Қоғам

Коньки теуіп, тай мінген…

Коньки теуіп, тай мінген...


Үш ай жазда мектепке асығатын балақайдың алғашқы тоқсанда-ақ қысқы демалысты тағатсыз күтетіні езуге жылы күлкі сыйлайтын, риясыз шындық.
Сөйтіп көп күткен қыс та, қысқы демалыс та келіп жеткен жоқ па?! Оқушы болса да, ойын баласы, он күндік «еркіндігін» естен кетпес етіп өткізгісі келеді.
Ал қала баласы үшін қыс қызығы – мұз айдыны мен сырғанақ екені де шындықпен егіз жайт. Бүгін фототілшімізбен бірге шаһарды шарлап, сол балғындардың ойынына ортақтасып, оймақтай ой түйіп қайттық. Ол ойымыз әлгі бір данышпанның сөзімен сабақтас. Баланың рухани азығы – ойын екен…
Естеріңізде болар, Тәуелсіздік тойына орай Өскеменде бірнеше мұз айдыны пайдалануға берілді деп жазғанбыз. Біз солардың ішіндегі ірісі – «Самалға» бардық.

Сол кезде де айтқанымыздай, айдын таңғы сағат 10-нан бастап жұмыс істейді екен. Жалпы мұнда балақайлар «коньки ізін» суытпай келіп тұратын көрінеді. Қызметкерлердің айтуына қарағанда, күн көзінің шуақтануына байланысты кешелі бері келушілер тіпті көп. Көзіміз көрді, көңіліміз сенді. Мұз айдыны бала-шаға, дүңгіршек конькиге толы.

Коньки теуіп, тай мінген...

– Оқушылар тоқсандық демалысқа шыққалы, күн сайын келе бастады. Сол себепті қосымша коньки әкелдік. Қазіргі уақытта 156 жұп коньки бар. Сырғанақта да мәре-сәре бала. Сенбі сайын қызықты ойындар ұйымдастырамыз. Өткен жұмада балақайларға ыстық шай мен палау бердік. Тегін. «Берсең балаға бер» деуші еді ғой үлкендер. Каникул біткенше оларға талай тосынсый жасаймыз, – дейді бұл жердегі жетекші қызметкер Жанәділ Әрменов.
Балақайлардың дені 3-5-сынып оқушылары екен. Одан ересектеулері де бар.

– Мен әкеммен бірге келдім. Коньки теуіп үйреніп жүрмін. Сырғанақтан сырғанай алам. Конькиді жақсылап тебе алатын болған кезде, әкем маған скейдборд сатып әперем деді, – дейді Алмас есімді балақай.

Өткенде облыс әкімі Даниал Ахметов бұл жерді үлкен демалыс орнына айналдырып, шаңғы жолы мен скейдборд алаңын ашу керектігін айтқан болатын. Яғни жоспарда бар. Бұл жайлы Алмас білмейтін де шығар. Айтқанымызбен де түсіне қоюы екіталай-ау деп ойладық. Қалай болғанда да, Алмас конькиді меңгергенше, скейдборд алаңы ашылар деген үміттеміз.

Коньки тебуден қолы тимей жүргендердің бірі – Темірлан. Атын сұрап үлгеріппіз. «Қашан келіп ең, қашан қайтасың» дегеніміз сол екен, жүгіре басып бара
жатып жауап берді. «Бағана келгем… білмеймін… атам тоңғанша жүреміз» дейді батырың. Осы бала ауылдан келген-ау деп ойладық.

Коньки теуіп, тай мінген...

Ауыл демекші, ауыл баласы да бұл кезде қонышына қар толып, қызыққа батып жүр. Мұз айдыны болмаса да, мектеп жанында шағын хоккей қорабы бар. Глубокое ауданына қарайтын Малоубинка ауылы туралы айтып отырмыз. Үбенің жағасындағы балақайлар да коньки теуіп, таудан шаңғымен сырғанайды. Алтайдың қоры мол, әйтеуір. Мектеп ауласында тау мая етіп жануарлардың мүсінін жасайды.

Ауыл баласының қар түскенде күтетін тағы бір қызығы – тай міну. Оған да барлығының бірдей батылы бара бермейді. Негізі асау тайды тақымында тулатқан шабандоз балақайлар айналасы 3-4 сағаттың ішінде жануарды титықтатып-ақ тастайды. Сондай батырдың бірі – Бекарыс. Әрине бұл төскейде шұрқыратып жылқы айдаған дүр қазақы ауыл емес. Әйткенмен күліктің азуына күрт шайналған ауыздықтың иісіндей бір қасиеті бар жұрт. Бекарыс бір қыста бір тай үйретеді. Сиқырлы айнаның арбауына түскен өзге балаларды көргенде, Бекеңнің осы бір бекзада болмысына разы боласың.

Коньки теуіп, тай мінген...

Бізді соңынан ертіп келеді. «Жүріңіздер, атқора анау жақта. Сіздерге бәсіремді көрсетем» дейді. Көрдік. Бекарысқа бек тәнті болдық. Қарасақалдау кісі болсақ, бата беріп-ақ кететін бала. Алар. Елдің ықылас-батасын алар.

Баламен бірге бала болып, осындай қызықты сапар шектік. Қыс қызығы мен қарагөз балақайлардың рухани азығы таусылмасын.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button