Шекара бойлаған елдің әңгімесі де, тарихы да шекараға байланысты болатыны белгілі. Тарбағатай өңірінде өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында елдің шекарадан көрген қиянаты жөнінде көп айтылады. Мұндағы бір заставаның В.Кондюрин есімімен аталуына да елдің наразылығы қатты. Бұл мәселе жиындарда да айтылып, Үкіметке ұсыныстар да беріліп жатады. Бірақ заставаның атын өзгерту қанша қаузаса да іске аспай ақ келеді.
ҰЛТҚА ЖАСАЛҒАН ҰЛЫ ҚИЯНАТ ҰМЫТЫЛСА – КҮНӘ
Осыған аз да болса септігіміз тие ме деген оймен нақтылы деректерге сүйене отырып бір мақала жазу мақсатында, сол застава орналасқан Ойшілік ауылының әкімі С.Ығиев екеуіміз 2014 жылы тамыз айында заставаға әдейілеп барған едік. Сол жерде заставаға қатысты, Зайсан шекара жасағы туралы бірталай мағлұматтар алынып, жергілікті баспасөз беттерінде мақалалар жазылғанымен, застава сол беті В.Кондюрин дейтін қанішердің атымен аталып келеді. Биылғы қауырт қолға алынып жатқан игілікті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шапағаты тиіп қала ма?» – деген үмітпен сол әңгімені қайта қозғамақпын.
«Мың өліп мың тірілген» қазақ халқы үшін ХХ-шы ғасырдың басталу кезеңі әсіресе, қиянатқа толы болды. Ақ империяның азабынан арылып болмай жатып, қызылдың қырғынына тап келдік. «Халыққа бостандық әперуді» ұрандаған большевиктік үкіметтің негізін салушы «Ұлы көсемнің» өзі алғашқы жарлықтарынан бастап тап жауларын «сөзсіз атып-асуды» міндеттеді. Бұл дегеніңіз қазіргі тілмен айтқанда «ашық террор мен геноцидті заңдастыру» – деген сөз. Сонда, халықты жаппай қырып-жоюды ашық түрде жариялаған үкіметтен не қайыр күтуге болатын еді?
Елдің маңдай терімен тірнектеп жиған мал-мүлкін тәркілеп, мақсатты түрде аштыққа ұшырату, ұнамағанды бас салып жазаға тарту күнделікті тұрмыстық нормаға айналды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, осы нәубеттен қашып, жан далбасалап қыр асуға әрекеттенгендердің қаншасы шекарада ажал құшты десеңізші. «Кім бізбен бірге жүрмесе – сол біздің жауымыз» деген қағиданы ұстанушылар адам құқығы түгілі мыңдаған адамдардың өмірін де бір тиынға бағаламады. Бір жағы қызыл қырғыннан, екінші жағынан жаппай ашаршылықтан есеңгіреген халықтың жан сауғалап, шекара асуы табиғи заңдылық болатын. Қазіргі заманда ондай адамдарды «босқындар» деп атап, халықаралық заңдармен қорғайды. Ал кеңес үкіметі болса қызылдың қыспағынан қашып құтылмақ болған елдің жолын кесу үшін шекараны нығайтуға қауырт кірісіп, көп күш жұмсаған және шекара асқандарға ешқандай аяушылық болмады. Шекара маңындағы оқиғалардың мейлінше немесе қажетінше бұрмалануына да мол мүмкіндік берілді. Сол үшін де екі империяның арасында 1884 жылы белгіленгеннен бастап елеулі күзет қойылмаған шекараны кеңес үкіметі бірден нығайтты деуге болады. Алғашқыда шекара заставаларын салса, іле шала шекара жасақтарын құрды. Соның ішінде Қазақстандағы ең алғашқысы Шығыс шекара отряды (қазіргі Зайсан шекара жасағы) 1924 жылы құрылса, оған қарайтын қазіргі Кондюрин атындағы застава 1922 жылы қойылған. Ол алғашқыда Тымырсық өзенінің бойындағы бүгінгі Томар ауылында, бұрынғы кеденнің үйінде орналасты. Көнекөз қариялар сол заставаларды салғанда бұрынғы Нұғыман болыс салдырған мектепті бұзып, соның кірпішін, тіпті, маңайдағы тас бейіттердің тастарын да пайдаланды деуші еді.
«Әр заманға бір сұрқылтай», – дегендей, революция сол заманның «сұранысына» сай жазалаушы жендеттерді де қалыптастырды. Олар халыққа жаппай жасалған қиянатты жүзеге асырушылар болатын. Ауданымыздың төрінде орналасқан бір заставаға аты берілген Василий Кондюринді Тарбағатай жұрты солардың бірі деп таниды. Бір кездері біздер пионер боп, «Батыр шекарашы В.Кондюриннің» ерлігін дәріптеп жүрген кездің өзінде кейбір үлкендер «қанішер қандыірің» жайында күңкілдеп қана айтатын. Соның өзі біздің аппақ, кіршіксіз бала көңілімізге күдік қалдырып, сол қоғамның әсіре әділдігіне деген сенімімізге селкеу түсіретін.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты, біздің ғана емес, бүкіл елдің санасындағы жаңағыдай күдік пен күмәннің толығымен сейілетін уағы да жеткен сяқты. Бірақ әлі де болса жаңағы Кондюрин мәселесі сияқты кейбір көзге ұрып тұрған қиянаттар жайында елге шындықты айтып, ақты-ақ, қараны-қара деуге асығатын ешкім көрінбейді. Мысалы, Зайсан шекара жасағының 90 жылдығына байлынысты 2014 жылы «Зайсанский пограничный отряд. (Летопись мужества и героизма)» деген аса көркем кітап шыққан екен. Сол кітапта В.Кондюриннің «ерлігі» сол қалпында беріліпті. Кітапты жасаушылар, әрине, бұрынғы деректерге сүйенген, өйткені, жұртшылық айтып жүрген ауызекі деректер әлі қоғамдық пікірге айналған жоқ. Кітапта 1931 жылы 8 маусымда бөлімше командирі сержант В.Кондюрин мен қызыл әскер Семен Петров қарулы қарақшылармен ұрыста ерлікпен қаза тапқаны жайында, осы ұрыс жөнінде егжей-тегжейлі жазылып, батыр шекарашылардың застава маңына құрметпен жерленгені айтылады. 1965 жылы заставаға МҚК-нің шешімімен В.Кондюриннің есімі берілгені және бар. Сол қалыппен В.Кондюринге күні осы уақытқа дейін ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Жаңағыдай жазбаша деректерде айтылғандай 14 «қарақшымен» атысып қаза табу, кез келген жауынгер үшін ерлік екені даусыз. Ал көнекөздердің айтуынша, сайланып шыққан бес қазақ азаматы Кондюринді аңдып жүріп қолға түсіріп, азаптап өлтірген. Қытай халқы өлген адам туралы «не жақсылық айт, не ешнәрсе айтпа» дейді екен. Әрине үйренетін өнеге, бірақ шексіз жауыздық жасағандарға бұл қағида жүрмейді. Халықтың жадында қалған тауқыметтің таңбасын қалай өшіресің? Кеңестік идеология қанша бұрмаласа да, ұлттың жанына түскен жараның тыртығы жазылмай-ақ келе жатқан жоқ па?..
ҚОРҒАНСЫЗ ЕЛДІҢ ҚЫРҒЫНЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІН ОЙЛАНДЫРМАЙ МА?
– Біз өткенімізді айқындап, болашақ үшін шынайы патриоттар тәрбиелегіміз келсе, ең алдымен осындай оғаштықтарды жойып, рухани шындықтың бетпердесін айқара ашуымыз керек. Осы ауылдың халқы, кәрі-жасы түгел Кондюрин жөніндегі ащы шындықты жақсы біледі. Жыл өткен сайын елдің оған деген өшпенділігі артып келе жатқанын да байқап жүрміз. Бірнеше рет Үкіметке жазбаша сұраныс та бердік. Ол жақтан «Заставаның атын өзгерту біздің құзырымызда емес, ол Қорғаныс министрлігінің құзырындағы мәселе», – деген жауап та алдық. Әрине, заңның аты заң, оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ бүгінгі ұрпақтың алдында өзімізді-өзіміз кінәлі сезінеміз. Олар бірдеңе сұраса, не шынымызды айта алмай, не жалғандықты жақтап шыға алмай қиналып қаламыз. Бүгінге дейін де, қазіргі таңда да ауыл жұртшылығы мен заставаның байланысы жақсы. Қолдау, көмек жасалып тұрады. Әсіресе, оқушылар үшін застава нағыз патриоттық тәрбиенің орны. Бірақ заставаның атауына келгенде балалардың алдында бетіміз күйеді. Өйткені, ел аузындағы шындықты балалар бізден де жақсы біледі. Олар үшін «Заставаға аты берілген адам кристалдай таза болуы керек». Олар бір ғана шындықты қалайды. Ендеше болашақ үшін біз қып-қызыл қиянат жасап отырмыз», – дейді Кондюрин заставасы орналасқан Ойшілік ауылдық округінің әкімі Серік Ығиев.
Заставаның өз басында да Кондюринге ерекше құрмет көрсетіледі. Оның есімі жеке құрамның тізіміне мәңгілік енгізілген. Казарманың төрінде В.Кондюриннің төсегі құрметті орынға, көтеріңкі текшенің үстіне қойылған. Шекарашыларға күнделікті жауынгерлік тапсырма берілетін салтанатты сап «Жауынгерлік есеп» деп аталады екен. Онда ең алдымен әнұран айтылып, одан кейін застава бастығы бәрінен бұрын ерекше салтанатпен: «Сержант Василий Кондюрин Мемлекттік шекраны күзету қызметіне тағайындалсын!» деп команда береді. Сапта тұрған алдыңғы қатарлы жауынгерлердің бірі: «Бөлімше командирі, сержант Василий Кондюрин Мемлекеттік шекараны күзету барысында ерлікпен қаза тапты!» – деп, одан да ерекше салтанатпен мәлімдейтін көрінеді. Әрине, бұл ерлік пен даңққа деген ерекше құрмет, жауынгерлікке, патриотизмге тәрбиелеудің ерекше үлгісі екені даусыз.
«Бұл барлық заставаларда бар, шекара әскерінде ерекше қалыптасқан дәстүр. Шекара қызметінде қазаға ұшыраған жауынгерлердің ерлігін үлгі етеміз, құрметтейміз, жас шекарашыларды ерлікке баулимыз. Бірақ өз басым заставаның атын өзгертуді қалар едім», – дейді осы заставаның қазіргі бастығы, аға лейтенант Жандос Кәженов.
Бір қызығы застава бастығының өзі де, оның қарамағындағы жауынгерлері де Кондюрин жөніндегі ел айтатын әңгімелерден тым жақсы хабардар болып шықты. Ендеше жаңағыдай салтанаттың бәрін олар жалғандықпен атқарып жүргені ме? Әскери тәртіпке қаныққан застава бастығы олай деп тура мәлімдемегенімен пейілінің басқа екені білініп тұрды. «Тіпті, шекарашы болмаса да, қазақта батырлар көп қой, солардың біреуінің атын берсе де болар еді», – деп қосты әскери әдептен озбаған жас офицер.
Шекараның шындығын көзімен көрген қариялардың бірталайын біз де жас күнімізде көрдік. Солардың көбі көргенін ашық айтудан бертінге дейін қорқатын. Енді олардың өкшесін басып бірге жасасқан қазіргі 80-90 жастағы ақсақалдар «Бұл Кондюриннің қылмаған қиянаты, салмаған лаңы жоқ қой», – деп отырады. Сол кездегі заставаның бастығы Богаревтың да, Кондюринмен бірге қаза болған Семен Петровтың да, басқа жауынгерлердің де шекарадағы қанды қырғындарға қатысы бары сөзсіз. Бірақ солардың арасында Кондюриннің есімі ерекше аталады. Ол жасады деген кейбір айуандықтарды айтуға аузың, жазуға қолың бармайды. Шынында, тұтастай бір ауылдың көшін оңтайлы жерден қоршап ап, қырып жіберу бір ғана адамның ісі емес шығар. Дегенмен, солардың арасында Кондюриннің әсіре белсенді болғаны даусыз.
ШАЛШЫБАЙ САЙЫНДА ШАШЫЛҒАН БАСТАР…
Ойшілік ауылының байырғы тұрғыны 80 жастағы Садуақасов Әділбек ақсақал да әңгімесін осы сарынмен бастайды: «1942 жылы бала кезімізде шекара түбіндегі Шалшыбай сайында бұзау бағушы ек. Сондағы ақжоңқа болып жатқан адам сүйектерінің көптігі сондай, аяқ алып жүргісіз деуге болатындай еді. Ересек адамдардың оқ тескен бас сүйектерінен бастап, баланың жұдырықтай бастары да шашылып жататын. Үлкендер күйлері келгенінше топыраққа жасыратын да, «Мұнда Қытайға өтіп бара жатқан бір ауыл бала-шағасымен түгел қырылған», – дейтіні есімізде қалыпты.
Кондюринді көзімен көргендердің бірі Жақыпов Нұрсолтан ақсақал дәл сол кезде, сол заставада ат бағушы болған екен. Өзі асқан мерген және жүректі де адам еді. Кейіннен Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Сол кісі: «Кондюриннің жауыздығына жаным түршігетін. Босқын халыққа жасаған қиянатына шыдамай, оны екі рет атып тастауға нақтылы бекінген болатынмын. Екі жолы да артымды ойлап, өзімді-өзім тежеп едім», – дейтін.
Қазіргі застава тұрған Тымырсық өзенінің аңғарында аласа жиылған үлкен-үлкен тас бейіттер бар. Сол жерде ұмытпасам Матайдың қызай елінен болуы керек, шекара аспақ болып бара жатқан бір ауылды тұтастай пулеметпен қырған. Олардың аңғарда көмусіз қалған мәйіттерін жергілікті халық топтап-топтап таспен бастырған екен. «Тура шекараға барып тірелетін «Бектұрдың тұйығы» деген сайда Мұрын елінің бір ауылы түгелімен қырғынға ұшыраған. Қара үңгірдің тұсындағы бір сайда осы елдің тағы бір ауылы тұтасымен қырылған», – дейтін сол заманның куәлары.
Әділбек ақсақалдың әңгімесін растаушылар да, толықтырушылар да көптеп кезігеді. Алматы облысының Жетіген ауылында тұратын 1946 жылы туған Ережепхан қажы Сәтенұлы «Осы Тарбағатайдан Қытайға қарай асып бара жатқан ауыл шекарашылардың тосқауылына тап келіп, үлкен-кіші, жас-кәрісі түгел қырылған екен. Содан, кездейсоқ тірі қалып, аман-есен Қытайға өткен жалғыз адам – менің әкем ғана еді», – дейді.
Шекарада болған қатыгездік жайында жазушы Ахмет Жүнісовтың «Нарынның суы қызарды» деген повесінде терең сайдың қыспағында өзенді бойлап түнеп жатқан бір ауылды қос пулеметпен шекарашылардың қалай қырғаны егжей-тегжейлі көркем баяндалады. Ал енді сайланып келіп, қапысын тауып Кондюринді өлтіріп кеткендер әлдебір қарақшылар емес, осы өлкенің азаматтары болғанына ешқандай талас жоқ. Солардың бірі Әбіш Шәріпов деген ақсақал 1990 жылы 92 жасында Сұлутал ауылына келіпті. Кондюринді атқаннан кейін Алтай өлкесіне өтіп кетіп, 60 жылдан соң оралған азамат жайында Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмаханнның «Ақсуат. Құнарлы топырақ, құдыретті ұрпақ» атты кітабында нақтылы айтылған.
Заңгер Иса Момбаев интернеттегі «Застава қандықол қарақшының атымен аталмауы тиіс» деген мақаласында сол кездегі шекарада жасалған қиянаттарды ашына жазады. Мақаласын: «Шекара бекеттеріміздің сол өңірді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаудан азат етіп, ұрпағына табыстаған Қаракерей Қабанбай, би Боранбай сияқты қол бастаған батырларымыздың аттарымен аталмай, Кондюрин сияқты қанішер, жауыздың атымен аталуы қазақ деген атымызға, намысымызға ұят, сүйекке таңба. Олар қырған қандастарымыздың аруақтарының алдында біз үшін кешірілмес күнә. Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы заңында белгіленген тәртіппен жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, аталған шекара бекетін қайта атау туралы мәселені шешетін кез жетті», – деп аяқтапты.
Осы пікірді толығымен қуаттап, құптай отырып, өткен тарихымызға, елдік намысымызға, болашаққа жасалып отырған осы бір өрескел қиянат сол қалыбында қалмаса екен, оған Алаш азаматтарының бірде-біреуі бейжай қарамаса екен деймін.
Т.Салқынбаев
Тарбағатай ауданы.