Кооперативтің пайдасын көргендер көп
Аягөз ауданында бүгінгі күні көптеген күрмеуі қиын мәселелер біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары бойынша алда атқарылар істер жайында аудан әкімі Бақытжан Байахметов айтып берген еді.
-Бақытжан Кәкенқажыұлы, аудан көлемінде кейінгі жылдары көптеген істердің басы қайырылғаны шындық. Мұны жұртшылық көріп отыр. Болашақтағы жоспарлар жайында айтсаңыз.
-Біздің басты мақсатымыз ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің өсу қарқынын қамтамасыз ету болғандықтан, биыл жалпы өндірілген өнім көлемін 76 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Оның ішінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 55 млрд. теңгеге, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін 21 млрд. теңгеге жеткізу жоспарымызда бар.
Ауылшаруашылық саласы бойынша 1411,6 млн. теңгеге 112 жобаны іске асырмақшымыз. Мемлекет тарапынан «КазАгро» қаржы институты бойынша 661,0 млн. теңгеге 80 жоба іске аспақ. Бірқатар жекелеген азаматтар өз қаражатына 231,2 млн. теңгеге 32 жобаны қолға алады. Яғни, бұл тұрғыда 69 адамның жұмыспен қамтылуы жоспарлануда.
-Аягөзде ауызсу мәселесі ежелден өзекті тақырыпқа айналған. Осыны шешу жағы қай деңгейде?
-Иә, ауыз су мәселесі Аягөзде сонау кеңестік жүйе кезінде де толық шешімін таба алмағаны рас. Бүгінгі күнге дейін қалаға су құбырын тартудың бірнеше кезеңі өтті. Алға қойып отырған жоспарларымыздың бірі қала халқын орталықтандырылған су жүйесімен қамту деңгейін 87 % жеткізу болып табылады. Негізі, ауданда су мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Биылғы көктем шығысымен Аягөзде су жүйесін жаңартудың төртінші кезеңі басталды. Семей қаласының «Қазэлектроинжиниринг» ЖШС 473 млн. теңгеге су жүйесінің құрылыс жұмыстарын бастады. Мердігер компания 30,2 шақырымға су құбырын тартады. Осы жұмыстың нәтижесінде Аягөз қаласының Сәтпаев, Жамбыл, Жолдасовтар, Талды, Боранбай Би, Шақымұлы, Болатов, Шәкеров, Дүйсенов, Тоқтаров, Даутбергенов, Апрошкин, Маңғызбаев, Школьная, Терешкова, Оразалиев, Байтұрсынов, Сәметов, Құрманғазы, Водосточная, Ғаббасов, Б.Момышұлы, Алтынсарин, Крайняя, Шәкенов, Нұрмұхаметов, Чкалов, Бигелдинов көшелеріне және жұрт арасында «3-шақырым» аталып кеткен қаланың ықшам ауданына ауызсу құбырларын тартамыз. «Қазэлектроинжиниринг» ЖШС осыған дейін де Семей қаласының көптеген аудандарына су жүйесін енгізген мердігер компания болғандықтан, бұл шаруаны олар дер кезінде атқарып шығады деген сенімдеміз.
– Бүгінгі күні ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Бұл тұрғыдан келгенде Аягөз ауданының ауылшаруашылық саласы алдыңғы қатарда екені рас…
-Иә, Аягөз ауданы ауылшаруашылығымен, оның ішінде негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру өте дұрыс бастама деп есептеймін. Бабаларымыз «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген емес пе, қашанда «келісіп пішкен тон келте болмайды». Ұжым болып бірігіп, Үкіметтің берген жеңілдіктерін пайдалану – осы салада жүрген барша азаматтардың парызы. Өндірістік кооперативтер құру жағынан ауданымыздың жетістіктері бар. Мәселен, аудан көлемінде 2016 жылы 12 кооператив тіркелсе, 2017 жылдың 1-тоқсанында ғана 14 кооператив ашылды. Атап өтерлігі, қазірдің өзінде мұндай кооперативтердің мал өсіргендер, ауылшаруашылығымен айналысатындар үшін өте пайдалы екендігі анықталып отыр. 2017 жылдың 1-тоқсанында «Береке» бағдарламасы арқылы «Қарағаш Асыл», «Балтатарақ» ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерінің 42 мүшесі отбасылық мал бордақылау кәсібімен айналысуға 92,0 млн. теңге алды, қосымша 11 адам ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры арқылы 35 млн. теңгеге құжаттарын тапсырды. Биылғы жылдың қорытындысында мұндай кооперативтер 830,0 млн. теңге субсидия алатын болады. Жалпы, аудан көлемінде 26 ауылшаруашылық өндіріс кооперативтері тіркеліп, жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айтып өтуге болады.
– Әлеуметтік салалар бойынша да мағлұматтар бере кетсеңіз…
– Әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан істер баршылық. Үш ауысымдық мектеп пен оқу орындарының тапшылығын шешеді, орын тапшылығын 1800-ден 600-ге дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаруаның алғы шарттары жасалып та жатыр. Жаңа 600 орындық мектептің құрылысы басталып, кейбір оқу орындарында мектепке дейінгі балалар үшін жапсарлас ғимараттар салынып, жабдықталуда. Мәселен, осы жылға білім саласында 1996,7 млн. теңгеге 18 жоба, мәдениет саласында 104,8 млн. теңгеге жеті жоба, спорт саласында 66,0 млн. теңгеге үш жоба жоспарланған. Бұдан басқа нәтижелі жұмыспен қамтуда 300,1 млн. теңгеге 40 жоба жоспарланып отыр. Жалпы, 2017 жылға 5762,1 млн. теңгенің көлемінде 178 жоба жоспарланды.
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.