Қоғам

Комплаенс институтын дамыту керек – ШҚО

ШҚО-ның денсаулық сақтау мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша семинар өтті. 

Антикор орталығында өткен семинарға облыс ауруханалары мен емханаларының бас дәрігерлері мен комплаенс-офицерлері қатысты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Семинар барысында комплаенс офицерлерінің қызметін ұйымдастыруға қатысты және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу кезінде туындайтын мәселелер талқыланды.

-Квазимемлекеттік сектор – елдің негізгі тірегі және мемлекеттік активтерді басқарудың маңызды саласы. Сондықтан квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын дамыту және қолдау өте маңызды, мұнда, ең алдымен, ұйым басшыларының өздері қызығушылық білдіру қажет, – деп атап өтті ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аға офицері Гүлнұр Бекбаева.

Семинар барысында қатысушылар комплаенс институтын дамытудың заңнамалық негіздерін талқылады. Ағымдағы жылдың 31 наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережені бекіткен болатын, ол іс жүзінде комплаенс мамандары үшін үстел кітабы ретінде қызмет етеді.

Комплаенс-мамандардың біліктілігін арттыру және комплаенс-офицерлердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осы мәселе бойынша ТБН-4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» жобалар тобының жетекшісі Елена Карпова әрбір жобаға жеке тоқталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу әдістемесін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

ТБН-4 жобалар тобының әкімшісі Жандос  Қабдоллинов ТБН-4 жобасы бойынша тапсырмаларды орындаудың алгоритмдерін түсіндірді.

Семинар соңында қатысушылар “ашық микрофон” форматында өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және спикерлерге қызықтырған сұрақтарын қойды.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button