Кооперативке құру бірігуді бастап кетті
Шаруа қауымының кооперативтерге бірігуін ынталандыратын шаралар қолға алынғалы ауылдарда қарбалас пайда бола бастады. Өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың басында облыс бойынша 73 ауылшаруашылық кооперативі құрылған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сенсек, кооператив саны бойынша аудандар арасында Зайсан мен Аягөз көш бастап тұр. Нақты айтсақ, Зайсан ауданында 15, Аягөз ауданында 13 кооператив құрылып, жұмыстарын бастап кеткен. Қалған аудандар мен қалалардың әрқайсысында бірден алтыға дейін кооперативтер құрылыпты.
Құрылған 73 кооперативтің 47-сі мал шаруашылығына бағытталған. Ал өсімдік бағытында 16 кооператив жұмысын бастады. Сондай-ақ, Зайсан, Көкпекті, Күршім және Тарбағатай аудандарында балық шаруашылығына маманданған бес кооператив өндіріске өз үлесін қосуда. Зырян, Үржар, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының омарташылары да кооперативке бірігіп жұмыс істеуді тиімді деп тапса керек. Бұл бағытта да бес кооператив құрылып отыр.
Абай, Аягөз, Жарма, Ұлан аудандарында әзірге тек мал ұстайтын тұрғындар ғана кооперативке бірігуде. Бұл істе асқан белсенділік танытып отырған аягөздік кооператив мүшелерінен жұмыстың қалай ұйымдастырылып жатқанын сұрап көрдік.
– Қарағаш ауылының 50 жанұясы бірігіп, «Қарағаш асыл» атты кооператив құрғанбыз. Ортаға 270 бас сиыр шығарып, Үржар ауданынан шароле нәсілді тоғыз бас бұқа сатып әкелдік. Бізді жергілікті әкімдік қанатқақты ұжым ретінде тіркеп, «Береке» бағдарламасы арқылы әрбір отбасына үш миллион теңгеден несие берді. Жемшөп қорын нығайту үшін 2000 гектар жер бөліп отыр. Енді инвестициялық несие алып, оған бордақылау алаңы мен қасапхана салсақ деп отырмыз. Қасапханаға қажет құрылғыларды Ресейден әкелеміз. Бұл жобалардан ақша асып жатса, сүт өңдеу цехын салу жоспарда бар. Жуықта кооперативімізге тағы 20 отбасы келіп қосылды. Әзірге кооператив мүшелері ұйымшылдық танытып тұр. Барлық жұмысты құрылтайшыларға сілтеп қоймай, біреуі құжат жинауға, біреуі жұрттың басын қосуға шамасы келгенше атсалысып жүр. Мысалы, менің өзім сенімхаттарды басқарушымын, – дейді кооператив мүшесі Гүлмира Зайниева.
Ал Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Ай ауылының тұрғындары кооперативке біріккенімен ешқайсысы несие алмапты.
– «Айасыл» кооперативіне 56 отбасы кіріп отыр. Ортақ мал саны – 446 бас. Біздің ұжым ет бағытында жұмыс істемекші. Қазір 2,5 мың гектар жер алуға өтініш жазып, соның құжаттарымен жүгіріп жүрміз. Кооперативтің құрылтайшысы болып үш адам бекітілген. Барлық жұмысты сол үшеуіміз ұйымдастырып келеміз, – дейді кооператив басшысы Әділбек Қожабаев.
– Аягөз ауданында алғаш боп кооператив құрған біздің ұжым болатын. «Майлин» кооперативінің құрамында қазір 44 отбасы бар. 341 бас сиырды бірлесіп бордақылаймыз. Мемлекеттен несие алмаймыз деп шештік. Есесіне сиырдың әр басына 18 мың теңгеден, асыл тұқымды бұқаға 154 мың теңгеден субсидия алдық. Біздегі 11 ангус нәсілінен, – дейді құрылтайшы Дамир Ырымғалиев.
Биыл Аягөз ауданында тағы 14 ауылдық округте өңдірістік кооператив құру жоспарланған екен. Аягөз бен Зайсан ауданының игі бастамасын өзге аудандар да іліп әкетсе, қанеки. Ол үшін ел арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырмай болмас.
Есжан Ботақара