Қоғам

Конституция күнінде 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды

Конституция күнінде 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды


Шығыс жұрты еліміздің ең мерейлі мейрамдарының бірі – Конституция күнін кең көлемде, жоғары деңгейде атап өтті, осы күні облыс орталығында жәрмеңкелер, спорттық сайыстар, жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмелері, концерттер, өзге де дәстүрге айналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі мерекелік шараларға қатысып, барша қалалықтарды Ата Заңымыздың мерекесімен құттықтады.

Таңертеңнен бастап Республика алаңына әр жастағы қала тұрғындары, еңбек ұжымдарының, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары мен студенттері, облыс орталығының қонақтары жинала бастады. Көп ұзамай-ақ алаңда инешаншар жер қалмай, қуаныш-қызыққа ортақтасуға келген шат-шадыман күйдегі адамдарға лық толды. Көкке көтерілген егемен еліміздің қасиетті Байрағы самал желмен толқи желбіреп, көңілге шаттық сезімін ұялатып тұрды, аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырылды, мерекелік таң осылайша басталды. Конституциямыздың мерекесіне орай концерт және көпшілік көңілін көтеруді көздеген конкурстар ұйымдастырылды. Аймақтың әр өңірінен келген кәсіпкерлер жәрмеңке барысында өздерінің ауылшаруашылық өнімдерін әлеуметтік бағамен ұсынды.

Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, Конституция мейрамын атап өту еліміздегі барлық салаларда заманауи жаңғыртулардың жүргізіліп жатқанымен айрықша екенін баса айтты.

– Қадірменді қауым, құрметті жерлестер, баршаңызды бүгінгі қастерлі мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция жаңа Қазақстанның, елдің іргетасын қалады. Осы бір жылдар ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты, дүниежүзінде өзінің лайықты орнын алды. Тарих қысқа кезеңде біз таңдаған ұстанымның, біз таңдаған бағыттың дұрыстығын дәлелдеді. Конституция көпұлтты Қазақстан халқына адал қызмет етіп, әлемге біздің шынайы демократиялық қадамдарымызды көрсетті.

Еліміздің Негізгі заңы «Біз, Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Осы сөздерде біздің басты құндылығымыз көрініс тапқан, ол – елімізді көпұлтты және көпконфессиялы халқы. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ айтуынша, біздің Ата Заңымыз бізге ең басты құқықты – таңдау жасау еркіндігін берді, себебі өз өміріңді өзің басқару – барлық асыл-қазынадан да бағалы. Шығыс Қазақстан тұрғындары әрдайым мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз ерен еңбектерімен елеулі үлес қосып келеді, – деді қалалықтарға Даниал АХМЕТОВ.

Конституцияның 20 жылдығына арналған қызықты қойылымдар тура сахна алдында өткізілді. Еліміздің Ата Заңын бейнелейтін үлкен кітап пайда хореографиялық композицияның орталығына айналды. Ырғақпен адымдаған әскерилер ортаға Мемлекеттік Туды алып шықты, содан соң еліміздің Әнұраны шырқалды.

Бұдан соң жүрекке жылы тиетін әсерлі концерт басталды. Қалалықтар мен облыс орталығының қонақтарын мемлекеттік мерекемен «Арабески», «Шанс», «Сударушки», «Аққу», «Звезда Востока», «Ару би», «Улыбка», «Экспрессия», «Экстази», «Пируэт» би ұжымдары құттықтады. Жас өнерпаздар көпшілік көрерменнің талқысына қуатты да көркем билерін ұсынды. Салтанатты концерт өзбек, орыс, қазақ, кәріс, кавказ билерінсіз өтпеді. Ең кішкентай өскемендіктердің өздері әуенге елтіп, биші қыз-жігіттерге қосылып кетті. Бұдан соң танымал әншілер Нұргүл Қабдоллаева, Антон мен Ирина Барабаш, «Хамит пен Айжан» дуэті, «Аллегро», «Инкоро» топтары, «Торади» ансамблі өнеріне, сондай-ақ, жастардың би кешіне ұласты.

– Тағдырдың айдауымен біз отбасымызбен он жыл бұрын Қазақстанға көшіп келдік. Қамқорлығы мен сүйіспеншілігі үшін берекелі Қазақ еліне, қонақжай қазақ халқына мың да бір алғыс! Барлық этностарға біртұтас ұлттың ажырамас бөлігі болуға мүмкіндік берген Ата Заңымызға рақмет! Мерекелеріңізбен! Әр шаңыраққа тыныштық, ізгілік пен құт-ырыс ұяласын! – дейді облыс орталығының тұрғыны, осетин ұлтының өкілі Тамара Яндиева.
Мерекелік шаралар облыс орталығының өзге де ықшамаудандарында өткенін атап айтқан абзал. Қалалық деңгейдегі спорттық сайыстар ұйымдастырылды, мәселен Октябрь аралында байдаркамен және каноэмен ескек есуден біріншілік, Ольга Рыпакова атындағы манежде жеңіл атлетика чемпионаты, Комсомол аралында қаладағы мөлтек аудандардың әуесқой командалары арасында шағын футболдан турнир өткізілді.

Шаһар орталығында жәрмеңкелерде сауда қызу жүрді. Әсіресе, оқу құралдары мен киім-кешектер арзан бағамен ұсынылды.
– Біз бүгінгі мерекеге арнайы әзірлендік. Бүгін Ата Заңымыз қабылданған күн болса, аз уақыттан соң жаңа оқу жылы да басталады. Сондықтан мейрамда ата-аналар мен оқушыларға көмегіміз тисін деп мектепке қажетті заттарды жеңілдікпен сатып жатырмыз, – деді сатушы Алина Сытенко.
Конституция күніне арналған 800-ден астам түрлі мерекелік іс-шаралар Шығыс Қазақстанның барлық аудан-қалаларында болып өтті.

Алты ана «Күміс алқамен» марапатталды

Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – қазақтар қастерлеп, берік ұстанған дала заңдары. Ұлы даланы ен жайлаған ұлтымыздың ұлылығы сол, тарауы мен бабы болмаған сол дала заңдарын бабаларымыз бұлжытпай орындады. Ал сол ұлылардың ұрпақтары бұл күнде егемен елдің Ата Заңына аса құрметпен қарайды. Конституция күні Семейдегі орталық алаңға, саябаққа жиналған халықтың санында шек болмады. Семей жұртшылығы мерекені Абай атындағы театрда да атап өтті.

– Мемлекеттің бірінші тірегі – әлбетте, Ата Заң, – деді осы кездесуде еңбек ардагері Жұман Жақсылықов, – Негізгі заң елдің айбатын, қайратын аңғартады. Біздің Конституциямызда рухани құндылықтар мен адам құқығы, ар-ождан, мемлекеттің меншігі барынша қорғалған.

Конституция күні қарсаңында ардақты аналардың қатарын алты ана толықтырып, «Күміс алқаға» ие болды. Марапаттамаларды қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Құрманғалиев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов табыстады. Заңға сәйкес, жеті және одан көп баласы бар аналар «Алтын алқа», алты баласы барлар «Күміс алқа» төсбелгісіне ие болады. Енді аталған төсбелгі иелері ай сайын 13 575 теңге мемлекеттік жәрдемақы алады.

– Ата Заң күнін атап өту- басты дәстүріміз. Бұл – негізгі құжаттың өте-мөте құндылығынан деп білемін, – дейді Амантай Доғалақов, – Конституция – ұлан-байтақ Қазақстанды мекендеген жүздеген ұлт өкілдерінің ортақ игілігі. Егемен қазақ елінің негізгі жетістігі де, байлығы да болып табылатын біртұтастық пен бейбітшілікті сақтауда оның атқарар рөлі ерекше. Конституция – жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Сондықтан да осы мерейлі мерекеде біз өмірге ұрпақ әкеліп, әлемнің жарығын сыйлап отырған аналарды ардақтауды жөн санадық.

«Қымызмұрындық» дәстүрі мен «Қарбыз» акциясын жаңғыртты

Шат-шадыман мерекедегі кіреукесіз көңіл, ақ пейілдің айқын айғағындай бұл күні аспан шайдай ашық болды. Қожалық иелері жемшөбін жинап, егін орағын аяқтап қалған. Кейбір ұжымдар астықтың әр гектарынан 25-30 центнерге дейін дән маржанын жинап алған. Көңілдері көтеріңкі зайсандықтар, сондықтан болар, жаңарып, жасарған Абай атындағы саябаққа жинала бастады.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудан басшылары Ата Заң мерекесін есте қаларлықтай өткізуді мақсат тұтқан сыңайлы. Өткен қыста пайдалануға берілген Абай ескерткішінің тұғыры биіктеп, күрделі жөндеуден өтіпті. Аумағы бірнеше гектар саябаққа жаңадан ағаш көшеттері отырғызылып, қола мен мыстан аналардың, бабалардың мүсіндері орнатылған. Балалар ойнайтын алаңға әткеншектер мен алтыбақан қойылыпты. Әсем әуен саябақ ішінде қалықтап тұр. Бір бұрышта Ата Заң туралы оқулықтар мен стенд орналасқан.

Аудандағы ауылдық округтердің тіккен киіз үйлері қаз-қатар тізіліп, алыстан көз тартады. Киіз үйлер сайысы, «Қарбыз» акциясы, «қымызмұрындық» дәстүрі жаңғыртылатынын естіген аудан тұрғындары тамашаны көргенше асығуда. Конституция күні мерекесі мүгедектерге арналған спорт алаңының ашылуымен басталды. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ауданның намысын қорғап жүрген саңлақтар лентаны қиды.
– Бұдан былай бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар турникке асылып, түрлі жаттығулар жасайды, денсаулықтарын шыңдайтын болады. Алдағы уақытта демалыс саябағын абаттандыру жалғаса береді,- дейді Зайсан қаласының әкімі Долдан Тожыбаев.

Тура сағат 10.00-де Ата Заң мерекесіне арналған салтанатты жиын басталды. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов баяндама жасап, аудан тұрғындарын Конституция күнімен құттықтап, өңірдегі өзгерістер мен жетістіктерді тізіп өтті. Бұдан кейін сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шаймардан Оралбаев Ата Заңның адамдарға жасап отырған қамқорлығы, артықшылықтары жайында айтып берді. Сахна төріне «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, алтын құрсақты аналар шақырылды. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов Оразалы Кәмей, Наталья Қайырлина, А.Исмағұлова, тағы басқаларға куәліктер мен алғыс хаттарды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігінің алғыс хаты ауданды сәулеттендіруге қосқан үлестері үшін Марат Әміров, Серік Қомшабаевқа тапсырылды. Бірнеше аудан тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп отырған А.Дудник басқаратын «Сайхан» жауапкершілігі серіктестігіне орден мен арнайы диплом табыс етілді.

Аудандағы ауылдық округтер әкімдері тіккен киіз үйлер сайысы, ұмыт болып бара жатқан қымызмұрындық жарысы қызықты өтті. Қаратал, Қарабұлақ, Айнабұлақ, Кеңсай ауылдық округтерінің қымызы сапалы деп танылды. Бір кездері ауданда қауын-қарбызды кез келген ауылдар егіп, артығын сататын. Ал соңғы жылдары оның көлемі азайып кеткен еді. Қарбыз акциясын жаңғыртудың мақсаты- жері шүйгінді Зайсан өңірінде қожалықтардың көкөніс өсіруге деген ынтасын ояту болып табылады..

Ержан Әбіш,

Раушан Нұғманбекова,

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button