Комхоз барда ешкім қарға қамалмайды
Биылғы қарлы қыстың ауыл тұрғындарын әбден қажытқаны шындық. Қазанның ортасынан бастап жауған қар әлі күнге толастар емес. Екі күннің бірінде жол жоқ, «ана жерде сонша көлік, мына жерде мұнша халық қамалып жатыр» деген хабарлар күнделікті үйреншікті жайға айналып кеткелі қашан. «Күрей-күрей, төңіректе қарды үйетін жер қалмады» деген сөзді бүгінде әркімнің аузынан естисің.
Осынау жауапты кезеңде күршімдіктердің бірден-бір үміт артатын мекемесі аудан әкімдігінің «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып отыр. Жұрт бұрынғыша «комхоз» деп атайтын осы кәсіпорынның жұмысшылары бүгінде күн-түн деместен бел шешпей еңбектеніп, нағыз ерліктің үлгісін көрсетуде. Бір кезде шаруасы шайқалыңқырап кеткен комшардың тізгінін іскер басшы Ж.Қарағызов қолға алғаннан бері мұнда бірқатар жаңарулар мен өзгерістердің айқын байқалып, жұмыс қарқынының ширай түскені көзге ұрып тұр. Қар төпелеп жауып тұрған шақта көшелер бір күн тазаланбаса, жұрттың сергелдеңге ұрынып, сеңдей соғылысатыны рас. Сондықтан да мұны қазіргі кездегі ең басты шаруа деп атаған дұрыс болады.
– Күршімнің көшелерін техникаларымыз таңғы сағат төрттен тазалай бастайды, – дейді Жұматай Сәйпішұлы. – Сонымен бірге, бізге Бесжылдық – Бірлік – Сарыөлең, Қаратоғай – Ақши, Күршім – Қайнар – Қарабұлақ, Күршім – Алғабас, Күршім – Топтерек сияқты бағыттар қарайды. Осы жолдардың жалпы ұзындығы 208 шақырымды құрайды. Комшарға қарасты жолдарды жазда, қыста қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ақша бөліп отырады.Үстемелеп жауған қардың салдарынан жоспарлы жанармайдың шығыны әлденеше есеге артып, қаражат жетіспеуде. Дегенмен, жоқтан бар жасап, жұмысты ақсатпауға күш салудамыз.
Ал бұл кәсіпорынның аудан орталығындағы, ауылдардағы су құбырлары мен кәріз жүйелерінің жұмысына, су тазартатын қондырғылар мен сорғылардың ақаусыз жүріп тұруына тікелей жауап беретінін айтар болсақ, ұжымға артылатын міндеттің қаншалықты деңгейде екендігін айқын ұғынуға болады.
Комшардың техникалық паркінде қытай өндірісі шығарған екі-екіден қуатты тиегіш трактор, «Шантуй» маркалы бульдозер, КАМАЗ автокөлігі, экскаватор, бір автогрейдер, КАМАЗ көлігіне орнатылған манипулятор бар екен. Сондай-ақ, қоқыс таситын, лас суды соратын автомобильдер, бір МТЗ-82, бір Т-40 доңғалақты тракторлары мен «Газель» көлігі әрдайым жол үстінде.
– Осылардың көпшілігі жарамсыз болып тұрған техникалар еді, – деп сөзін жалғады директор. – Ойдан-қырдан қосалқы бөлшектерін тауып, сатып әкеліп, түгелдей іске қостық. Қазіргідей қиыншылық кезеңде барлығы бірдей кәдеге жарап, өзіне тиесілі міндеттерін атқарып жатыр.
Аудан орталығында коммуналдық шаруашылыққа қарасты 12 пеші бар үш қазандық жұмыс істейді. Олар бірқатар мекемелерді, сол төңіректегі тұрғындарды жылумен қамтиды. Директор солардан түсетін төлемақының айта қаларлықтай пайда әкеліп отырғанын айтады. Әсіресе, қосалқы бөлшек сатып аларда, еңбекақы төлейтін кезде шаруашылық осы қаражатқа арқа сүйейтін көрінеді.
– Бір жерде жол болмай, жұрт қамалып қалса, ол жаққа міндетті түрде біздің жұмысшыларымыз аттанады, – дейді кәсіпорын басшысы. – Қар құрсауын бұзып, тығырыққа тірелген көліктер мен адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, олардың одан арғы тағдырына да жауап беретін, негізінен, біздің ұжымның мүшелері. Ал еңбеккерлеріміз уақытпен санаспай, қиындыққа мойымай, барынша табандылықпен әрі саналылықпен тер төгуде. Олардың ішінен бөле-жара атайтын болсам, ауызға алдымен КамАЗ көлігінің жүргізушісі Қойшыбаев Қайраттың, тиегіш техникамен өнімді жұмыс істеп жүрген Асипов Өміртайдың, Базарбаев Жарқынның есімдері ілінетіні шындық. Экскаваторшы Қоғабаев Бейбіт, тракторшы Букетов Данияр, «Газель» көлігінің жүргізушісі Асипов Досым сияқты азаматтар әрдайым сенім үдесінен шыға білуде. Осындай еңбекқор жігіттер барда ұжымның көздеген межеден көрініп, артылған міндетті абыроймен ақтай беретініне сенулеріңізге әбден болады.
Осылай деп ағынан жарылған Жұматай Сәйпішұлының сөзіне илана отырып, оған және ол басқарған ұжымға «ел-жұрттың сенімінен асқан абырой жоқ, әркез сол абыройлы биіктен көріне беріңдер», – деген шынайы тілегімізді білдіріп, жылы қоштастық.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.