Қоғам

Кондукторларға да айыппұл салынды

 Семейде былтырғы желтоқсан айынан бастап барлық бағыттарда электронды билет жүйесі  іске қосылған еді. Жобаның пилоттық нұсқасы 25 қыркүйектен бастап №5 автобуста енгізілген болатын.

Жол жүру ақысын көлік картасы немесе мобильді қосымша арқылы төлеуге болады. Ал қаңтар айынан бастап барлық бағыттардың көпшілігінде стационарлық валидаторлар іске қосылды.  Бүгінге дейін 328 валидатор сатып  алынған.

Соңғы екі апта аралығында қалалық қоғамдық көліктерде жүзден аса билетсіз жүрген жолаушылар анықталды. Көліктерде жедел топтар мен бақылаушылар төлем төлеудің тәртібін бақылауда.  Олардың құрамына тексеру топтары мен полиция қызметкерлері енгізілген. Ақысыз жүрген жолаушы 2 АЕК мөлшерінде, яғни 5302 теңге айыппұл төлейді. Соған қарамастан кейбір жауапсыз жолаушылар үшін бұл әкімшілік шара жауапкершілікті сезінуге әсер етпейтіндей. 23 қаңтар мен 5 ақпан аралығында көліктердегі тексеру кезінде жүзден аса тегін жүргісі келетін жолаушылар анықталды. Егер ұсталып қалған жолаушылардың бірі жолақысын қолма-қол төлеп жатса, кейбірінің сытылып кеткісі келеді. Тіпті жауапкершіліктен жалтарып, тәртіп сақшысынан тайқып кетуді көздейтіндер де табылып жатты. Жастарын 70 жастан асырып,  өтірік ұлғайтып жазып, жалған жеңілдік куәлігін жасап алғандар да табылды. Қолданыстағы заңнама бойынша 70 жастан асқан зейнеткерлер үшін жол жүрудің 50 пайыз жеңілдігі қарастырылған.

– Жолақысын төлемеудің түрлі тәсілдерін қолданатын жолаушылар келеңсіз жағдайларға жолығып та жатады, – дейді бақылау-тексеру комиссиясының басшысы Аманбол Байсаринов. – Мысалы, бір әйел қашып кетіп, үйлердің арасындағы қоқыс жәшігінің артына тығылса, біреуі жерасты жолына түсіп, жоқ болды. Жалған куәлік жасағандардың құжатын ЖСН-мен тексергенде, өтіріктері ашылып қалды. Осындай жалған құжат зағип жандардың арасында жиі кездеседі.  «Зағиптар қоғамы» маңында осындай құжаттарды бес мың теңгеден сатып жүр деген ақпарат та бар. Бұл мәселе тексеріледі.

Семей ақпараттық орталығының мәліметінше, бір әйел әкесінің жеңілдікпен жүретін куәлігімен ұсталып, айыппұл төлейтін болып отыр. Бұдан былай мұндай әрекетке бармайтынын айтып, кешірім сұраған.

Аталған іс қалалық ішкі істер басқармасына беріліп, қадағалауға алынды. Ал төлем картасының иесі жұмыспен қамту орталығына шақырылып, картаны бөгде адамға беру алаяқтық екені түсіндірілді. Бұл картаға ЖСН нөмірі тіркелмеген болып шықты. Сонымен, жолаушы әйел ақысыз жүргені үшін ғана емес, бөтен адамның картасын пайдаланғаны үшін екі есе айыппұл төлейтін болды. Айта кету керек, жауапкершілікке кондукторлар да тартылады.  Жолаушыларды ақысыз тасымалдаған  немесе байқамай қалған осындай тоғыз кондукторға айыппұл салыныпты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button