COVID-19 

Компьютерлік томографиядан кедергісіз өтеді

Облыс орталығында компьютерлік томографиядан өту кезінде біраз қиындықтар орын алғаны белгілі. Қазір жағдай түзеліп келеді. Коронавируспен сырқаттанған науқастарға облыстық ана мен бала орталығында, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында арнайы КТ аппараттар бекітілген.

-Біздің орталықта екі КТ аппараты бар, оның біреуі ковид жұқтырған науқастарға қызмет көрсету үшін арнайы бөлінді. Заманауи аппарат 128 кескінді, диагнозды асқан дәлдікпен анықтайды, – дейді облыстық ана мен бала орталығының директоры Ермек Сембайұлы.

Шынында да, бүгіні таңда вирусты пневмония диагнозын анықтауда КТ аспабы ең тиімді әрі қолайлы. Аппарат өкпенің қай жері, қанша пайыз зақымданғанын көрсетіп береді. Ана мен бала орталығында тәулігіне сексенге тарта науқас осы аппараттың қызметін пайдаланады. Өскемен қаласынан басқа Риддер қаласының, Ұлан, Шемонайха, Тарбағатай аудандарының тұрғындары да осы жерге бекітілген.

-Олар бізбен хабарласып, уақыттарын біліп алады. Артық кезек тудырмас үшін науқастарды белгіленген кесте бойынша жеткізеді. Бір адамға 15-20 минуттай уақыт кетеді, – деп түсіндірді орталық директоры.

Бұл екі орталықтан басқа 15 қарашадан бастап облыстық мамандандырылған хирургиялық орталығы да осы қызмет түрін көрсете бастайды. Емдеу ұйымының сынып тұрған КТ аппараты жөнделіп, іске қосылуы тиіс екен.  Сонымен қатар таяуда облыс орталығында коронавируске шалдыққан науқастарға арналған ең заманауи кешен іске қосылады деп күтілуде. Бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, оттегі станциясымен, өз зертханасымен, КТ аппаратымен, басқа да заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр. Сол себепті алдағы уақытта компьютерлік томографиядан өтуде қолайсыздық жойылады деп үміттенеміз.

Айна  Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button