Қоғам

Компьютерлік тестілеу біздің облыста ғана бар

Компьютерлік тестілеу біздің облыста ғана бар

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысын талқылаған жиында былтыр жөндеуден өткен жолдардың сапасы да сөз болды.
Әуелі облыс басшысы өңір спортына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Старковты 80 жасқа толуына орай марапаттады. Ардагер бапкердің спортқа сіңірген еңбегін ерекше атаған аймақ басшысы алдыңғы буын салып кеткен сара жолдың абыроймен жалғасатынына сенім білдірді.
Кеңесте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге бағытталған шаралардың атқарылу барысы жөнінде мәлімет берді.
Бұдан кейін «Қазавтожол» РММ басшысы Серік Ақтановқа былтыр жөндеуден өткен Өскемен-Риддер бағытындағы жолдың сапасын тексеру тапсырылды.
– Өткен жылы Риддер мен Өскеменнің арасын жалғап жатқан жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Барлық мердігерлер 3-5 жылдық кепілдік аясында өздері жөндеген жолдардың сапасын тексеріп шықсын. Өйткені, жолдың кей бөліктерінде жерасты сулары мен жайылма сулардың әсерінен бүлінген тұстар бар, – деді аймақ басшысы.
Орташа жөндеуден өткен облыстық маңыздағы жолдардың жағдайына да тоқталған аймақ басшысы Өскемен-Бобровка, Өскемен-Самар бағытындағы жөндеу жұмыстары жердің ойнамалылығы ескерілмей жасалғанын сынға алды. Жолдың тағаны тегістелмегендіктен жөндеу жұмыстары күтілген нәтиже бермеген.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қала жолдарындағы шұңқыр жөндеу жұмыстарын маусымның біріне дейін, облыстық маңызға ие жолдардағы шұңқыр жөндеу жұмыстарын шілденің біріне дейін аяқтауды тапсырды.
Қалаларды көгалдандыру жұмыстарын ширата түсу керектігін айтқан облыс басшысы бұдан былай көшені жарықтандыратын шамдар мен бағаналарды, көше орындықтарын ресейлік өндірушілерден сатып алмасақ та болатынын атады. Бұл өндірістер Өскемендегі «Қазцинкмаш» және «Востокмашзавод» зауыттарының базасында ұйымдастырылып отыр. Жергілікті өнімдердің көрші елдің бұйымдарынан сапалы екендігі де айтылды.
Биылғы оқу жылында облыс мектептерінен 8379 оқушы түлеп ұшпақ. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықованың айтуынша, солардың 5727-сі, яғни 68 пайызы ҰБТ емтихандарына қатысады. Қалған түлектер он бір жыл бойы сіңірген білімдерін дәстүрлі емтихан арқылы дәлелдеуге ниетті. ҰБТ тапсырушылардың 67 пайызы қазақ тілінде сынақтан өтсе, 33 пайызы орыс тілінде білімдерін дәлелдейді.
ҰБТ тапсырушы түлектердің үлесі жөнінен Аягөз, Абай, Зайсан сынды аудандар 80 пайыздық межені бағындырып отыр. Ал Бородулиха, Шемонайха, Риддер түлектерінің 60 пайыздан астамы ҰБТ-ға қатысуға құлық танытпаған.
Биылғы оқу жылын 402 түлек «Алтын белгімен» аяқтауға үмітті. Үздік түлек атануға үміткерлер саны бойынша Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданы алдыңғы орында тұрса, Ұлан ауданы мен Курчатов қаласында небәрі екі оқушы ғана «Алтын белгі» атағын қорғап қалуға талпыныс білдіріп отыр.
Жалпы білім сапасы бойынша да Абай және Аягөз аудандарының өзгелерден көші озық. Бұл тізімнің соңында Бородулиха, Ұлан аудандары мен Семей, Курчатов қалалары жайғасқан.
Сынама тестілеу нәтижелері бойынша облыстың орташа көрсеткіші 80,8 балды құраған. Әзірге Үржар, Абай аудандарының аяқ алысы жаман емес. Ал Риддер, Шемонайха, Катонқарағай аудандарының түлектері сынама тесте ең төменгі нәтиже көрсетіп келеді.
Биылғы ҰБТ-ның басты жаңалығы деп компьютерлендірілген тестілеу орталықтарын айтуға болады. Мұндай орталық республика бойынша тұңғыш рет біздің облыста ашылып отыр. Айжан Садықованың айтуынша, қазірдің өзінде білімін осы тәсіл арқылы дәлелдеуге 150-ден астам түлек өтініш берген. Тестілеу жұмысын компьютер атқаратындықтан бұл жүйеде адам факторы жоқ. Сәйкесінше тестілеу нәтижесі барынша ашық әрі әділетті болады деп күтілуде. Бұл орталық 1000 баланы қабылдай алады. Жыл бойында жұмыс істейтіндіктен қалаған оқушы өзінің дайындығын тестілеу орталығына онлайн режимде тест тапсыру арқылы тексере алады. Ең бастысы, тестілеу нәтижесі емтихан бітісімен бірден белгілі болады.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде ҰБТ нәтижелері бойынша ең төменгі орында қалған 50 мектеппен жеке жұмыс жүргізілген. Соның нәтижесінде «сәтсіз елуліктің» 38-інде өсу байқалған. Қалған 12 мектеп өкінішке қарай, кері кеткен үстіне құлдырауда. Бұл тізімге Зырян ауданынан екі, Риддер қаласынан екі, Семей қаласынан бес, Өскемен қаласынан үш мектеп енген. Бүгінгі таңда осы кері кеткен 12 мектептің басшылығымен тиянақты жұмыстар жүргізілуде.
Облыс басшысы қала мектептеріндегі білім сапасының мардымсыздығына алаңдаушылық білдірді.
– Өскемен мен Семейде, Курчатов пен Риддерде ауыл мектептеріне қарағанда әлдеқайда жақсы жағдай жасалып отыр. Соған қарамастан білім сапасы төмен күйінде қалған. Аталған қалалардың білім басшыларының өз қызметіне лайықтылығын қарастырып, атқарған жұмыстары жөнінде есебін тыңдап көруіміз қажет. Ал білім басқармасы тарапынан аталған аудандардың білім беру саласына терең талдау жүргізілсін, – деді аймақ басшысы.
Компьютерлендірілген тестілеу орталығының сәтті жоба екенін атаған аймақ басшысы мектептерде қазақ, ағылшын және орыс тілдерін бірегей жоспармен оқытудың артықшылықтарына да тоқталды.
– Біз қазақ мектептерінде орыс тілін Камраеваның әдістемесімен, орыс мектептерінде қазақ тілін Оразбаеваның әдістемесімен, ағылшын тілін «Кембридж» технологиясымен меңгерту тәсілін таңдап отырмыз. Облыстағы тіл мұғалімдерінің барлығын тестілеуден өткізіп көрдік. Нәтижесі күткеніміздей болды. Ағылшын және орыс тілі мұғалімдерінің білім сапасы сын көтермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жазғы демалыстың бір айында 3 мыңнан астам тіл мұғалімін қайта оқытамыз. Бізге оқушыларға білім беру әдістемесімен қоса мұғалімдерді қайта даярлау әдістемесін жетілдіру қажет, – деген аймақ басшысы өткен жылы аттестациядан төмен нәтижемен өткен лицей, гимназиялардың ескертулерден шығарған қорытындысын бақылауды тапсырды.
– Аттестациядан ақсаған 11 білім ошағындағы жағдайды түзеуге тиісті қала мен аудандардың әкімдері уәде берген болатын. Сол уәденің қаншалықты орындалғанын тексеретін кез жетті, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Жиын соңында облыс басшысы әріптестерін мемлекеттік сатып алу конкурстарына сенімсіз мердігерлерді өткізбеуге баса мән беруді тапсырды. Конкурсқа қатысушылардың тізімін мұқият тексермеудің салдарынан көптеген жобалардың бірнеше жылға кешіккенін мысалға келтірген аймақ басшысы мемлекеттік кіріс қызметінің мамандарын, жобаға тапсырыс берушілерді жауапсыз мердігерлерге қарсы батылырақ қимылдауға шақырды.
– Мысалы, денсаулық сақтау саласында 400 млн, теңгенің салығынан жалтарып жүрген мердігер конкурстарды ұтып келген. Осыған ұқсас жауапсыздық салдарынан Зыряндағы сауықтыру орталығының құрылысы бірнеше жылға созылғанын білесіздер. Мұндай жауапсыз компанияларға қатысты батыл ұстанымда болып, заңсыз әрекетіне көз жұмбай, сотқа беріп отыру керек, – деді обыс әкімі.

Есімжан Нақтыбай

Осы айдарда

Back to top button