ТОП

«Қонақжай отбасы» жобасының аясы кеңейе түседі

Өңір тұрғындарының қолдауына ие болған «Қонақжай отбасы» жобасы енді барлық ауданда жүзеге асырылады. Ең әуелі, әрбір ауданның мүмкіндігі және оқытушылардың пікірі ескерілмек.
Бұл туралы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтылды.

– Біз оқу сапасын арттыруға, көптілділікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды жалғастыра береміз. Облыстағы ноу-хаулардың бірі – «Қонақжай отбасы» жобасына өзге өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Біз бұл жобаны келер жылы облысымыздың барлық ауданында жүзеге асыруға мүдделіміз. Бұл ретте әрбірінің мүмкіндігін, сондай-ақ педагогтардың пікірін ескереміз, – деді кеңесте сөз алған облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Естеріңізге сала кетейік, «Қонақжай отбасы» жобасы биыл іске қосылды. Жоба аясында оқушылар қазақ тілін үйрену үшін Катонқарағай ауданына демалысқа барды. Бес ауданнан жиналған 67 жасөспірім жиырма күн бойы ауылдағы отбасыларда тұрып, тіл үйренді.

– Әрбір күніміз қызыққа толы болды: оқу, экскурсия жасау, мұражайларға бару, фильм тамашалау, түрлі квесттер, би… Біз ұлттық тағамдарды дайындауды, құрт, бауырсақ пісіруді және ұлттық аспаптарда ойнауды үйрендік. Мен қонақта болған отбасы мал ұстайды екен, мен сиыр саууға да талпынып көрдім. Ауылда тек жиырма күн болғанымыз ғана өкінішті, мен жаз бойына қуана-қуана қалар едім, – дейді жоба қатысушысы Маргарита Проходова.

Тың жоба аясында балалар тіл үйреніп ғана қоймай, сол өлкенің табиғатымен, мәдениетімен етене танысты. Сондай-ақ спорттық жарыстарға қатысып, Ұлттық саябаққа және қазба жұмыстары жүріп жатқан Патшалар жазығын тамашалады.

Осы айдарда

Back to top button