Қоғам

Көпір құрылысы қалай жүріп жатыр?

Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпір құрылысының басталғанына да бір жыл уақыт болды. Бұл аса маңызды нысанның жайы, ондағы құрылыс қарқыны аудан халқын, тіпті басқа аймақтардың жұртшылығын алаңдатып, көпшіліктің орынды қызығушылығын туғызып отырғаны да шындық.

Жұрттың үкілі үмітін арқалап, келешекке деген сенімін нығайтып келе жатқан осы құрылыс жайлы өсек-аяң мен қаңқу сөздердің де гулеп тұрғанын жасыра алмаспыз. Қаңқудың аты – қаңқу. Оған тосқауыл қою үшін бар шаруаны көзбен көріп, құлақпен естіп, алға нақты фактілерді көлденең тарту қажет. Осы мақсатты көздеп, Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, кеңес мүшесі, зейнеткер Қ.Қырықбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Р.Қалижанов, кәсіпкер Ж.Адырышев бар топ қатаң күзетілетін аумаққа ат басын тірегенде, қонақтарды мұндағы барша жұмысқа тікелей басшылық жасап жүрген учаске бастығы Ю.Чановтың өзі қарсы алды. Ол әңгіме тиегін ағытып, қойылған барлық сауалдарға бүкпесіз жауап қайтарды.

– Еңбекақының берілмейтіні, мұндағы босаңсып кеткен еңбек тәртібі туралы келеңсіз әңгімелердің қай-қайсысы да негізсіз, – дейді Юрий Владимирович. – Еңбекақы қарызы деген әңгіме бізде жоқ. Әр айдың 10-ы күні еңбекақы түгелдей жұмысшылардың қолдарына тиеді. Тәртіп қатты, мұндай стратегиялық құрылыста қылтың-сылтың, ішімдік ішу деген сияқты олқылықтарға жол берілмейді. Тәртіп бұзған адам қоржынын арқалап, сол күні үйіне қайтады. Ал еңбек жағдайы орнықты, жалақы жақсы болғандықтан, ешкімнің де жұмыстан кеткісі келмейтіні түсінікті. Жұмысшылардың барлығы дерлік осы өңірдің азаматтары.

Материал жеткілікті, жұмыс толық қуатымен жүріп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, биылғы жазда еңбек қарқыны өнімді болды. Қосалқы көпірді орталай келе, біз негізгі тіреулердің үшеуін көтеріп үлгердік. Осындай алып тіреулердің енді он төртін қоятын боламыз. Жұмыс екі жағалауда бірдей атқарылуда. Арғы жағалауға қажетті материалдарды катерге тіркелген баржамен жеткізіп жатырмыз. Осындай бір баржамыз, екі катеріміз бар. Тағы бір буксирлі катер, екі моторлы қайығымыз бар.

Учаске бастығының айтуынша, арғы жағалауда күндіз 25 адам, түнде 15 адам жұмыс істейді екен. «Түнде» деп отырғанымыз, бұл кәсіпорында қыс-жаз, күн-түн деген ұғым жоқ көрінеді. Жұмыс толассыз жүруге тиіс, жүріп те жатыр. Көпір құрылысында барлығы 190 адам вахталық кезекпен еңбектенуде.

Мұндағы техника атаулының баршасы жаңа әрі сапалы. Қытай өндірісі шығарған алып крандар толассыз гүрілдеп, ауыр бөлшектерді орын-орнына қойып жатыр. Көпір құрылысында 75 тонна жүк көтеретін екі, 56 тонналық үш кран жұмыс істеуде. 25 тонналық қуаты бар тағы бір кран және екі автокран осындағы ауыр жұмысты жеңілдетуге барынша үлестерін қосып жатыр.

Көпірдің біз тұрған бөлігінің астындағы судың тереңдігі 11 метрді құрайды екен.

– Бұл әжептәуір таяз жер, – дейді Ю.Чанов. – Осыдан сәл бұрын біздің 27 метр тереңдікте жұмыс істеуімізге тура келген болатын.

Біздің «қазіргі аласапыран кезеңде бұрынғы ТМД елдерімен, әсіресе Ресеймен байланыс үзіліп қалған жоқ па?» деген сауалымызға учаске бастығы барынша нық жауап қайтарды.

– Жоқ, – деді ол. – Бастапқыда Украинадағы соғысқа байланысты сәл қобалжулар болған, бірақ қазір бәрі өз орнын тауып, жұмысымыз қалыпты дәрежеде жалғасып жатыр. Мысалы, көпірдің негізгі балкалары, екі жағын көмкеріп тұратын қалқан қанаттары Ресейдің Курган қаласындағы «КурганСтальМост» зауытында шығарылады. Біз сол зауытпен келісімшартқа отырғанбыз, даяр болған бөлшектерді сол жақтан тасымалдайтын боламыз.

Осыдан кейін Юрий Владимирович бізге аталған балкалардың жайын түсіндіре бастады. Екі алып тіреудің арасын осы ұзындығы 64 метр болатын балкалар жалғастырады екен. Бұл балкалардың өздері жеке-жеке бес бөліктен тұрады. Тасымалдауға оңай болу үшін солай жасалған көрінеді. Көпірге бөлектеніп жеткізілген әлгі бөлшектер осы арада құрастырылып, ұзындығы 64 метр, биіктігі 3 метр 20 см. алып балкаға айналады. Оны 75 тонналық крандар көтеріп алып, сонадайдан көзге ұрып тұрған алып тіреулердің үстіне орналастырады. Осыдан кейін оны бетондап, дәнекерлеп, одан әрі нығыздап бекітеді. Мұндай көпірдің қанша жыл тұрса да беріктігі кемімейтіні сөзсіз.

Бізбен емен-жарқын тілдесіп, пікір бөліскен осы кәсіпорынның қауіпсіздік техникасы бойынша инженері А.Аристов пен прораб О.Родионов мұндай жауапты да маңызды құрылысқа атсалысып жүргендерін мақтан тұтатындарын ортаға салды. «Бүгінгі еселі еңбегіміз күні ертең осы төңіректегі қабырғалы қауымның игілігіне айналатыны – біз үшін үлкен қуаныш», – дейді олар.

Ю.Чанов көпір құрылысының 2025 жылы аяқталатынын құлаққағыс еткенде, біз «құрылыс әлі ұзаққа созылады екен ғой» деген мәндегі өкінішімізді білдірген болатынбыз.

– Оны уайымдамаңыздар, – деп жадырай күлді учаске бастығы. – Амандық болса, 2024 жылы көпірден өте бастайсыздар. Біз қосалқы көпірді бұзып, бөлшектерін тасып, әбден арылтып болғанша бір жыл өтетін шығар. Міне, 2025 жыл деп отырғаным – осы.

Көпір құрылысындағы қайнаған еңбекті, жұмыс басындағы көтеріңкі көңіл мен қалтқысыз ынта-ықыласты көріп, көңіл төрінен қуанышты бір сезім шоғының жылт еткені рас еді. Бұқтырманың шығысында жатып, үлкен қалаларға пароммен қатынайтын, оның бейнеті мен тауқыметін армансыз тартса да, туған жерден кіндік үзгісі келмейтін бейнетқор қауым салынуын асыға күтіп отырған осынау алып құрылыстың күн санап алға басып бара жатқанына шынымен риза болдық.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button