Қоғам

Концлагерьден жеткен суреттер

Ұлы Отан соғысы аяқталғалы 70 жыл өтсе де жырақта жүріп жер жастанған жауынгерлер есімі ұмытылған емес. Бүгінгі нөмірімізде архивтерден табылған шығысқазақстандық бірнеше боздақтың суретін ұсынамыз.
Газетіміздің өткен сандарында концлагерьлерде қаза тапқан жерлестеріміздің аты-жөндерін жариялаған едік. Қазір ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып тұрған кезі. Біз тізімде көрсетілген боздақтардың аты-жөндерін ғаламтор кеңістіктерінен қарай отырып, олар туралы тағы біраз мәліметтер таптық. Ресейдегі арнайы мамандандырылған «ЭЛАР» корпорациясы қолға алған іздеу жұмыстарының нәтижесін бүгінде www.obd-memorial.ru сайтынан іздеп табуға болады. Аталмыш сайтқа Ресейдегі Қорғаныс министрлігінің орталық ресми мұрағаттарынан сканерленген 13,7 миллион бет құжат орналастырылған.
Сайтта соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен қатардағы жауынгерлердің суреттері жоқ. Алайда, тұтқынға түскендердің бет-бейнесін сол кездегі неміс офицерлері түгелдей болмаса да, біршамасын суретке түсіріп сақтап қалыпты. Тұтқындағылардың әрқайсысына жеке карточка ашып, оған жауынгер туралы барлық мағлұматтарды тіркеген. Туған жері, ұлты, діні, бойы, терісінің түсі, мамандығы, ата-анасының аты-жөні, әйелінің есімі, тіпті, саусақ таңбасына дейін енгізген.
Карточкалар тұтқындардың айтуымен немістердің қолымен толтырылған. Сол себептен де көп есімдер мен елді мекендердің аттары мүлдем түсініксіз. Карточка толтырып отырғандар қазақ жауынгерінің аузынан не естісе, соны жазған болуы керек. Кейін құжаттар кеңес әскерінің қолына өткенде мәліметтер немісшеден орыс тіліне аударылып, тағы біраз өзгеріске түскен. Боздақтардың есімдері немесе ауылдардың аттары сәл басқаша болуы да мүмкін. Біз карточкада жазылған есімдерді шамамыз келгенше дұрыстауға тырыстық.

1. Жақыпов Еркімбек. 1904 жылы туған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Әскерге шақырылған жері Семей облысы, Калинин ауданы деп жазылыпты. Ауылының аты Елғонды деенге келеді. Тұтқында өлген уақыты 1944 жылдың 24-ші қыркүйегі.

2. Бейсенов Бөлебай. 1913 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Мамандығы мұғалім болыпты. Шақырылған жерін ШҚО, Ұлан ауданы, Хорошоха деп жазылған. Қаза тапқан уақыты 1942 жылдың ақпаны.

3. Қадырбаев Шәріп. 1919 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Әскерге Ақсуат ауданы, Үшарал ауылынан шақырылған. 1942 жылы тұтқында қаза тапқан.

4. Қанапин Дәулетхан. 1922 жылы туылған, Шар ауданы, Қызыл шетен ауылы.

Концлагерьден жеткен суреттер

Жеке карточкасында мамандығы мұғалім деп жазылыпты. Әкесінің аты Бектеміс. Әскери шені – мл-лт деп көрсетіліпті, яғни, офицер болған. 1942 жылдың мамыр айында Харьков түбінде тұтқынға түскен. Қаза тапқан уақыты 1943 жылдың мамыр айы.

5. Карпаев Сиезхан.1917 жылы дүниеге келген.

Концлагерьден жеткен суреттер

Әскерге Марқакөл ауданы, Горный ауылынан шақырылыпты. Тұтқында 1944 жылдың сәуір айында көз жұмған.

6. Қасымов Жақып. Туған жылы – 1913.

Концлагерьден жеткен суреттер

Жарма ауданынан шақырылған, ауылының аты түсініксіз жазылыпты (Абугзал дегенге келеді). Қаза тапқан уақыты – 1944 жыл.

7. Мамырбеков Секетай. 1903 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Тарбағатай ауданы, ауылының атын түсініп оқу қиын (Ласымск деп жазылыпты). Өлген жылы – 1944.

8. Мотышев Андырзақ (аты-жөні басқа болуы мүмкін). 1898 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Әскерге Зайсан ауданы, Зайсаннан шақырылған. 1943 жылы тұтқында өлген.

9. Нумербеков Жарқынбай (Яркинвей деп көрсетілген), 1925 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Әскерге Аягөз ауданы, Жаңауыл колхозынан шақырылған. 1944 жылдың қыркүйегінде қайтыс болды.

10. Нұрғазинов Сейілхан, туған жылы – 1903.

Концлагерьден жеткен суреттер

Жарма ауданы, Ақбұзау ауылынан әскерге шақыртылған. 1944 жылы қаза тапқан. Жұбайының есімі Ханжәмила дегенге келеді

11. Оразалинов Айтқали. 1903 жылы туылған.

Концлагерьден жеткен суреттер

Жұбайының есімі Захия деп жазылыпты. Мамандығы – кенші.
Соғысқа Марқакөл ауданы, Алексеевка ауылынан шақыртылған. 1944 жылы тұтқында көз жұмған.

12.Сағынғанов Есқали. 1901 жылы дүниеге келген.

Концлагерьден жеткен суреттер

Жұбайының есімі шамамен – Мағиза
Әскерге Зайсан ауданы, Қаратал ауылынан шақыртылған.

(Жалғасы бар)

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button