Коммуналдық қызмет көрсетуге орай келісімшарт жасалады

Қарағайлы – жаңадан салынып жатқан ықшам аудан. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған бірегей жоба. Сондықтан аймақ басшысы Семей қаласына келген әр сапарында тұрғын ауданда болып, көпбалалы аналарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстайды, «Абай-Арена» кешенінің құрылыс жұмыстарына тұрақты бақылау жасайды.
Жаңа аудан болғандықтан, бұл жерде көптеген дүниелер жаңадан қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда елді мекенде көптеген тұрмыстық мәселелерді шешу қажет. Тұрғындармен болған кездесуде қала әкімі Ермак Сәлімов ықшам ауданның тұрғындарына көптеген жайтты түсіндірді. Олар өз сұрақтарына нақты жауап алды.
– Ықшам ауданымыз көрікті болуы керек. Осы кездесу барысында алаңдарға, аулаларға қатысты және басқа да барлық туындаған мәселелерді жиынға қатысып отырған бөлім басшыларының қатысуымен шешеміз. Мұнда «Арбат» салынады. Онда жаяу жүргіншілер аймағы, велосипед жолдары, жақсы ландшафтық жарықтандыру болады. Қарасаңыздар, міне әдемі субұрқақ, одан әрі Мұз сарайы, сосын «Абай-Арена» тұр. Мәдени-спорт кешенінде бассейн жұмыс істемек, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов. – Сіздердің балаларыңыз сол жерде шұғылданады. Олардан Әлем чемпиондары шығады деп үміттенемін. Бұл жерде қоғамдық келісім комитеті мен ақсақалдар кеңесі жұмыс істесін. Қаламыздың көрікті келбетін сақтауға бірге жұмылайық. Қоқыс жинау, дүкендер мәселесіне келсек, бұларды уақытша іске қосып отырмыз. Себебі адамдарға азық-түлік қажет. Кейін бірінші қабаттарда дүкендер, дәріханалар, тағы басқа да әлеуметтік қажеттіліктерді нақты ұйымдастыратын боламыз.
Әкімшіліктің қатысуымен болған осы жиынның өтуіне тұрғындар өтініш жасаған. Оған шағын ауданның ең жас тұрғындарының тәртібі мен тәрбиесі себеп болған. Әйелдердің бірінің айтуынша, жасөсіпірім балалардың мінез-құлықтары өте нашар. Көшеде былапыт сөйлейді. Әйелдің тиісті ескертуіне құлақ аспаған жасөспірім балалар оны қорқытып, ол полиция шақырған. Полиция қызметкерін де 40 минут күтуге тура келіпті. Өйткені тұрғын ауданда полицияның арнайы бекеті жоқ. Ол да сырттан шақыртумен келеді. Тұрғындардың айтуынша, мұнда көпбалалы отбасылар көп тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған. Десек те, олардың жасөсіпірім балалары да өз міндеттерін, тазалық мәселелерін білгені жөн.
– Мұнда 87 бала тұрады, – деді жиынға қатысушы Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко. – Негізінен бұлар қаладағы № 8, 9 және 15-ші мектептің оқушылары. 60 бала балабақшаға барады. 87 баланың барлығы тәртіпсіз деп айта алмаймын. Мүмкін сырттан келгендер шығар. Сонымен қатар мектептерде тәртіп ережелері туралы үнемі айтылады. Дегенмен, келесі аптадан бастап біз мектептерде «Құқықтық тәртіп» акциясын өткіземіз. Әр баламен жеке сөйлесеміз. Тазалыққа, мәдениетке, тәртіпке қалай қарауға болатынын көрсетеміз. Бірақ ең бастысы, ата-аналармен жұмыс істеу керек. Өйткені барлығы отбасына байланысты, бірінші кезектегі тәрбие ата-аналардан болуы тиіс.
Ал тұрмыстық мәселелерге келер болсақ, тұрғындар негізінен жуықта қоныстанған. Көп адамдар пәтерлерінің әлі күнге дейін құжаттарын алмаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев бұл құжаттардың дайындалып жатқанын айтты. «Семей Водоканал», «Теплокоммунэнерго», «Семей Тазалық» секілді коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарымен келісімшарт жасалынады. Компания өкілдері барлық пәтерлердің тұрғындарымен кездеседі.
Жиынға қатысқан тұрғынның бірінің айтуынша, үйдің ішкі және сыртқы жақтарынан жарық пайда болған. Бұған «Азия» құрылыс компаниясының өкілі жауап берді:
– Құрылысты салушы компания жаңа үйлерге үш жыл кепілдік береді. Бұл жердің топырақ ерекшеліктеріне орай, үй шөгіп, жарықтар пайда болуы мүмкін. Бізге ресми өтініш жазыңыздар. Мамандар барып, кем-кетігін жөндейді,- деді компания өкілі.
Кездесуде сонымен қатар жылу мен судың есептеу құралдары, аумақты абаттандыру, телекоммуникация жұмыстары бойынша да сұрақтар қойылды. «Ақылды» домофондар мен жеделсатылардың қызметіне қатысты өтініштер де назарға алынды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.