Қоғам

Кооператив құрғандардың жұмысы жүре бастады

Кооператив құрғандардың жұмысы жүре бастады


Ауданда кейінгі бірер жыл көлемінде ауылшаруашылық кооперативтерін құру, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру, бірлесіп әрекет етудің қамын жасау шаралары оң үрдіс алып отыр.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов қазіргі күндері 52 кооперативтің ашылғанын, олардың құрамында 1713 адамның жұмыс істеп жатқандығын айтты.

Соның бірі – аудан орталығына жақын орналасқан Ақжар ауылының Қарамойыл бөлімшесіндегі «Аслан» ауыл-шаруашылық кооперативі. Кооператив басшысы Серік Әлкеновты тез тауып алдық. Елді мекенде отыздай ғана отбасы тұрып жатыр. Кішігірім ауыл біртұтас кооперативке бірігіп, ұйымшылдықпен еңбек етуге кіріскен.

– Дегенмен, 2016 жылдың аяғында ұйымдасқан шаруашылықтың проблемасы жетерлік. Кооперативтің қазіргі ең өзекті мәселесінің бірі, әрі бірегейі қомақты несиеге қол жеткізу, онсыз ісіміз алға баспайды,-дейді Серік Әлкенов. – Кепілдікке қояр техникаларымыз бірен-саран ғана, әрі ескі. Қазір құжаттарды реттедік, несиеге ие боларымыз анық. Шаруашылықта алпыстай ірі қара малымыз, осыдан сәл көбірек ұсақ мал бар. Алдағы уақыттарда мыңғыртып мал өсірсек, сонымен қатар, егін егіп, көкөніс баптасақ деген ойдамыз. Егіндігіміз әзірге отыз гектар ғана. Жаңадан техника алып, егістіктің көлемін ұлғайтып, таудан жайылым алсақ деп жоспар құрып отырмыз.

Бұл бір ғана шаруашылықтың қазіргі жай-күйі. Ал осындай қаншама ұжымдасқан бірлестіктердің түйткілді мәселелерін шешу, ісін алға бастыру – жергілікті биліктің міндеті.

– Шаруа қожалықтарымен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде, 2017 жылы ауданның 58 ауыл шаруашылық құрылымдары жалпы құны 809,0 миллион теңгеге 164 жаңа техникаларын әкелді, соның ішінде «ҚазАгрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы 28 шаруашылық 70 техника алды, – дейді ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т.Шоманов.

Аудан бойынша ірі қара малдың саны бұл күндері 91 632 басқа, жылқы саны 27 444 басқа көбейді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын өңірімізде дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары жалғастырылуда. Асыл тұқымды ірі қара малдарын дамытумен ауданның 12 қожалығы, асыл тұқымды қой шаруашылығымен 2 қожалық және асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен 3 қожалық айналысады. Былтыр ауданнан тыс өңірлерден ауданымыздың 25 шаруа қожалығы жалпы құны 155,4 миллион теңге болатын асыл тұқымды 388 бас ірі қара малы мен 100 бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алды. Өңірде шаруашылықтар мен жеке тұлғалардың өз қаражаттары есебінен 6061 бас ірі қара малына арналған 40 мал бордақылау алаңдары салынды. Осылардың ішінде 27 шаруа қожалығы 5665 басқа және 13 жеке тұлғалардың 396 басқа арналған мал бордақылау алаңдары іске қосылып, бүгінгі күндері жұмыс істеп тұр.

Ашылған ауыл шаруашылығы кооперативтерін жеңілдетілген пайызбен несиелендіру мақсатында, кооператив мүшелеріне отбасылық мал бордақылау жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 135,8 миллион теңгеге барлығы 52 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар модульдік мал сою мен сүт қабылдау пункттерін және рефрижратор автомобилін сатып алу бойынша «Ай-Шын» және «Үржар-сүт» ауыл шаруашылығы кооперативтері қаржыландырылу үстінде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы кәсіпкерлік істерін дамыту үшін 19 жеке тұлғаларға 52,5 миллион теңге және «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы 124,0 миллион теңгеге 12 жоба қаржыландырылды. Ара шаруашылығын өркендету бағытында да ауданда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аудан көлемінде омарта шаруашылығымен 130 шаруашылық шұғылданады. Олардағы 4257 дана ара ұяларынан орта есеппен жылына 250 тонна бал өндірілуде. Бүгінгі күні аудандағы 5 асыл тұқымды ара шаруашылығында карпат тектес асыл тұқымды аралар өсірілуде.

Ауданда сүт өндірісін дамыту мақсатында сүт қабылдау және оны өңдеу пункттерінің жұмыстары жалғастырылып, «Юбилейный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100,0 миллион теңге өз қаражатына және «Сағади» шаруа қожалығы «Каз АгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы несие қаражатына, 283 миллион теңгеге жалпы сыйымдылығы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын іске қосу жобаларын іске асырып жатыр.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша сүт қабылдау пункттерімен барлығы 1008 тонна сүт жиналып, өңдеуден өткізілді, жоспар 100,8% -ға орындалды. Өңдеуден өткізілген сүттің 164,0 тоннасы мемлекеттік тапсырыс бойынша аудандық әлеуметтік мекемелерге босатылды.

Аудандағы Жоғарғы Егінсу ауылдық округінің әкімі Еркін Кәрімовпен де жолығып, аталған елді мекендегі кооператив құру жұмысының қалай іске асып жатқандығын сұрастырған едік.

– Ауылымыз онша үлкен болмаса да, ірі шаруашылықтар баршылық. Елдің тұрмысы оңалып, ауқатты тұрып жатыр десек артық айтқандық емес. 2016 жылы 40 мүшесі бар «Ақбота» кооперативі құрылған болатын. Былтыр «Мұстафа-Кәрім» кооперативі құрылды. Мұнда 25 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта тағы бірнеше кооператив құруды межелеп отырмыз. Бұл барлық жағынан оңтайлы және жұмыс орындары көбеймек, – дейді Еркін Кәрімов.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button