Экономика

Концессиялық жобаларға жергілікті инвесторлар неге қатыспай отыр?

Концессиялық жобаларға жергілікті инвесторлар неге қатыспай отыр?

Облыс басшылығы мемлекет пен бизнестің өзара серіктестігін тереңдету арқылы үлкен жобаларды қолға алуға бет бұрып отыр. Аталған жобалар «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен жаңа Жолдауда көрсетілген бірнеше міндеттерді орындауға мүмкіндік бермек.

Тиімділігі қандай?

Елбасы кезекті Жолдауында жаңа инвестициялық саясатты ұсынды. Жыл сайынғы экономика өсімінің бес пайыздық деңгейін қамтамасыз ету міндеті де тиімді ингвестициялық саясат негізінде орындалуы тиіс. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор» – деп атап көрсетті.
Елбасы жүктеген бұл міндеттерді орындаудың бірден бір жолы – концессиялық жобалар. Біздің облыста соңғы уақытта осы бағытта инвестиция тарту қарқын алып келеді. Дегенмен, концессиялық жобаларға көбінесе қаржылық әлеуеті жоғары инвесторлар ғана қатысып, жергілікті кәсіпкерлер тасада қалып отыр. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, концессионерлікке үміткерлер тізімінде жергілікті кәсіпкерлердің болуын қатаң талап ете бастады. Жергілікті іскер азаматтардың бұл жобаларға енжар қарауының бір себебі – концессиялық жобалардың тиімділігін түсініп болмауынан деп айтуға болады. Әйтпесе, концессиялық серіктестіктің екі жаққа да тиімді тұстары жетерлік. Мұндай жобалар инвесторға салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік кепілдік беру арқылы немесе жер телімдерін ұсыну арқылы келісімге келу түрінде жүзеге асады.
Осы аталған қатынастарды анықтайтын Концессиялар туралы Заң да бар. Аталған заңның 5-бабында келісімге сай жоба нысаны концессионердің уақытша меншігінде болатыны, меншік иесі оны пайдаланудан табыс табуға құқылы екені, мемлекет концессионерге шығынды толық өтемейінше, нысанға иелік етпейтіні жөнінде айтылған. Ал осы заңның 6-бабында концессия шартын iске асыру мақсатында концессионерге жер пайдалану құқықтарының берiлуi мүмкiн екені көрсетілген. 7-бап концессионердің шығын өтеудің жолдарын нұсқайды. Қаржы құюшы тарап өз шығынын концессия нысанын пайдалану арқылы өндірілген тауар мен қызметті өткізу нәтижесінде инфрақұрылым тартуға берілетін субсидия түрінде, бюджеттік заңнама аясында инвестициялық шығындарды өтеу жолымен, уақытша пайдалану барысында нысанды күтіп-ұстауға кеткен шығындарды қайтарту негізінде, нысанды басқарғаны үшін сыйақы түрінде және концессия меншігін жалға беру арқылы қайтара алады. Бір сөзбен айтқанда, концессионердің жобаға қаржы құя отырып, одан ешқандай шығынға ұшырамай, табыс табуы заң арқылы негізделген. Өкінішке қарай, талай кәсіпкерлер концессияның осы артықшылықтарына дендеп назар аудармай келеді. Мысалы, Өскеменде 300 орындық көпсалалы аурухананы, Семейде 200 орындық балалар ауруханасын салу және пайдалану жобасына оңтүстіккореялық, қытайлық, түркиялық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Бұл жобада концессия мерзімі 30 жыл деп белгіленген. Инвестор нысанды өз қаржысына салады. Салынған нысан коммуналдық меншікке берілгенімен, оны басқару құқығы қаржы құйған концессионерде қалады. 10 жыл көлемінде мемлекет концессионерге құрылыс шығынын біртіндеп қайтарып береді. Қаржы құюшы тарап шығынын толық қайтарып қана қоймай, қалған 20 жылда нысанды пайдаланудан табыс көре алады. Бұл жерде мемлекеттің мүддесі де сәтті қорғалып отыр. Ең бастысы, халыққа ауадай қажет әлеуметтік нысандар бюджет қаражатынсыз салынып, ел игілігіне қызмет етеді.

Біздің кәсіпкерлер жеке жүріп табыс тапқанды жөн көреді

Әрине, бұл жобаның құнын кез келген жергілікті кәсіпкер көтере бермеуі де мүмкін. Ондай кәсіпкерлер жекелеген балабақша құрылысы сияқты шағын жобаларға да концессионер ретінде қатыса алады. Бұған дейін осы мәндегі алғашқы келісім «Global Construction Technologies» ЖШС-мен жасалды. Аталған компания облыс орталығының Новая, Революционная, Бажов, Вострецов, Есенберлин, Өтепов көшелерінде алты бірдей балабақша салып, пайдаланатын болады. Жобаның жалпы құны 4,09 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, Семей қаласының Жангелдин, Энергетик, Глинка, Дачная, Рудная көшелерінде бес балабақша бой көтеретін болады. Концессионерлік құқыққа ие болған «Kaz-Azmeco» фирмасы бұл жобаға екі мрлд. теңгеден астам қаржы құймақ. Бұларға қоса Өскемен қаласында тағы бес бірдей балабақша салып, пайдалану жобасын жүзеге асыру көзделген. Жоба құны 3,3 млрд. теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы концессиялық жобалар әрбір балабақшаға жеке жүргізілетін болады. Себебі, бірнеше нысанның жобалық құны миллиардтаған теңгеге шығып, жергілікті кәсіпкерлер концессионер болу мүмкіндігінен қағылған болатын. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ концессияның қаржылық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге де қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін осындай тапсырма берген.
Тағы бір ойлантатын мәселе, біздегі кәсіпкерлер мемлекет араласқан жобаға бас сұққанша, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп, жеке жүріп табыс тапқанды жөн көреді. Ал шетелдік инвесторлар керісінше мемлекеттің қатысы бар жобаларға ғана ақша құяды. Егер облыс ұсынып отырған концессиялық жобалар тиімді болмаса, жұмсалатын әрбір доллардың желге ұшпайтынына көз жеткізбей келісімге отырмайтын Еуропа қайта құру және даму банкі Шығысқа ат ізін де салмайтын еді. Құны бір млн. доллардан асатын жобаның барлығын Лондондағы мамандары қадағалап отыратын қаржы алпауыты жалпы бағасы 20 млрд. теңгені құрайтын бес инфрақұрылымдық жобаға қаражат құйғалы отыр. Өскемен және Семей қалаларындағы су жүйесін жаңғырту жобаларына 5,6 млрд. теңге бөлінуі тиіс. Қос қаланың жарықтандыру жүйесін қуат үнемдеуші көздерге ауыстыру жобалары да еуропалық банк арқылы қаржыландырылмақ. Бұл банк Семейдің басты проблемасына айналған жылу жүйесін жаңғыртуға 12 млрд. теңге құюға келісіп отыр.
Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін алып көпір де концессиялық жоба негізінде салынуы тиіс. Құны 23,6 млрд. теңге болатын бұл маңызды жобаның сараптамалық қорытындысы шықпай отыр. Көпір су қоймасының оң қапталында қалған өлкелердің орталықпен байланысын жеделдетеді. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ көпірдің маңындағы жерлердің пайдалы қазбаларын барлауды тапсыруы да тегін емес.

Ертіс бойынан үшінші көпір салынады

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің аймақтық орталығы басқармасының төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов барлық аудан, қалалардан концессиялық ұсыныстар жинағандарын айтады.
-Жиналған 150 ұсыныстың 124-і іріктеліп, еуропалық банк назарына ұсынылмақ. Солардың ішінде Өскемен қаласында Ертіс арқылы өтетін үшінші көпір салу жобасы бар. Аталған көпір Виноградов көшесі мен Меновное ауылын тікелей жалғауы тиіс. Жобаның болжамды құны – 56 млрд. теңге. 124 жобаның 63-і ауылдық аудандарды көріктендіруге, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жылу және су жүйелерін жүргізуге қатысты. Банк бұл жобалардың ішінде көмірмен жылыту қазандықтарының болмауын, құны бес млн. доллардан артық болуын, барлығы бірегей орган арқылы жүргізілуін талап еткен. Ең бастысы, жобалар тізімінде облыстың барлық аудандары қамтылып отыр, – дейді орталық басшысы.
Қорыта айтқанда, қаржылық дағдарыс қос бүйірден қысқан тұста концессиялық жобалар арқылы мемлекет пен бизнес секторының серіктестік орнатуы екі тарап үшін де тығырықтан шығарар сенімді жол болмақ. Экономиканың инвестицияға икемделуін бірінші кезекте жергілікті кәсіпкерлердің тиімді пайдалануына мемлекет те мүдделі.
«Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер», – делінген Елбасы Жолдауында. Концессиялық жоба сол мүмкіндікті іске асыратын таптырмас тетік болып отыр. Осынау мүмкіндікті жергілікті іскер топтар іліп әкетсе, қанеки?..

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button