Қоғам

Көпбалалы жанұялар баспаналы болды

Республика күнін мерекелеу аясында облыста 10-нан астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, сондай-ақ 34 көпбалалы отбасыға жаңа үйлердің кілттері табыс етілді.

Глубокое, Тарбағатай және Ұлан аудандарының көпбалалы отбасыларына Республика күніне орай жаңа үйлердің кілттері табысталды. «Бірқабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында салынған үйлердің тапсырылу салтанаты көпбалалы отбасылар үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Айталық, осы бағдарлама бойынша Глубокое ауданында 10, Тарбағатай ауданында 6, Ұлан ауданының Герасимовка ауылында 12 және Сағыр ауылында 6 отбасы баспанаға ие болды.

– Қоныстанушыларды Республика күні мерекесі қарсаңындағы қуаныштарымен құттықтаймын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша бүгін бәріміз баспаналы болып отырмыз. Ел игілігі үшін жұмыс істеп жүрген барлық еңбеккерлерге және осы үйлерді салуға атсалысқан құрылысшыларға алғыс айтамыз! Баршаңызға амандық, балаларыңызға жарқын болашақ тілеймін! – деп ризалығын білдірді Глубокое ауданының тұрғыны Меруерт Махтиева.

Глубокое кентінде былтыр осы жоба аясында 20 жаңа отбасы үйлі болса, биыл 10 жаңа үй салынып отыр. Ұлан ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып жатыр.

Республика күні пәтер кілтін алған бақытты жандардың қатарында Дәлел отбасы да бар.

– Біз бұл мерекелік шараға өте қуаныштымыз. Енді жыл сайын Республика күні біз үшін тіптен маңызды мейрам болмақ, өйткені дәл осы күні жаңа баспана алып отырмыз, – дейді Ұлан ауданы Сағыр ауылының тұрғыны Күлпаш Дәлел.

Республика күнін мерекелеу аясында аудан-қалаларда бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мәселен, Зайсан ауданында Мәдениет үйі және аудандық мешіт жанынан медресе, ал Шемонайха ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

– Енді біз бос уақытымызды барынша тиімді өткізетін боламыз. Спорт нысанының ашылуына баршамыз да қуанып отырмыз, – дейді бұл оқиғаны асыға күткен шемонайхалық Екатерина Бейсембаева.

Жалпы, Республика күніне орай Шығыста 500-ден астам іс-шара өтті. 10-нан астам әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, 34 отбасы жаңа үйге ие болды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button