қажетті шикізатын Моңғолиядан, Кореядан, Өзбекстаннан алмақ ойда.

Түйе жүнінен тоқылған шұлықтар қолжетімді бағада сатылып жатыр. Құрамының 60 пайызы жүн, 40 пайызы акрил болатын жіптің келісін 10 доллардан сатып алады, жүні 70 пайыз, акрилі 30 пайыздық жіп 11доллар. Доллар өскелі «Ақ маңдайдың» шұлықтарының да бағасы көтеріле түскен. Себебі шикізат шеттен келеді. Осындайда рәсуә болып жатқан қой жүнін өңдеп, жіп өндіріп, шығаратын басы бүтін бір кәсіпорнымыздың болмағаны тағы да көңілдегі көрікті ойды бұзады. «Ақ маңдайдың» әдемі шұлықтарына Ресейден де сұраныс түсіп отыр екен. Моңғолиядағы жүн өнімдерін өндіруші «Монгол Нос» компаниясының қазақстандық ресми дистрибьюторы болып отырған кәсіпкер болашақта өнімдерін экпортқа шығармақ ойы бар екенін айтты, әзірге елден артылмай отыр.

Кореядан құрал әкеп, елде жоқ кәсіпорын ашты

Тоқтаған Біржанұлының отбасы елге Моңғолияның Баян-Өлгей өңіріндегі Ресеймен шекаралас жатқан Ақкөл ауылынан қоныс аударған. Кезінде арғы аталары Алтай таулары арқылы Моңғолияға ауып барып, сол жақта Қарамаңдай деген таулы аймақты мекен етіпті. Сол ата-бабалары жайлаған, өздерінің балалық шағы өткен жақтағы Ақкөлдің Қара маңдай жайлауына ұқсастырып, әрі ақпейіл, ақ тілектерімен ырымдап жаңа өндірістерінің атауын «Ақ маңдай» қойған екен.

-Біз әрбір қаладан ашып тастаған «Вайкики», «Котон», «Дефакто» т.б маркілі толып жатқан шетелдік өндірушілердің өнімін сатып алып, соларды байытып жатырмыз. Елдің қалтасындағы қаржысы осылардың өнімдеріне жұмсалып, шетке кетіп жатыр. Менің ойым келешекте еліміздің бірнеше қаласынан «ZERА»-ның шағын сауда орындарын ашып, өнімдерді қазақстандық бренд деңгейіне көтеру, – деп түйіндеді әңгімесін кәсіпкер. Шұлықтарын ел жапырылып сатып алып жатқан «Ақ маңдайдың» аты жаңғыз өнімімен ғана емес, басқа да киімдерімен шығып жатса ағайындарымен бірігіп, алға қойған мақсаттарына жетіп, жетуге талпынып жатқан Тоқтағанның «ZERАны» отандық брендке айналдыра алатыны ақиқат екенін ағардық.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button