Көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылады
Ержан Әбіш
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Бұл туралы бірқатар маңызды әлеуметтік мәселе талқыланған кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Айталық, Зайсан ауданында 20, Күршім ауданында 14, Катонқарағай ауданында 5 үй тұрғызылатын болды. Аймақ басшысы әкімдерге үйдің қашан және нақты қай отбасылар үшін салынатыны туралы жоспар құруды тапсырды.
– Тапсырылатын үйлерден бас тартқан көпбалалы отбасылар бар, бұл ретте ауылдардағы бос үйлерді сатып алып, жөндеп, қолданысқа бере аламыз, – деді Даниал Ахметов.
126 ауылда интернетпен қамту бойынша проблема бар, сондықтан атқарушы билік ауылдарда орнатылатын антенналардың типтік жобасын әзірлеген.
– Денешынықтыру-спорт кешендерінің құрылысына тоқталсақ. Тұрғындар саны үш мыңға жетпейтін ауылдарда Айыртаудағыдай типтік жоба құрамыз. Ал үш мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердегі жобалар Тавриядағы спорттық нысанға ұқсас болады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңірде 50, 100, 320, 600, 1200 орындық мектептердің үлгілік жобалары әзірленді, қажет жағдайда солар пайдаланылады.
Жиында өңірдің жылу беру маусымына дайындығы пысықталды. 1 қазанға дейін барлық әлеуметтік нысандар жылуға қосылады. Тұрғын үйлердің дайындық төлқұжаттары бар. Теміржол тұйықтарында дүрлікпе жоқ, тұрғындар көмірді уақытында сатып алған.
– Біз отын сатудың тағы екі бекетін аштық. Сондай-ақ барлық қазандықтар да дайын. Риддердегі жағдай алаңдаушылық туғызған, бірақ жылу-энергия орталығының басшылығы станциядағы жөндеу жұмыстары аяқталуда деп мәлімдеп отыр, – деді Даниал Ахметов.
Әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын бақылау жөніндегі мониторингтік топтар жұмысын жалғастырады, олар өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ аймақ басшысы аграрлық жәрмеңкелерді жандандыру қажеттігін айтты, оларда халық өнімді өндірушілерден тікелей сатып алуы тиіс.