Коммуналдық қызметтерге қарыз көп
Риддерде тұрғындардың коммуналдық қызметтерге берешегі азаймай тұр. Осы мәселеге қатысты қала әкімі А.Генрихтың тапсырмасына орай қарыздары көп кәсіпорын қызметкерлерімен кездесулер өтті.
Қалалық ауруханада болған кездесуге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Алмас Әбдікәрімов, «КМЭП» кәсіпорнының бастығы Серік Рыспеков және «Ертіс-Астана» ҚК-ның бастығы Қайырбек Құсайынов қатысты. Кездесу барысында қалалық аурухана қызметкерлеріне қарыздарды төлеу туралы өтініштер айтылды.
«КМЭП» кәсіпорнының қызметкерлері қарызданған тұрғындардың үйлерін аралап, тұрақты жұмыс жүргізуде. Жұмыс істейтін адамдардың кәсіпорындарына шағым түсіріп, еңбекақы мөлшерінен ұстап қалу арқылы қарызды қайтаруға болады. Бұдан қиыны жұмыс істемейтін адамдардың мәселесі болып тұр. Бүгінгі таңда «КМЭП» кәсіпорнының барлық қарызы 17 миллион теңгені құрайды.
Ал «Ертіс-Астана ҚК» ЖШС-ның қала тұрғындарынан алатын 19 миллион теңге көлемінде қарызы бар. Бұл қарыздардың бәрі төленгенде әрбір коммуналды мекеме өз қызметтерін толық жүргізе алатын еді, бірақ қалада бұл мәселе әзірге басы ашық күйінде қалып отыр.